Дәл қазіргідей технологияның қарыштап дамыған уақытында үлкендер түгілі, баланың кітап оқымау қаупі туындағанын жоққа шығара алмаймыз. Бүгінгі таңда балалар бос уақыттың жетіспеуінен ерте даму мектебіне, әртүрлі секциялар мен студияларға, үйірмелерге барғаннан еш зардап шекпейді. Мұның бәрі жақсы, әрине. Десек те баланы ең бірінші кезекте кітапқа қызықтыра білген абзалырақ. Кітап оқуға құмартқан бала керек кітапты қайдан табу керектігін түсініп, кітапханаға келеді.Кітап оқу бұл тек бос уақытты қызық өткізу ғана емес. Сонымен бірге тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін өте пайдалы іс. Өзіңіздің алғаш кітапханаға барған кездегі тәтті шағыңызды еске түсіріңізші. Алғаш сөреде самсап тұрған сансыз кітаптарға қызыға қарап, бәрін оқып тауыссам ғой, шіркін деген аяулы арманыңызды ешқашан ұмытпаған шығарсыз. Келген бетте бір емес, бірнеше кітапты жаздырып, өзіңізден үлкен сөмкеңізге салып әкеткеніңіз естен кетпесе керек-ті. Артық білім кітапта екені сөзсіз. Егер балаңыздың кітапқа деген құмарлығын ояту үшін оны кітапханаға ертіп әкеліңіз. Оның бірнеше себебі бар... 1.Жақсы кітапханада олар кітаптар туралы әңгімелесе алады, тіпті жасөспірімдер де бағалы һәм маңызды нәрселерді түсінеді.Балаға кітап патшалығына келгеніңізді айтып, кітапхананың ережелерін таныстырып, самсаған кітаптарға толы сөрелерді көрсетіңіз. 2. Кітап дүкенінде ата-ана балаға қалаған кітабын таңдауға рұқсат ете бермейді. Кітапханада таңдау да, оқу да оңай. Кітапхана балаға өзін сенімді сезінуге мүмкіндік береді.Бала сөрелерді еркін қарап, өзі қалаған нәрсесін іздей алады. Ол бір кітапты алып, осы жанрды жақсы көре ме, жоқ па, оны келесі жолы тағы алуға бола ма және тәжірибе жүргізуді жалғастыра ала ма осыны білгісі келуі мүмкін. Бұл арқылы ол әдебиет әлеміндегі саяхатшы, өзін зерттеуші болып шығады. 3. Кітапханада ерекше әдеби атмосфера бар. Кітапханада тұрақты түрде өткізілетін қызықты іс-шаралар, жазушылармен кездесу, кітап көрмелерін өткізу, т.б. баланың таным көкжиегіне әсер етеді. Кітапханадан көрген жазушыны кітап бетінен көрсе, баланың қызығушылығы артады. Сонымен қатар, көптеген кітапханалар оқырмандар үшін арнайы жарыстар өткізеді. Рухани азық болатын кездесу кештер кітапханада өтеді. 4. Балаға өз жасына сай (суреті бар) кітаптарды оқытуға тырысыңыз. Мәселен, ертегілерді. Ертегі қаһармандары жөнінде өзіңіз қосымша дерек айтып қызықтырыңыз. Өзіңіз оқымаған кітапты оған айтпаған дұрыс. Қайткен күнде де оның қызығушылығын ояту керек. 5.Кітапханадағы кітаптар оқуға деген ынтаны арттырады, ізгілікке үйретеді. Балаға егер мыналарды тауыссаң, одан да қызығын өзім сатып әперем десеңіз, құлшынысы артуы мүмкін. Сол арқылы баланың үйдегі жеке кітапханасын жасауға мүмкіндік туады. 6.Қымбат бағалы кітаптардың көпшілігі кітапханадан табылады.Кітап дүкендерінде көрген қымбат кітаптарға кітапханада тегін қол жеткізесіз және соны сатып алмай-ақ осы жерде оқып тауысуға болады. 7.Кітапхана баланың мәдениетпен танысуының алғашқы кезеңі. Біріншіден, кішкентай бала сөрелердің арасында жүріп Міне, кітаптар, оларды көруге және оқуға болады деп ойланады. Содан кейін кітапханаға бару әдетке айналады.