"Айман-Шолпан" пьесасының сценарийі

"Айман-Шолпан" пьесасының сценарийі

Осыған дейін №13 мектеп-гимназиясында «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекесіне орай кеш өткізгенін хабарлаған едік. Енді мектеп оқушыларының «Кәусәр» драма үйірмесі қойған «Айман-Шолпан» пьесасының сценарийін ұсынамыз:

(Мектеп оқушыларына шақталып жасалған пьесадан үзінді)
Рөльдерде ойнағандар:

1. Айман – Болат Ажар, 9 «Ә»сынып оқушысы
2. Шолпан – Арайлым, 9 «Ә»сынып оқушысы
3. Құрбылары: Нұрлан Анель, Адилова Айдана - 9 «Б»сынып
4. Маман бай – Айжарық Әлішер, 10 «Б»сынып оқушысы
5. Әлібек – Бекежан Әділет, 9 «Б»сынып оқушысы
6. Көтібар – Мақұл Балтабек, 8 «Ә»сынып оқушысы
7. Арыстан –Аманжолов Есболат, 9«Б»сынып оқушысы
8. Балпық – Батырбекұлы Әділет, 9«Б»сынып оқушысы
9. Теңге – Қаныбек Диана, 9 «Б»сынып оқушысы
10. Жантық ақын – Абдысағи Дастан, 7«Б»сынып оқушысы
11. Жарас – Болат Ғалымжан, 7«Б»сынып оқушысы
12. Өзбек – АрынғазиевТамерлан, 8 «Ә»сынып оқушысы

1 – АКТ

Қазақша әуен ойналып, сахнаға домбыра тартып Жантық ақын мен Әлібек шығады
Жантық ақын:
Жайлауында Жетіру
Желіге шыққан желдірмем,
Құйрық атып,төс керген
Шандоз аттай ойнайды.
Ақмартудай мырзам бар,
Асқақ қыздың талайын
Тілесе тегін қоймайды.
Қыз көреміз,біз келдік,
Қайда қызы Маманның?
Келмей ерін кезертіп
Кім деп сірә ойлайды?..
(Жарас келеді)

Әлібек:
Әй, Жарас мұнда мойныңды бұр!

Жарас:
Қыз қашпас,ойын ойнай келмек еді,
Осы сай сан қызықтың ермегі еді.
Ойында өрелгі жоқ жөн сұрайық,
Жігітің бұл қызға не демек еді?
Әлібек:
Көреміз Маманбайдың қызын бүгін.

Жантық ақын:
Ұнаса сен аласын көрімдігін.

Жарас:
Дағдым жоқ алуменен ауызданған,
Жалғыз-ақ алдыңда бір кедергі тұр
Шектінің көре кепті Арыстаны.
(Арыстан келіп, Әлібек екеуі сөз таластыра кетеді)

Әлібек:
Кедергің не дейсің!
Жетеді пұлым,мен салам
Ол алмайды мен алам!
Шектіден неге кем қалам!

Арыстан:
Қу дала,қу медиен күзеттердің,
Сабымды қыз келед деп түзеп тұрдым.
Қайда әлгің,енді қашан көрінед?
Асырып қыз мерейін үдеттірдің.

Жарас:
Қыз мүлкі дейді мыңды айдағанның,
Әлібек бірі бопты таңдағанның.

Арыстан:
Ендеше күшке мен салам,
Ол алмайды,мен алам!

Әлібек:
Е,батыр мырза,жол болсын!..

Арыстан:
Жол қылмақ сенен болсын.

Әлібек:
Менде өзіңдей жолаушы
Жол қылар мұнда нем болсын.

Арыстан:
Тас қия,тар көпірде кездесіппіз
Текедей тіресудің жөні болмас.

Әлібек:
Бәрекелді,нетеміз егесіп біз?

Арыстан:
Үстіме баса кепсің,оның қалай?
Кем бе еді менде сенен бақ пен талай?

Әлібек:
Қайтесің күшіңді айтып,билік айтсын
Одан да мына тұрған көп жағалай.

Балпық ақын:
Ендеше Жарас айтсын,ара ағайын.

