- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Балалық шағыңыздың спиннері...
Балалық шағыңыздың спиннері қандай еді?
Спиннер – 2017 жылдың жазында жаһанға жаңалық болған ойыншықтың жаңа түрі. Бұл құрылғыны жасаудағы басты мақсат – адамды күйзелістен шығару, қобалжуды басу. «Осындай ұлы мақсатты орындау үшін жарыққа шыққан спиннер уақыт өте адамдарға кері әсерін де тигізіп жатыр»,- дейді психолог мамандар.
Бұл аспап адамның ойын бөліп, осы бір құрылғыны айналдырып отыра беруге тәуелді етеді. Осы орайда, АҚШ мектептерінде спиннерді оқу орнына әкелуге тыйым салынды. Мұғалімдердің айтуынша, сабақ уақытында бір ғана оқушы пайдаланған ойыншыққа барлығының назары ауады. Осылайша сабаққа немқұрайлы қарау, дәрісті тыңдамау, тапсырманы түсінбеу сияқты олқылықтар оқушының көзін байлап, ойыншыққа деген тәуелділік артып барады дейді.
Спиннер 2017 жылдың сәуір айынан бастап жаппай сатылымға шықты. Оған деген сұраныстың артқаны сонша, Қытайдағы телефон, телефон аксессуарларын дайындайтын фабрикалар барлық жұмысты ысырып қойып, спиннер жасауға кірісіп кетті. Ал, 16 мамыр күні спиннерге арналған мобильді қосымша дайын болды. Екі аптаның ішінде бұл қосымшаны 7 миллион адам жүктеген екен.
Бұл спиннердің түр-түсіне, қозғалысына, қолданылуына байыптап қарасаңыз, таңқаларлық ештеңесі жоқ. Ертеректе ойыншықты дүкен сөрелерінен сатып алмай-ақ, қолдан жасап, сонымен топырлаған топ бала жанталаса ойнайтын еді. Балалық шағыңызды еске алып, өзіңіз қолданған кеңестік ойыншықтарды еске түсіріп көріңіз. Бұндай спиннердің түр-түрі болды ғой ол заманда.
Бұл қарапайым құрылғымен барлығының ойнағаны белгілі. Бірақ, осы ойыншықтың атауын білетіндер аз. Көптеген аймақта «Йо-йо» деген атпен танымал бұл аспап спиннердің 90 жылдары шыққан алғашқы нұсқасы деуге болады. Механизмі де қарапайым болғандықтан нағыз қолжетімді ойыншық. Бөтелкенің екі жерден тесілген қақпағы (немесе түйме), сол қақпақтың бұрандасына киілетін теріс аударылған төменгі бөлігі және жібек жіп табылса сіздің ойыншығыңыз дайын.
Керемет спиннер. Бұл спиннер кез келген отбасыда болды. Таспаның басындағы әнді тыңдау үшін қолға қалам алып, таспаның гідірленген дөңгелегінің ортасына тығып зырылдатып айналдыру өз уақытысында әр адамның ермегі болды. Ал, сол таспаның тозығы жеткенде ішіндегі лентадан жасанды шаш (парик) жасап алатындар да кездесетін.
«Юла» деп аталатын аспапты кім ең ұзақ уақытқа айналдырса сол жеңімпаз атанады. Бұл ойыншықпен ойнау қазақ қоғамында кең етек жая қойған жоқ. Юланы Юраның елінде көп ойнайтын.
Бұл - қолдан жасалған юла. Дүкеннен сатып алудың керегі жоқ. Керегі – бұзылған оятардың бөлшектері.
Ұшатын спиннер. Мейрам кезінде орталық алаңда мерекелік концерт өтеді. Сол алаңның маңайы тәттілермен, көз тартар тағамдармен және осындай балаларға араналған ойыншықтармен толады.
Спиннерге ұқсас жазылмай қалған ойыншық түрлері жетерлік. Есіңізге түскен ескілер болса, төменге жаза отырыңыз. Кешегі сіз қолданған қолөнер туындыларын сіздің жазбаңыздан кейін балаңыз қолданбаса да ең құрығанда біліп жүрсін.
А. Қажиев