Көптен күткен жаз маусымы да басталды. Балалардың жазғы демалысын жоспарлайтын уақыт жетті. Оның ең дұрыс шешімі балаларды ауылдағы ата-әжесіне немесе жазғы лагерьге жіберу. Балалар лагерінің бірнеше жақсы жағын атап өтейік. Күн тәртібі. Ерке-шолжаң балаларды тәртіпке салуда күн режимі таптырмас құрал. Күнделікті бір мезгілде тамақ ішу, бір уақытта міндеттелген істермен айналысу баланы тәртіпке шақырып қана қоймай, денсаулыққа да пайдасын тигізеді. Таза ауа. Әсіресе үлкен қала тұрғындары үшін бұл өзекті мәселе. Олар нағыз таза ауаны қыста шаңғы тебуге шыққанда және жазда табиғат аясына кәуап пісіруге барғанда ғана сезінеді десек болады. Көліктер мен зауыттар түтінінсіз, табиғат аясындағы таза ауа балалардың ағзасына өте оң әсерін береді. Алау жағу. Пионерлер лагеріндегі кешкі алау жағудың романтикасын елестетіңізші. Оның иісі, түсі... Жан-дүниеңді ақтара айтқан әңгіме... Мұның барлығынан балаңызды шеттетуге болар ма?! Ойындар мен жарыстар. Оқуға, демалуға қайсысына бағытталған лагерь болса да, міндетті түрде неше түрлі сайыстар мен ойындар ұйымдастырылады. Табан астында чемпионды анықтайтын байқаулар мен спорттық жарыстар баланы түрлі бағытта өзін сынап, дамып-жетілуіне көмектеседі. Жаңа ілім. Белсенді ойындардан өзге балаларды бір күні сурет салуға, енді бір күні мүсіндеуге, гербарий жинауға машықтандыратын түрлі педагогтар жұмыс істейді. Бұл сабақтар да жаңа өсіп келе жатқан жас балдырған үшін маңызы зор. Жаңа достар. Балаңыз тез тіл табысқыш болса да, томаға-тұйық болса да, басқа балалармен міндетті түрде танысады. Кім біледі, мүмкін нағыз өмірлік досты осы жерден табатын шығар. Өзіңіз де кезінде бір топтағы балалармен лагерьден кейін де хат алмасып тұрған боларсыз? Дербестік. Үйде сіз балаңыздың көп ісін өзіңіз орындап беретін болсаңыз, ол мұнда төсек орнын салып-жинауды да, тіпті киімдерін жууды да, басқа да шаруаларды өз мойнына алады. Ол сіздің жаныңызда мәңгілікке қалмай, күндердің күнінде үйден жыраққа кететінін есте ұстаңыз. Өз басын өзі алып жүріп, сіз жоқ жерде де өзін дұрыс ұстай алатын адам боп өсуін бала шағынан қадағалаңыз. Қарым-қатынас. Бүтін бір лагерьден бұрын, әр топтың өзінде сан алуан бала болады. Олардың әрқайсысына тән мінезі, әдеті, түсінігі бар. Жарты ай шамасында бір шаңырақ астында тұруы үшін бір-бірін танып, тіл табысуы керек. Кіммен араласып, кімнен аулақ жүретінін айтатын ата-анасы жанында болмаған соң, бала өзі адам тануды, өздігінен шешім шығаруды үйренеді. Ұялшақ баласының лагерьден ашық, өзіне сенімді боп оралғанына ата-ана өзі таңғалады. Дұрыс тамақтану. Бала үйде жүргенде ананы жемеймін, мынаны жемеймін деп кірпияздық көрсетеді. Ал лагерьде не берсе де жеуіне тура келеді. Себебі көп жағдайда дүкенге барып қалаған нәрсесін алып жеуіне де рұқсат жоқ. Сондықтан қарны ашқан бала бұрын ұнатпаған тамағы болса да, тыжырынбай жеуді үйреніп, дұрыс тамақтану тәртібіне көшеді. Ұмытылмас естеліктер. Жазғы лагерь үйден, ата-анадан жырақта өткізілген он шақты күн ғана емес. Бұл өмір бойы есіне алып айтып жүретін естеліктер туатын жер. Ол ешқашан артық етпейтін бағасыз тәжірибе. Тым құрығанда бір ауысымға балағызды жіберіп көріңіз, келесі жылы өзі-ақ лагерьге сұранып тұрады. Әлі де балаңыз кішкентай деп есептесеңіз, туыстарыңыздан не көрші-көлемнен таныстардың балаларын тауып, ертіп жіберіңіз. Алайда қазіргі уақытта менингит ауруы тарауына байланысты, көпшілік ортаға жіберуде жақсылап ойланған да дұрыс. Бұл аурудың несімен қауіпті және қалай қорғану керек екенін мына сілтеме бойынша оқи аласыз.