Жарас:
Жоқ, жаным, жай-жапсарың маған мәлім,
Өтпес жарлық билікке жарамайым
Әне өздері де келе жатыр,
Ендеше, қызда адамның баласы ғой,
Өзі айтсын екеуінен қалағанын.
(Айман,Шолпан топтары шулап,күліп ойнай-билей келеді.)

Айман:
Жарасқан топ, көп жігіт, сіздер кімсіз?
Білмедік айып бізден,жөн сұрайық.

Шолпан:
Болмаса жөнді несін қазысамыз,
Ойынға араласып бас құрайық...

Барлығы бірге:
Ендеше жайды баян етші Жарас,
Тең сөйле бәріне де бірдей қарас.
Қыз көрі болғанменен ел жорасы
Екі топ бірдей кепті,бар ма талас?..

Жарас:
Екі топ бәсе бірдей келіп отыр,
Таласын көзің міне көріп отыр.
Мына топ Әлібектей байдың тобы,
Бай алмай, кім алад деп сеніп отыр!

Шолпан:
Маманның малға толған кең даласы,
Боламыз өзіміз де бай баласы.

Арыстан:
Қарағым,құлдық ұрдым бұл сөзіңе,
Ендеше мойныңды бұр,бер қарашы.
(Қыздар Арыстанға қарайды).

Айман, Шолпан:
Ал, қарадық!

Жарас:
Арыстан мына тұрған Шекті батыр,
Інісі Көтібардың текті батыр.
Аузыммен құс тістеймін, асқақ ермін,
Құтылып көрсін қызың, деп тұр батыр...

Шолпан:
Әй,тәйірі-ай, өтпеп пе еді батыр күні,
Бір оқпен өшпеп пе еді шоқпар үні?

Айман:
Бір кезде дабырайса даңқы шығып,
Бұл күнде жабы болған көптің бірі...

Әлібек:
Ендеше қайтпаған шақ,өрлеген бақ,
Бүгінгі үлкен дүбір, бай дүбірі...

Айман, Шолпан:
Ерлердің сол-ақ пе екен айтар сөзі,
Ұшырап қалыппыз біз келіп кезі,
Жігітті қыз көретін біз көрейік,
Бар сөздің ең абзалы көзбе-көзі...

Бұларға хор қосылады:
Жігітті қыз көретін біз көрейік,
Көп сөздің қала тұрсын өзгелері...
Қыз көретін жігітті біз көрейік,
Бар ма екен бойларында өзге өнері.

Арыстан:
Әй, Балпық неге тұрсың, аттан!

Балпық ақын:
Ендеше жас дәупері Арыстаным,
Жебедей жерге тыққан алысқанын.
Қайраты, сымбатымен, тегі де бай,
Үлкен сый біле білсең танысқаның!..

Айман қулана жауап қатады:
Таңдаудың жетіп болмас ақырына,
Қайтеді мен қызықсам батырына?

Жантық ақын:
Болыпты кімнен төмен Әлібегім,
Әрі бай, әрі бағлан, әрі бегім.
Қиядай жемін танып, қырдан ұшты,
Ойлама әлдекім деп әлім-берім...

Шолпан қулана жауап қатады:
Теңгемен дүниенің құны-пұлын
Өлшеп өскен алсам ба байдың ұлын?

Балпық ақын:
Майданда батыр жеңген қағысқанын,
Егессе алмай қоймас жабысқанын,
Одан да тілегіне тілегің қос,
Жемейсің сірә опық табысқаның.

Шолпан:
Батырын олай болса алсам ба екен,
Сол байдан қол үзіп-ақ қалсам ба екен?

Жантық ақын:
Ең, дүние, қыруар мүлік бәрі тегін,
Жетіру әлпештеген Әлібеген.
Өз ұяң,өз өрісің ,жатың емес,
Ел күткен құтты бегім Әлібегім.

Айман:
Батырдан әлде көңіл бұрайын ба?
Бай деп-ақ неде болса тұрайын ба?
(Көпке қарап)
Қәнеки, қайсымыз кімге жақты,
(Әлібекке қарап.)
Сізденде де енді жөнді сұрайын да,
(Арыстанға қарап.)
Сіз-дағы тіл қатыңыз батыр мырза,
Көзіңіз кімнің түсті шырайына?

