- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Бала кезде ойнаған...
Бала кезде ойнаған ойындарды еске түсірейік
Компьютер, планшет, айфонсыз-ақ балалық шағымыздың әлдеқайда көңілді болғаны көп жерде жазылып та, айтылып та жүр. Сол шақта қандай ойындар ойнап едік? Еске түсіріп, бір көңіл көтерейік, әрі кейінгілерге үйретейік.
«Бағдаршам». Жерге екі сызық сызамыз. Бұл – жол. Бір адам бағдаршам болады, басқа ойыншылар бір қатарға тұрады. Бағдаршам болған адам жолды қарауылдайды. Ойыншыларға теріс қарап тұрып бір түсті айтады. Ойыншылар өз киімінен, шашындағы резеңкесінен не ойыншығынан сол түсті тауып ұстап, жолдан өтеді. Ал айтылған түсті таба алмаған адам жолдан жүгіріп өтеді. Бағдаршам сол ереже бұзған адамды ұстап алуы керек. Ұсталып қалған ойыншы бағдаршам болады. Солай бағдаршам ауысып, ойын жалғаса береді.
«Мен білемін...». Бұл ойынға қатысушылардың саны шектелмейді. Ойынды бастаған адам әр сөз сайын допты жерге соғып: «Мен бес қыздың атын білемін: Алтын, Айгүл, Гауһар, Ақбота, Інжу» деп атап шығады, келесі ойыншы да осылай бес қыз атын атап шығуы тиіс. Бір айналым біткен соң «Мен бес гүлдің атын білемін», «... бес көліктің», «... бес жануардың» деген секілді жалғаса береді. Кідіріп қалған не допты қолынан сырғытып алған ойыншы ойыннан шығады.
«Желінетін-желінбейтін». Барлық ойыншылар бір қатарға отырады. Ойынды жүргізуші 2-4 метр қашықтықта тұрып, бір нәрсенің атын атап допты лақтырады. Егер ол жеуге болатын нәрсе болса, ойыншы допты қағып алады, ал жеуге болмайтын нәрсе болса, допты өзіне қайта лақтырады, кідіріп ұстап қалуға болмайды. Бірер секунд ішінде ойланып үлгеруі керек. Қателескен ойыншы бір қадам кейін шегініп тұрады.
«XXI ғасыр жарымжандары». Қатысушылар дөңгелене тұрып, бір-біріне доп лақтырады. Допты қолынан түсіріп алған адамға жанындағы ойыншы бір бұйрық береді. Мысалы, «сол көзіңді жұм». Ол ойын аяқталғанша бір көзін жұмып ойнайды. Солай жалғаса береді, допты жерге түсірген адам жанындағы досының айтуы бойынша бір қолын, бір аяғын алып тастайды. Дауысын алып тастауға да болады, демек дауысын алып тастаған қатысушы ойынның соңына дейін мүлдем дыбыс шығармай, сөйлемей тұрады.
«Шабуылшылар мен қорғаушылар». Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Бір топ келісілген орында тұрып жүзге дейін санайды. Келесі топ олар санап болғанша қашып тығылып үлгерулері керек. Қашқан жолына: жерге, ағашқа, қабырғаға, орындыққа, т.б. жүрген жерлеріне бормен белгі салып кетеді. Сол белгілер арқылы қарсылас топ тығылған жерлерінен тауып алуы тиіс.
@. @assel_assanova