- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Бала мектепке қиындықсыз...
Бала мектепке қиындықсыз бару үшін (ата-анаға кеңес)
Күз айлары кімге қиын: ата-ана әлде балаға ма? Бірақ, баланың мектепке қуана барып-келуі ата-анаға да қатысты екенін естен шығармаған жөн.
1. Сабыр сақтаңыз.
Мектептің алғашқы күнінен бастап баланың еститіні «Жаңа оқу жылы басталды, оқуың керек. «Бес» деген баға ал» сынды әңгімелер екені анық. Кез-келген мектеп жиынында қозғалатын тақырып – осы. Бұл баланы мезі етіп жібереді. Оның оқуға деген ынтасын бірден жойып аласыз. Сондықтан, бұл тақырыптан аулақ болыңыз. Балаңызға сана берілген болса, бұны сіз айтпай-ақ ұғады.
2. Таңды жақсы қарсы алыңыз.
Таңертеңгісін сабаққа бару – оқушы үшін ең қиын іс. Алдымен, ата-ана ретінде бұл қиындықтан шығу жолын қарастырыңыз: жақсы таңғы ас, ерекше көңіл күй мен жағымды оятқыш.
Таңертең дайын емес мектеп формасы үшін немес жиналмаған сөмке үшін ұрысып, баланың сағын сындырудан абай болыңыз.
3. Демалыңыз.
Жұмыстан соң сіз де, балаңыз да демалсын. Егер балаңыздың ұйықтап жатқанын көрсеңіз «Ұйқыдан басқа ештеңе білмейсің» деп жазғырудан қашыңыз. Бала демалу арқылы жетіледі. Оның миы демалмаса, ақпарат қабылдауы да соғұрлым баяу болмақ.
4. Мұғалімдерімен танысыңыз.
Сынып жетекшісі мен пән мұғалімдерімен жақын танысыңыз. Балаңызды қандай адамдар тәрбиелеп жатқанын білу маңызды екенін естен шығармаңыз. Сонымен қатар, балаңыз туралы сұрағыңыз келсе сынып жетекшіге телефон соққаннан гөрі, хабарлама жазған дұрыс. Ұстазына ойланып, бала мінезін сараптауға мүмкіндік бересіз.
5. Сабаққа бола баланы үй шаруасынан босатпаңыз.
Оқушыға сабақ оқу үшін уақыт керек деген сылтаумен кейбір ата-ана баласын үй шаруашылығында атқаруға тиіс міндеттерінен босатып жатады. Бұл дұрыс емес. Осы әрекетіңіз баланың санасында «мектеп – қиындықтар алаңы» деген түсінік қалыптастырады.
6. Баланың сөмкесін жинамаңыз.
Сабақ кестесіне үйреніп кетпейінше бала үйде дәптерін, оқулықтарын ұмытып кетеді. Бұл – қалыпты жағдай. Егер сіз әр уақыт сөмкесін жинап берер болсаңыз, балаңыздың оқу жылына бейімделуі баяу жүзеге асады. Егер сіз көмектеспесеңіз, бала мектепке жиналудың өзі маңызды іс екенін ұғынып, жауапкершілікпен қарай бастайды.
7. Балаңыздың ұялы телефонына пайдалы бағдарламалар орнатыңыз.
Оқуға қызығушылықты ояту үшін де еңбек ету креек. Егер бала бос уақытында сіздің ұялы телефоныңызды қолданатын болса, танымдық бағдарламаларды жүктеп қойғаныңыз абзал. Есесіне балаңыздың ойлау жүйесі дұрыс жетіледі.
Іске сәт!
Т. Есқали