Арыстан елге қарап:
Әттең дүние жалған-ай,
Екеуің бірдей алар ма ем,
Қалмас еді арман-ай?

Әлібек қыздарға қарап:
Не керек, лайық емес жасырғаным,
Бір емес, екеу болды бас ұрғаным.
Жақсысың екеуің де, нені айтайын,
Жоқ боп тұр кеміткенім, асырғаным...

Шолпан:
Күреп алып үйренген машығы ғой,
Бұл жігіт шынын айтты енді қайтсың?

Жарас:
Ер көңіл дегенінен жаңылмаған,
Ол-дағы екеу демей енді қайтсың!

Айман Арыстанға қарап:
Олқы түспес оныңнан қолшыл жігіт,
Тыңдайық, батыр мырза жөнін айтсын!

Арыстан:
Бәрекелді не дейін солай демей,
Көп асауға үйренген біздің көмей.
Екеуіңе қызықтым бірден құлай,
Мін таптым деп айтамын неменедей?

Айман, Шолпан:
Қарық қылған бұндай дәурен көрген бар ма?
Бір күйеу екі қызға келген бар ма?
Таңдамай тізіп қана алып кетпек,
Бұндайға көңіл-бейіл берген бар ма?
Жігіттер,ел ақтаған ер екесіз,
Сонда да сөз айтасыз берекесіз.
Таңдау жол сіздерде емес,енді бізде,
Дей қалсақ сонда қалай дер екесіз? (қыздар мазақтап күледі).

Арыстан:
Қап-қап қылда-ау мына қу,
Жер қылды-ау, ойбай, Жетіру!

Әлібек:
Көрдім-ау,пай-пай,Шектіден,
Құлқынын қыз кептірген.
Айман,Шолпан (оларға барлығы қосылады) .
Ауырмай өледі екен аңдамаған,
Демей-ақ біз қояйық, өлде маған,
Тойында Шөмекейдің шын сөзіміз,
Айтылсын бүгін мында қамдамаған...
Қыз көретін жігітті
Көре қыздар шығыпты.
Көрісімен түңіліп
Қайта беттен ығыпты.
Жауабына орай жоқ,
Көңіл жүдеп бұғыпты.
Мақтай алмай кетті қыз
Қыз көретін жігітті...жігітті.
(Қыздар күліп-ойнап,билеп, кетіп қалысады).

Жарас Арыстанға қарап:
Ал, мырза, қай шыныңа баттың ойдың?
Мынаны айт, қай қызына көңіл қойдың?..

Арыстан:
Әуелі анауыңа айтқыз жөнін.

Әлібек:
Әуелі таңдағанын анау айтсын,
Өрескел мінезінен мен де тойдым...

Жарас:
Жігіттер,қыз жетпей ме,бұларың не?
Қыз қырғын деген осы-ау, екпіндерің
Басында тәуір еді,не қып жойдың?

Арыстан:
Жөніңді айт,олай болса кімді аласың?

Әлібек:
Сен айтшы, ниет еттің қай баласын!

Арыстан:
Жоқ, сен айт, аңысыңды байқап көрем...

Әлібек:
Солай ма, онда рақмет, жол беріпсің,
Айман ед тілегенім, соны аламын.

Арыстан:
Жолың не, жол бергем жоқ.

Жарас:
Жарайды, жолды Әлібек алмақ бопты,
Асыл қызы сол еді жарған топты.
Үлкені, кемелі де дәл өзі еді,
Қаратқан бір өзіне дүйім көпті...-деп қулана жауап қатады.

Арыстан шошып кетіп:
Тәйт,арман кет,жолым бермен,
Жорға тілге сірә да ермен,
Жамаушысың,керегің жоқ,
Айманымды берерім жоқ.

Әлібек:
Жоқ, Айманды мен де бермен,
Тартынбаспын келген керден.

Арыстан:
Алмай қойман Айманды мен,
Асырмайсың айлаңды сен.

