Сәбиіңіз бақытты болу үшін не қажет? Бұл ретте тоя ас ішу мен иықты жылтыратып, киім кию, көңілді орталарға түсіп, сауық-сайранға бір ықылық ата тою мақсат емес, - дейді осының мән-жайын зерттеп-білген мамандар. Баланы сүю, емірене жақсы көру жөн. Тек ертеңді-кеш кеңкілдеп, оны жақсы көретініңді айтып емес, әрине, нақты бір іс-әрекет жасап жақсы көр, сүйсін. Міне, білетіндер осылай дейді. Бала өзінің толық қауіпсіз ортада, отбасында, жанашыр адамдарымен бірге екенін әмәнда түйсінуі керек. Қимас достарымен жиі жүздесіп тұруына бөгет болмауы тиіс.
Ал осы айтылғандарды санамалап жеткізсек, ең бірінші, өзіңіз дұрыс болыңыз, - дейді мамандар. Өзіңіздің тәрбиеңізді жөндеңіз. Зерттеушілер, анасы мен әкесінің бірі немесе екеуі де үнемі мыржым-тыржым болып, күйзелістен көз ашпаса, мұндай ата-ананың баласы да, бей-берекет тірлік кешіп өспек екен. Өзін ортада нашар ұстап, жұрттың, тұрғыластарының әлек-шәлегін шығаратын сотқарлар осындай ортада өскен жеткіншектердің арасында жиі ұшыраспақ көрінеді.
Расында да, өз өміріне риза емес, осынысына үнемі әлдекімдерді жазғырып, өзінің сормаңдайлығына налып, шаршап жүретін ана мен әке баланы қандай бақытқа жеткізе алуы мүмкін?
Осындай сәттердің бірінде тым болмаса, бала үшін болса да, бір мауыт қабақ ашып, достармен айрақ-жайрақ бір отырыс ұйымдастырып жіберуге неге болмасқа? Көңілді кеште айтылар ән, күлкілі оқиғаға толы сайқымазақ әңгімелер сіздің де көңіліңізді көтеретініне сене беріңіз. Осы мезетте сіз ұрпағыңыздың да өзінен өзі мәз-мәйрам жүргенін көресіз. Балаңыздың жүрегіне бір нұрлы шуақ ұялағанын байқайсыз. Бұл кешті кейін қалай бағаласаңыз да сіз де өзіңіздің біреулер үшін маңыздылығыңызды сезінесіз. Шақырған жерге бармай, бәлсінетін жандар да жоқ емес қой...
Екінші бір мысал мынадай. Сіздің балаңызға жүрген ортасында ойынға қабылдамай, әлде кімдер әлім жеттік жасады делік. Балаңыз осы сыннан өзі мүдірмей өтуге тиіс. Бірақ, сіз оған: «көңіл аудармай-ақ қой, жалғыз жүрсең де ештеңең кетпейді»,- демеңіз. Оны біреулермен келісімге келіп, тіл табысуға үндеңіз. Ортасында жүре алса, балаңыздың сонда ғана бақытты екенін ұмытпаңыз.
Балаңыз белгілі бір сала бойынша жарысқа түсті делік. Сіз оны үнемі біреуден асып, өнер көрсетуге жігерлендіріп отырушы едіңіз. Бірақ, бір өткен бәсекелестікте ол сіздің үмітіңізді ақтай алмай, қатты қиналып қалды. Керісінше, баласының кішкентай ұмтылысын болсын мақтап, демеп отыратын ата-ананың баласы алдына қойған міндетін аспай-саспай атқарып шықты. Мұнан шығатын қорытынды, ата-анасы тым қатаң талап қоятын бала қателік жасаудан қаймығып, келесі бір асуды алуға ұмтылмайды. Ал, белгілі бір ұмтылыссыз, баланың бақытты болуы мүмкін бе?
Оптимистердің бақыты қашанда өзімен бірге. Бұлар қандай іспен айналысса да нәтижеге жете біледі. Сондықтан да, балаңызды жан-жағына оптимистік көзбен қарап-тануға баулыңыз. Жақсыны ажырата білуге үйретіңіз. Балаңыз аурудан ада болады, оқуда, еңбекте табысқа жетеді.
Баланы көңіл-күйіңіз болмай тұрса да, «бәрі жақсы» деп сендіре алмайсыз. Сондықтан да, ренішті жағдайлар туындай қалса, оны жасырып, ешкімге, әсіресе, балаға білдірмеуге тырыспаңыз. Мұндайда, қайта неге көңіл-хошыңыздың болмай тұрғанын ашып айтып беріңіз, себебін түсіндіріңіз. Сонда балаңыз да келешекте көлгір тірліктен ада өседі.
Қуанышты сәттер көп болсын! Көңіл-күй ауаныңызды тек үлкен мәселелер тұсында білдіремін, ұсақ-түйек нәрсеге қуанудың қажеті не?-деп ойласаңыз, аса қуанышты сәттерді ұзақ күтуге тура келетінін естен шығарып алмаңыз. Сондықтан да, оқушы балаңыздың бақылау жұмысынан алған төрттік бағасы да сізге қуаныш сыйлауы тиіс.
Кейде сізге қандай ауыр тисе де, көңіл-хошыңыз соқпайтын шаруларды атқаруға тура келуі мүмкін. Мәселен, тым ерте ұйқыдан тұрып, жұмысқа баруға, жаттығулар жасауға т.т. Баратын жерге бару, атқаратын тиісті шаруаны ерінбей атқарған дұрыс. Яғни, өзіңді-өзің жеңе біл. Сонда ғана басқа қандай күрделі істі де нәтижелі аяқтау қиынға соқпайды. Оңай өткеріледі.
Балаңызбен қосылып ойын ойнаудан қысылмаңыз. Күніне ең болмағанда жарты сағат баламен бірге бала болудың сөкеттігі жоқ екенін ескеріңіз. Себебі, бала үшін ең маңызды шаруа ойын ғой! Осы сәт ұрпағыңыздың өзіңізге риза болып, көңілі қуанышқа толарына сене беріңіз.
Балаңыз қай істе де таңдауды өзі жасауға тиіс екенін есте ұстаңыз. Кигісі келмейтін киімді кигізіп, ойнағысы келмейтін ойынды ойнатып, барғысы келмейтін үйірмеге апарып зорламаңыз. Оның ынтасын қолдаңыз, сіздікі тек кеңесшілік рөл ғана, ол өзіне өзі сенімді болып өсіп-жетілсін десеңіз осылай жасаған жөн болар.
Күнделікті тұрмысты белгілі бір күн тәртібі бойынша ұйымдастырған жақсы. Бірақ, баланың демалысын ұйымдастыруды да ойдан шығарып алмаған дұрыс. Бұған көп қаржы салудың да қажеті шамалы. Тек бір мауыт балаңызға көңіл бөліп, қыдыртып, дәмді ас дайындап беріп, көңілін көтеруге ниет білдіріңіз. Немесе қала сыртына шығып, ұшқан, не қонған ұшақтардың қызығына қарап та көңілді тойдыруға, демалуға болады,- дейді сала мамандары. Оған тек мына өмірмен біте қайнасқанын сездіріңіз.
Дереккөз: ojd.ucoz.ru