Бала мектептен емес, мектепке дейін білімнен хабары болуы керек. Санау, жазу, бояу, ойлау, құрастыру секілді жеңіл істерді мектепке дейін біліп барғаны жақсы. Ол үшін баланы арнайы курстарға жаздырудың қажеті жоқ. Бұл істерді кішкентай балаға сабақ деп емес, ойын ретінде ұсынған тиімді. Өйткені, әлі тақта көрмеген бала ойыннан ажырай алмайды. Сол үшін сабақты баланың тілінде – ойын тілінде үйреткен дұрыс. Олай болса, сіздерге мынадай кеңес ұсынамыз.
1. Санаудағы алғашқы қадам
Баланы тәрбиелеуде, оқу-білімге шақыруда еңбектер жазған Мадлен Денидің тәжірибесінде 1-ден 10-ға дейінгі сандарды жаттауда мәнадай әдіс бар екен. Кешенді жаттығудың алғашқы сатысында алдымен бір санды жазасыз. Бала бұл санның түрін жаттап алуға тырыссын. Жанына 1 санын жазып, оның қасына бір-ақ заттың суретін салыңыз, мысалы, бір жапырақ, жанына «бір» деп сөзбен жазыңыз. Кейін бала саусағымен «бір» санын көрсетсін. Осыдан кейін шағын сызба жасаңыз, бір гүл, бір терек, бір күшік, бір мысықтың және 3 жұмыртқа, 4 алма, 2 кітаптың суретін қатар салыңыз. Бала сол суреттердің арасынан 1 дана затты тауып, өзге сандардан ажырата алатын болады.
2. Жазуға алғашқы қадам
Ақ парақтың төменгі бөлігіне түрлі түсті дөңгелектер салып, ішін бояңыз. Ал бала сол дөңгелектердің түсін қарындаштан тауып, қарындашпен дөңгелектен бастап сызып шықсын. Бұл түстерді тануға әрі қолды жазуға үйретуге көмектеседі. Кейін қозының суретін салдырыңыз. Оның терісін бұйралап, салуын сұраңыз, көбелек салдырыңыз – бастысы суреттеп салған бейнесінде әріптерге ұқсас детальдың болуын қадағалаңыз. Мысалы, қозының терісін салғанда, «о» әрпін, көбелекті салғанда «з» әрпін елестете алуы керек.
3. Логикаға алғашқы қадам
Параққа дөңгелек, квадрат, үшбұрыш, төртбұрыш секілді түрлі геометриялық фигураларды салыңыз. Ал бала осы фигуралардың қатыстырып, үй, көлік немесе басқа бір нәрсенің суретін салып көрсін.
4. Психологияға алғашқы қадам
Ол үшін көптеген шеңбер мен сопақшалардың суретін салуыңыз керек. Ал бала сол дөңгелектерге көздің, қастың, ерін мен мұрынның «бейнесін» салып көрсін. Олардың көңіл-күйін де айтып берсін. Балаға неше түрлі ситуациялық жағдаяаттарды айтып көріңіз. Ал бала сол уақытта қандай күйде болатынын бейнелеп берсін. «Саған ит үрсе, не істейсің?», «анаң сыйлық сыйласа қуанасың ба?» деген секілді жағдайларды мысалға келтіріп көріңіз.
5. Идеяға алғашқы қадам
Параққа білінер-білінбестей етіп дөңгелекшелер салыңыз. Оны балаға ұсынып, сол дөңгелекшелерді байланыстырып, көбелектің қанатын, гүлдер, қар, тамшы секілді басқа заттарды салуын сұраңыз.