Жарас:
Ал енді Шолпан қыз да осал емес,
Мал, дүние билігі онда босаң емес.
Ұлсыз бай соны алғанға мүлкін беред,
Етіңдер бұл жайын да қоса кеңес...

Әлібек:
Ал ендеше, Арыстан,
Келіпсің сен алыстан.
Айманды сен-ақ ала қой,
Ерегесіп қарыспан.
Қалғанына қанағат,
Шолпан-ақ болсын қайтейін,
Тілегенім,табысқан...

Арыстан:
Жоқ, ендеше таластым,
Басында мен де аластым,
Іздегенім бай қайын,
Шолпан екен лайығым.
Сөзіне көндім Жарастың.

Әлібек:
Жоқ,бұныңа көнбеймін.

Арыстан:
Мен де саған бермеймін.

Әлібек:
Айман десең Айманды,
Шолпан десе Шолпанды,
Егеске енді сермеймін.

Арыстан:
Бәсе десең Айманды,
Шолпан десе Шолпанды
Не қылсам да мен сенен
Жеңіп алып дендеймін...
Әлібек иығын көтеріп:
Жарас-ау,қайсысы Айман,
Қайсысы Шолпан,
Әуелі соны білген емес екем...
Жарас мазақтап, қулана жауап береді:
Жаным-ау, онысы да бар ма тағы?!
Шолпанның оң жағында Айман болар,
Айманның оң жағында Шолпан-дағы.
Айманның оң жағында Шолпан болар,
Шолпанның оң жағында Айман-дағы.
Маманның аспанға ұшты қос пырағы. – деп шығып кетеді.

Әлібек:
Не дейді, нені айтады қай-қайдағы!
Арыстан қиялданып:
Пай-пай дүние жалған-ай,
Екеуін бірден құшар ма ем,
Қалмас еді арман-ай! (Жарық өшеді)
Жарық жанады. Сахнаға жаршы шығады

Жаршы:
Уа, жараңдар, құлақ сал,
Шөмекейдің тойы бар!
Қызықта кімнің ойы бар,
Мынау белдің астында
Ұзын өлке бойы бар,
Сол өлкені жағалай
Тігулі тұрған үйі бар.
Үй басына сойылған
Қонаққа деген қойы бар,
Арнаулы жақсы тобына
Ту бие де сойылар.
Қыз-бозбала қуың бар,
Іркіліп шетте қалмаңдар,
Бәрін де солай дулаңдар...

Дауыстар:
Той... той... Той...

2 - АКТ

Жаршы:
Маман бай келе жатыр!
(Маман бай келеді).

Өзбек:
Уа, Маман бай сіздерге
Көтібар батыр жіберді,
Мен сонымен кеп тұрмын:
Тойға келсем қойыпты
Шөмекейдің шеткі үйін,
Лайығым менің ол емес,
Түсуіме аламын,
Өзгені емес ордасын
Маман байдың деп тұрмын...

Маман бай:
Уа,не деп тұрсың,жексұрын?

Өзбек:
Мен қалыспын тек тұрмын.

Маман бай:
Олай десе қазір міне айта бар,
Ойда ұлық,қырда қыруар малым бар.
Уау,Орынпар,Қатірімпар,Шытырымпар.
Жағалай сонау шәрлер бар,
Өрекпуін қоймаса
Татуаңдаған шолаққа
Кісенді қара құлып бар!

Өзбек:
Ал іздегенің сен болсаң
Ұр,тоқпағым,тоқ-тоқ!
Олар болса шоқ-шоқ,
Бір бай мен бір батыр,
Бәр есек,бір қошқар,
Бір теке,бір серке.
Жекпе-жек,жекпе-жек!

Маман бай:
Көтеріңдер желікті,
Көрсетіңдер ойынды.
Қандай пәле болса да,
Көтеріп алдым мінеки,
Баста қызу тойыңды.
(Айнала тұрған көп көкпар, қара жорға биін үлкен қызулы той түріне айналдыра билейді. Осы бидің аяғында Көтібар шығады.)

Көтібар:
Тоқтатыңдар!

Өзбек:
Тоқтатыңдар.

