- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Баланың жан дүниесі...
Баланың жан дүниесі
Университетте оқыған жылдарымыздағы психология сабағын еске алсам, еуропалық ұлы педагогтердің туған жылы мен кітаптарының атын жаттаумен өтіпті. Баланың жан дүниесінде болатын түрлі ауытқулармен мүлде таныс емес екенбіз.
Баланың жан дүниесіне шынымен мән берсек, оның бұзылуының себебі түрлі-түрлі екенін білер едік. Мысалы, бір бала бар тынышсыз. Партасынан белгілі мақсатсыз-ақ тұрып кете береді. Тіпті беті ауған жаққа қарай жүгіре жөнеледі. Ескертуге назар аудармайды. Тіпті дөрекі мінез көрсетеді, тәртіпке көнуі қиын. Ал оның ауытқуы екенін білмей, ұрса берсең, «бұзықтығын» бұрынғыдан да көбейтіп, тіпті үйден де қашып кетуі мүмкін.
Бір қыз баланың аянышты жағдайын естідім: Жайшылықта жақсы сөйлейді, билейтін де өнері бар. Ал сабақ айтуға келгенде, аузын біреу буып қойғандай, даусы шықпайды. Мұғалім қанша ұрысса да, ақ тер, көк тер боп ақыл айтса да, сөйлемейді. Сөйлегісі келсе де, неге екені белгісіз, үні шықпайды. Қанша дайындалып келсе де, айта алмайды. Ал осының жүйке ауруы екенін мұғалім білген жоқ. Баланың қырсықтығын «түзеу үшін» қанша еңбегін зая кетірді. Өз жүйкесін құртты. Бұрын да бір мектептен ауысып келген қыз тағы да басқа мектепке ауысуға мәжбүр болыпты. Баласының ауруынан хабарсыз ана байғұстың тапқан амалы сол-ақ болса керек.
Психологке көрсетсе, тез-ақ айығып кетпекші, мутизм деп аталатын бұл ауру, мектептегі, отбасындағы күнделікті мезі қылған ескерту, ұрсуға баланың іштей қарсылығы ретінде пайда болады екен. Өзіне түсініксіз себеппен тілі байланып қалуды логофобия (сөйлеуден қорқу) дейді екен. Ондайда ойын басқа жаққа аударып жіберсе, қайтадан сөйлеп кете алады.
Кейбір бала өзін әділетсіз жазалаған мұғалімнің алдында ешбір сұрағына жауап бермей, сағаттап үнсіз тұра береді. Сөйтіп жүріп бұйығылыққа, көңілсіздіктің тереңіне түсіп кетуі мүмкін. Мұндай балалар мейірімді қарым-қатынасты, уайымнан ойын бөліп, көңілдендіретін жағдай жасауды керек етеді.
Өзінен-өзі уайымға салынып, қай-қайдағыны ойлап, іштей көп қайғыратын бала аутизм деген ауруға ұшырайтын көрінеді. Ол балаға шаршаған мұғалімнің намысқа тиетін сөз айтып ұрысуы, өзі ұнатқан қыздың қарамай қоюы, біреудің мазақтауы, нашар баға алуы, өзінің бет-әлпетіне көңілі толмауы, әйтеуір ұсақ-түйектің бәрі қайғы болып көрінуі мүмкін. Баланың жан өзгерісін байқап, дер кезінде көмекке келмесе, сырқатқа ұшырайды.
Енді жасампаз баланың мінезіне келейік (шизойдтік тип). Оның барлық сабаққа бірдей ықыласы бола бермейді. Өзін қызықтыратын сабақты ғана беріліп тыңдайды. Сылбыр, көбіне өз ойымен өзі әуре. Сабақты сұрай қалғанда, тез жауап бере қоймай күйдіреді. Асықпай ойлануға, өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік берсе ғана ашылып сөйлей алады. Киімін тап-тұйнақтай қылып жүруді қанша талап еткенмен, орындалмайтынына сене беріңіз. Бірақ оның табиғатында не өнерге, не ғылымға, тағы бірдемеге айрықша қабілеттілік болады. Дүниеге ұлы жаңалық әкелетіндер осындай баладан шығады. Ал мектепте баланың әлгіндей табиғи ерекшелігін ескермей, жан-жақтан қамшылай берсек, не болмақ? Сабақта тез жауап беру, барлық пәнге бірдей ықыласты болу, ұқыпты киіну дегендердің басқа оқушыға жарамды болғанмен, бұл баланың табиғатын мүлдем қарама-қайшы талаптар. Сөйтіп, талантты баланың бір бағыттағы терең ізденісіне мүмкіндік берудің орнына, әрқайсымыз бір ұрысып, жекумен барлық сенімін айырмақпыз. Мұғалімнің айтқанына сеніп, өзінің басқалардан төмен екенін мойындап, іштей уайымға түсуден жан дүниесі ауытқуға ұшырауы мүмкін.
Отбасында дұрыс тәрбие алмай, бетімен өскен, рухани жағынан құрдастарынан артта қалып қойған балалардың мектептегі жағдайы тіпті қиын. Олардың үй іші ұрыс-керіс, ішімдікке үйір. Осындай бір баланың аянышты халін айтайын:
Өзі көп балалы үйде өскен. Отбасында тыныштық, дұрыс тәрбие жоқ. Әкесі балаларын, әйелін жөнсіз ұрып-соғады. Шешесі болса, тірліктен ешбір рақат көрмегеніне ызаланып, наразылығын баласынан алады. Баланың өзі 15-16 жаста болса да, ойлау, іздену қабілеті төменгі сатыда қалып қойған. Сабақты түсінбейді, сондықтан ықыласы жоқ. Екі жыл орнында отырып, өзінен кіші балалармен оқығандықтан, басқа балалар арасында беделден жұрдай. Мұғалімдер жағы да ұрсудан аянбағандықтан, оқушылар да мазақтаудан қалыспайды. Үйіндегі жағдай тағы белгілі. Тіпті екі арадағы қайшылықтың шегіне жеткені сондай, бір жолы оқушылар ешбір себепсіз жабылып ұрған (балалардың ерлік, мықтылық туралы дұрыс ұғымы қалыптаспағанда, өз «мықтылығын» әлсізге күш көрсету арқылы дәлелдейді). Оқуға екі қабілеті, ықыласы жоқ оқушыларды кластан-класқа күштеп сүйреп, екі жақтың жүйкесін тауысып, баланың намысын таптағанша, негізгі сауатын ашқаннан кейін өзінің шамасы келетін жұмысқа орналасуға көмектеспейінше, олардың өмірі әлгіндей болмақ.
Автор: қазақтың көрнекті ғалымы,
ф.ғ.д., профессор Алма Қыраубайқызы
Сурет: Massaget.kz
Қ. Бүйенбай