- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Балалар барғысы келе...
Балалар барғысы келе беретін кітапхана
Бұл алманы қайдан, қалай алды деп ойлайсыз? Бруклин кітапханасынан. Бруклин кітапхансы – Нью-Йорктағы кез келген тұлға емін-еркін барып, қалаған кітабын сұрап оқи алатын, шығармашылық жолда дамып, баласын ойнатып, кітапқа деген құмарын оятатын, жанға жайма-шуақ атмосфера сыйлайтын орын.
Аздаған дерек
1896 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан бұл кітапхананың бүгінгі таңда 700 мыңнан астам тұрақты оқырманы бар. Кітапхана басқа ұйымдарға қарағанда қала тұрғындары мен қонақтарына арнап мәдени кеш, кездесу, сауат арттыру, сыныптан тыс шара, мерекелік жиын, цифрлық сауаттандыру саласында біраз қызмет етеді. Кітапхана филиалдары қала ішінде көп болғаны соншалық, 2,6 миллион қала тұрғыны аталған кітапханалардан жарты миль қашықта (800 метр) тұрады.
Кітапхана қорында 2,86 миллион заттай, 250 мың сандық материал сақталған. Былтыр 1,2 миллион оқырманға 72 мың тегін бағдарламалар ұйымдастырылған. 12,9 миллион кітап таратылған. 2600 құрылғыда 1,6 миллион компьютерлік сеанс орындалған.
Кітапхана қызметі ХХ ғасырдың ортасында дамыған. Кей ғимараттар Джон Линдсей есімді мэрдің кезінде салынған, өзге ғимараттардан ерекшелігі – сыртқы дизайны артық фрагментсіз және айналасы ашық.
Алғашқы әсер
Кітапхана ішіне ене бергенде ескі-жаңа кітаптардың иісі сезіледі. Кітаптар белгілі бір ретпен қойылған, кітап қоры сақталатын орын, кітап оқитын жер, компьютермен жұмыс істеуге арналған үстелдер, кез келген жастағы балалар ойнай алатын, ертегі, музыка тыңдап, би билей алатын орын бар, кинозал да жоқ емес, асханасынан тәтті бәліш жемей кете алмайсыз.
Бір қызығы, балалар ойнайтын орын басқаларға кедергі келтірмейтіндей етіп не жоғарғы қабатта, не төменгі қабатта орналасады.
Артықшылық
Мүмкіндігі шектеулі жандар мен 3-4 баласымен арба жетектеп келетін аналарға ыңғайлы етіп жасалған жолдары мен жеделсатылары бар. Қызметкерлері тым сыпайы, жол нұсқап, керек нәрсеңді мүдірмей тауып береді.
Өзін дамытқысы келген адамға барлық мүмкіндік жасалған. Айтпақшы, тіл үйренемін деген қала тұрғындары мен қонақтарына тегін тіл курстары мен тілдесу клубтары ұйымдастырылып отырады.
Сондай-ақ, "Нью-Йорк – әлем астанасы" саналатындықтан, кітапханаларда түрлі ұлт өкілдері апта сайын ұлттық мереке, іс-шаралар өткізіп тұрады. Мысалы 29 ақпанда аталған кітапхананың бірінде орыс халық ертегілерінен Storytime өтеді. Ал 19 ақпанда кітапханада 0-5 жас аралығындағы балаларға испан тілінде ертегі оқылады. Осындай жаңалықтарды үйде отырып-ақ сайттан біліп аласыз. Тіпті, сіз тұрған жерден ойлаған кітапханаңызға қай автобус апаратынына дейін көрсетіп береді.
Мұнда ата-аналар баласымен келіп, ойнай алады. Ойын алаңында баласын бақылаған ата-ана да, аяққа тапталған ойыншықтар да, балаларды ойнатып жүрген "апайлар" да көп. Бастысы, бәрі көңілді, уақытын тиімді өткізіп жатыр. Кей ата-аналар тіл курсына кетсе, ойын балалары өз бетімен ойыншықпен ойнап, ертегі тыңдап, жаттығу жасап, үлкендерді күтіп отырады.
Біз де барып көрдік, нәтиже жаман болмады, басты сурет – Мағжанның туындысы. Ол алғаш рет сурет салып, бояуды осы кітапханалардың бірінен үйренген.
Г. Берік