Көтібар:
Тәйт, найсап, жоғал әрі, сен көзімнен!
(Маман байға қарап)
Бетімнен алдырушы сен ғой Маман
Тұра тұр бұл бәйгеден атым келсін!

Өзбек:
Батыр-ау,бұл арада бір түйін бар
Арыстан ниетіне жол қиындар.
Маманның қызын көрмек көріспенен
Таласа келіп отыр бұл жиындар.

Көтібар:
Не дейсің,Арыстанмен кім таласты,
Сөзімен Жетірудың кім таласты?

Өзбек:
Ниеті Арыстанның Айман еді,
Алсам деп оған құлаш жайған еді.
Әлібек жолды алам деп қарсы шығып,
Сөз арты ерегіске сайған еді.

Көтібар:
(Айманға қарап)
Жарқыным таңдау сенің қолыңда екен,
Тілектің бәрі сенің жолыңда екен,
Қайсысын қабылдап ең мыналардың,
Оңың мен екі жігіт солыңда екен.

Айман:
Ойлап ем бұндай сөзден сізді алыс деп,
Ұят-ау жауапқатсақ біз шалыс кеп,
Қызыққан,таңдаған да жігітім жоқ,
Не деймін көрмей жатып көз таныс боп?

Көтібар:
(Қыздарға қарап)
Ендеше жымнан шыққан жолбарыс бар,
Шындаса бойда күшін сол қарыштар.

Айман:
Мекені жолбарыстың сар қамыстар,
Ішінде талай жәндік бар қамыстар.
Жолбарыс жымыңды ойнап көкше қоян,
Күштіні күлкі етер бар сол қамыстан.

Көтібар:
Уай,құбылған сайқал дүние-ай,
Көркейіп тұрған күйін-ай.
Уылжыған тәтті жас,
Әкетер ме ем,үйіме-ай...

Маман бай:
(Ашуланып)
Кім салды балаларымды бұл саудаға,
Жайым жоқ қорлығыңа енді шыдар.

Көтібар:
Тілесем алғызамын таңдағанын,
Күшімді ойың бар ма сенің сынар?

Айман, Шолпан:
Алдияр,қадірлі ата еркің болсың,
Егескен ершігешке балаң күлсін.
Садаға ажарыңнан кетірейік,
Өртеніп өкінгеннен шашын жұлсын.

Маман бай:
Қарашы құтыруын қу шоқпардың,
Кеселің асқақ неме өзіңді ұрсын.

Көтібар:
Солай ма, олай болса сертімді есті:
Жетіру, құл етермін құлақ кесті.
Әй Балпық, алып кет мынаны!
(Маман байдың қолын қайырып, алып бара жатқанда),

Маман бай:
Қу Көтібар асарсын,
Асарсың да тасарсың.
Көрерсің сен қорлықты
Басыңа ұлың салғанда!
(Айман, Шолпан екеуі: Әке!Әке!Жіберіңдер әкемді – деп жылап қалады).

Жарық өшіп, жанғанда бір-бірін құшақтап, жылап келе жатқан Айман,Шолпан:
Қайда кетті сұм дәурен сайрандаған-ай,
Күнім қайда қызықты жайрандаған-ай
Елім-ай,Елім-ай
Іште дертіміз қазандай,жай қайнаған-ай,
Олы болып жауыздың тайрандаған-ай
Елім-ай,Елім-ай...

Айман:
Қиын жол,ауыр күндер болды нәсіп,
Дүлей жау құтырып тұр мерей асып...

Шолпан:
Көз салып біздің күйге бойлаймысың?
Әлі де тірімін деп ойлаймысың?

Жарас:
Қиналдым-ау мен-дағы,
Мұңдарыңды есітіп
Шын маңдайым терледі.

Өзбек:
Уай,уай,апажан,
Нендей хайла болады
Шығарлық бұл қападан?

Айман:
Жарас пенен екеуің киініңдер қыздарша!

Шолпан:
Сөйтіп бізді құтқарып
Бір амалын табайық.

Өзбек:
Жүр Жарас,құп-майлы

Айман:
Қыздар,қайдасыңдар?!
Тұтқын боппыз біз мұнда,
Қол аяғын матаған
Сонда да мойын сұбаймын,
Кел сауыққа басыңдар!
(Теңге шығады).

