Кез келген ата-ананың басында «балаға қалай ақша берем?» деген сауал туындары анық.
Әрине, балаға мектеп бітіргенге дейін жүріп-тұруы мен тамағына жетер ақша беріп жүре беруіңізге болады. Күніне 500-1000 теңге балаға жетіп жатыр, былай қарасаңыз. Алайда баланың қолына қаржы бере отырып, оны неге қаржылық сауаттылыққа үйретпеске? Ақшаны дұрыс жұмсау мен ұстауға, жинауға үйретуге болады ғой. Мұның бәрі балаға тәрбие әрі үлкен өмірге дайындалуына баспалдақ болмақ.
Балаға қаржы сауаттылығын үйретудің үш жолы бар. Оның тек біреуі ғана тиімді.
1-тәсіл. Қарапайым амал, бірақ әсері аз
Балаға сабағына барып-келуге, мектепте тамақ ішуге жететін ақшаны ғана бересіз. Бала соны ғана жаратады. Еліміздің әр аймағында әртүрлі. 200 теңгеден 1000 теңгеге дейін беруіңіз мүмкін.
Бұл жол бір жағынан ыңғайлы. Көп нәрсеге бас қатырмайсыз. Артық шығын да шығармайсыз. Жетер ақшаны баланың қалтасына салып берсеңіз болды. Алайда бұл балаға ешқандай тәлім бермейді, қаржы жұмсаудың амалын үйретпейді.
2-тәсіл. Оңай, бірақ шығыны көп
Яғни, бала қанша ақша сұрайды соны қолына санап бересіз. Бірақ бұл – қаржылық сауаттылығы аз немесе жұмыстан қолы босамайтындардың «ісі». Ал бала болса, қалаған қаржысын алып, жоқты өзгеге жұмсап жаман үйреніп алады. Онлайн ойын мен гаджет, компьютерлік ойындарға құртуы мүмкін. Оның үстіне, бала қалағанын алып еркінсіп, еркелеп кетеді. Соның кесірінен үлкен өмірге үйренбеген, қалағанын істеп үйреніп алған еркебұлаң, қарадүрсін бала болып шығады.
3-тәсіл. Күрделі, бірақ тиімді
Балаға ақшаны бір айға не жарты айға бір-ақ беріп тастау. Ол үшін баламен ақылдасып, қайда, неге ақша керек екенін біліп алғаныңыз жөн. Ол тамаққа, жолға, ойыншық сатып алуға ақша алғысы келуі мүмкін. Мұның бәрін есептеп, айына 30 мың не 50 мың теңгеге дейін беріп, бір айға жұмсайтын ақшасы осы екенін ескерту қажет. Ақшаны екіге бөліп берсеңіз де болады жарты-жарты айдан. Айдың басында 15 мың (20 мың...), кейін айдың ортасында 15 мың теңге берсеңіз болады.
Сонда бала қолындағы қаржыны ұқыпты, тиянақты жұмсаудың жолын ойланатын болады. Басында қаржысын үнемдеп, жинап, тығып қоюы мүмкін. Кейін қалай жұмсау керектігін ұғынған соң, дәлме-дәл жұмсай бастайтын болады.
Ең бастысы – балаға бұдан басқа ақша берілмейтінін қатаң ескерту қажет. Әйтпесе, оңды-солды жұмсауы мүмкін.