Бала жаман сөз айтса...

Бала жаман сөз айтса...
Фото: www.zastavki.com

Былапыт сөз адам тілімен бірге пайда болмайды. Жүре туындаған. Қазіргі кезде екі сөздің бірінің басына жағымсыз сөзді қосып сөйлейтіндер қатары көп. Оны ішкі эмоциясын сыртқа шығарудың бір қалыбы ретінде қабылдайды. Ал психологтар бұл әдетті өзін сыртқы қауіптен қорғау амалы ретінде қарастырады. Балалар тіліндегі «артық» сөздер басқа мәселе. Осыған тоқталайық.

Баланың жаман сөз айтуы әр жасына қарай әртүрлі себептерге байланысты қалыптасады. Кішкене кезінде үлкендерден естіп алған сөзін түсінер-түсінбес үйреніп алса, өсе келе мұны есейгендік белгісі деп, дәреже көреді. Бұл жаман әдетпен қалай күресеміз?

Адам өз бойындағы эмоциясын шығара білуі қажет. Оны әркім әрқалай жүзеге асырады. Баланың да жаман сөздерге әуестене бастауы қалыпты жағдай. Ол да ішкі сезімін осылай шығарады. Тек ішкі сезімді білдірудің одан басқа да амалдары бар екенін айтып түсіндіру қажет.

Отбасында, өзге де ортада балаңыздың көзінше былапыт сөз айтылуына жол бермеңіз. Бала санасы енді ғана қалыптасып келе жатқандықтан, барлық ақпаратты жадында жылдам жаттап қалады.

Бала аузынан осындай сөздерді естіген жағдайда, оңаша отырып асықпай сөйлесіңіз. Мұмкін ол мағынасын білмесе де, айта салған болар. Мүмкін өзге адамдар әдейі үйреткен шығар. Анық-қанығына кез жеткізбей тұрып, «тәрбиеге» сала жөнелмеңіз. Жай ғана түсіндірсеңіз де жеткілікті.

Өзі түсіндіріп беруді өтінсе, адамдардың өзгені ренжіту үшін, жаман сөздермен қорлауға тырысатынын егжей-тегжейлі айту қажет. «Ал анасының сүйкімді балапаны ешкімді де ешқашан ренжітпейді емес пе?» деп еркелетсеңіз, өзге жаман ойлар сол сәтте-ақ жадынан шығып кететінін ұмытпаңыз.

Балаңыздың достарын сөкпеңіз. Тек қана сырттай бақылағанда олардың бұл қылығы жағымсыз екенін дәлелдеп беріңіз. Өйткені сыртқы ортаның ықпалы ата-ана тәрбиесінен басым түседі. Осы кезге дейін «мінсіз» болған жолдастары туралы жағымсыз әңгіме оны, керісінше, сізден алыстатады.

Әдеби кітапқа деген махаббатын ояту. Оның дәл қазіргі уақытта орындату қиын екені түсінікті. Дегенмен, бала кезінен ертегі кітаптарын оқып үйренген бала тағылымы мол шығармаларды оқудан бас тарта қоймас.

anamenbala.kz

@. @assel_assanova