Теңге:
Кетті деп сеніп жүрсем жауды шаба
Шырмалып қалыпты ғой қызды таба
Жасанған жау дегені жайнаған қыз
Қызғанбай қайтіп тұрам құдай тоба?..

Құрбылары:
Дәл осы сезіп тұрмын тегін емес,
Тамаша сауық, сайран, құршы кеңес,
Шапқа түрт,тұтқын емен,тоқалмын дей бер, егес....

Айман:
(Ойнақыланып, барлығы бірге Теңгені қоршап алып).
Сергелдең бар құрбылар сейіл де бар,
Бізге деген батырда бейіл де бар
Илигай-сәулем, илигай-сәулем, илигай-ай!

Теңге:
Немене, келемісің қызық іздей?
Сөйлейсің жаңа түскен жеңгеміздей!

Айман қулана:
Несі бар,батыр басын кемітем бе,
Тоқал боп тигендер де болар біздей!

Теңге:
Қарашы,бұл өнерді кім көріпті,
Қу шалға мұнда көрдім шын жерікті.
Теңгедей үйінде бар қасқыр тоқал,
Берер деп ойлаймысың ол ерікті?

Айман, Шолпан:
Еркімен көнді дейсің қай көрікті?
Таңдауды біздің қолға кім беріпті.
Байлауы батырда ғой,мен не дейін,
Бұл күнде тоқалынан ол жеріпті.

Теңге:
Сөзіңнің жаңа ұғындым дәл іргесін,
Ердің ғой осы жайды сен білгесің.
Оны да айт,қайтер едің қарсы шықса,
Сенімен тайталасып жау күндесің?

Айман:
Олай болса қайтейін
Сыбағасын беремін.
Нақсүйер қып өзімді
Теңгені күнге тіркесін,
Ағызар бастан сіркесін.

Теңге:
Солай сүйтіп құртам де,
Жауласқанның жүйкесін...

Құрбысы:
Жылы ізін суытпай ұста қуды,
Сүйер де,қызғанар да дәнемем жоқ,
Тым құрса тоқал болмай неге тудым?

Көтібар:
Дәурен-ай, дәурен-ай
Басыма түскен әурені-ай!
Кезек иіскеп жатар ма ем,
Екі бірдей сәулені-ай...
Әй, Арыстан
Келтірші шапшаң қыздарды,
Үлеске салам олжаны!..
(Қыздарды алып шығады.Төрт қыз.Бәрі де бастарына жібек шапан жамылған.)

Көтібар:
Дәурен-ай,дәурен-ай,
Келе жатқан сәулені-ай!..
(қуланып Жарастан сұрайды)

Көтібар:
Қайсысынан бастайын – дейді.

Жарас:
Қасиетті саныңыз қанша сол бойынша санаңыз – деп жауап береді.

Көтібар қулана:
(9 менің қасиетті саным – деп санай жөнеледі де, шетте отырған Жарастың басынан, бетіненсипап).
Уа, ақша бет Айман
Уа, дүние жалған
Ақ жүзіңді көрсетші
Мен де сен деп бет алғам.
Ақша маңдай қасын-ай,
Әдемі нәркес көзін-ай...

Жарас:
Көзімді шығарасың.

Көтібар:
Әй,кеселді сен кім едің?!

Жарас бұралаңдап:
Мен Маманбайдың қатынымын.

Көтібар:
Әй Балпық!
Балпық ақын:
Не бұйырасыз?

Көтібар:
Мынаны өзіңе қатын қылып ал!

Балпық ақын:
Алла разы болсын! – деп иығына салып алып кетеді.

Көтібар:
Жарықтығым, Айманжаным, қайтшы райдан,
Жаратқан айдолайым бір құдайдын!
Тап қылған сені маған тәңірім шығар,
Сескенбе кездесті деп әлдеқайдан?

Өзбек:
Аууу!Аааа!
(Өзбек қашып жөнеледі).

Көтібар:
Арыстан ұста ананы!
Қыз емес қыз дегенің бәрі азбан!

Айман:
Батыр-ау менің қанша жазығым бар?

Шолпан:
Алдыңызға иба қылып келдік қой біз.

Теңге:
Сап батыр қыздан бұрын мені жайла,
Елмісің жауымбысың сөзді байла.
Олжаға бұл қыздарды мен аламын,
Көнбесең,көріп қалам күшің сайла.

Көтібар:
Қарай гөр жер астынан жік шыққанын
Әй естіп пе ең Көтібардың сірә ыққанын?
Тұр былай,олжа десең жаныңа олжа,
Сендейдің мыңын мыжып шыныққанмын.

Теңге:
Ендеше мені жеңсең қызды аласың,
Алыспен ашылады ендігі бет!

Көтібар:
Ха-ха-ха!
Қашқын қатын мен болам ба?
Шыға ғой сыбағаңды мен беремін.

Теңге:
Олай болса алыстым,кел жекпе-жек!
Не дедің,мен бе тоқал алғызатын
Асырып көрші кәне қыз мерейін! (Бетіндегі жабуды ашып жібереді).

Көтібар:
Теңге мен ойбай қу теңге!

Айман, Шолпан:
Бәрекелді,сапарың құтты болсын жас жеңге!
(Әлібек шыға келеді).

Әлібек:
Қол тоқтаңдар!
Менің жарлығымды күтіңдер.

Әлібек Айманға қарап:
Ай күнім, Айманжаным денің сау ма?
Шырмалған ақ шабақ ең қиын ауға.
Артыңнан аласурып келдім жетіп,
Болсын деп бұл шыбын-жан саған сауға.
(Арыстан шығады).

Арыстан:
Бейнебір тасқынындай аққан селдің,
Мұнша елді жиып алып неге келдің?

Әлібек:
Келемін сүйгенімді іздеп, қорқайын ба?
Мен-дағы баласымын іргелі елдің.

Теңге:
Ал енді келісіңдер, есебін тап.
Болмаса батыр жатыр әлегін сап.
Бейбіт ел арандасып қырылады,
Кеткен соң ол құтырып қару жұмсап.

Айман:
Ендеше сен екеуіңді табысты деп қояйық,
Құшақ жайшы бір-біріңе.

Теңге:
Пысмылда, я аруақ, ата-бабам!
Сасқанда сендер демей кімді табам!
Тыңдаңдар оң құлақ менің батам!
Күйеуге осы болсын менің батам!

Құрбылары:
Алла ақпар,шырақтар,
Осы біздің жұбаптар.
Батадан аттап қайтеді,
Батыр да бұған тұрақтар.

Көтібар:
Бата қып менен бұрын жынды көкек
Қу тоқал саған мұны кім үйретті?!

Өзбек:
Батаны бала берсе де,байлау дейді.
Біз емес бұрынғылар дәл сүйдепті...

Теңге:
Батаның жөні келді,бермей қайтем
Нең шығып,сенің оған нең күйрепті?

Көтібар:
Қуарған,қатын емес,кұр сүйреткі.

Теңге:
Ал қызыңды ұзатасың,
Өзің өкіл атасың.
Сұрай келген мінекей
Берді қауым батасын.

Қауым:
Ия,бердік,бердік!

Теңге:
Сап-сап батыр,

Көтібар:
Жап аузыңда,жап!

Теңге:
Шыдай тұр,шыдай.

Көтібар:
Уа, тәйт сұмырай!

Көпшілік:
Құтты болсын,бұл сапар,құтты болсын!
Қуанышқа жастардың қойны толсын,
Бұлт айығып,күн шығып,күле жайнап,
Қас ойлаған,қара күш енді салсын!
Менде барам бұл тойға!
Менде барам сол тойға!
Менде қалман, барамын!
Той ұлассын шын тойға»
Біз барамыз шын тойға!- деп барлығы шығып кетеді
(Жарық өшіп, жанады) Рольдерде ойнаған оқушылар шақырылады.

Ұйымдастырушылар:
«Кәусәр» драмалық үйірме жетекшісі: Оразымбетов Бақытбек Әлдибайұлы
№13 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Рахматуллаева Қалдыгүл Нұрмағанбетқызы

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай