- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Аустралиялық оқушылар 13...
Аустралиялық оқушылар 13 жыл оқиды
Қиындығы мол болғанымен, берер жемісі де көп білім мен ғылым адамзат баласын өрге жетелейді. Өркениетке ұмтылған әлемнің әр тұрғыны қай жерде болмасын білім алуға міндетті. Әр елдің білім беру жүйесінде өзінше қиындықтары болады. Мәселен, Аустралия оқушылары орта мектепте 13 жыл білім алады екен. Бұл елдің білім берудегі түрлі ерекшеліктерімен таныс болайық.
Аустралияның білім беру жүйесі үш сатыдан тұрады:
Біріншісі – бастауыш сынып (Primary education), екінші сатысы – орта білім (Secondary education), үшіншісі – жоғары білім (Tertiary education). Аустралияда 5-15 жас аралығындағы әрбір жасөспірім білім алуға міндетті.
Бастауыш және орта білім беру мектептерінде не колледжде оқу жылы ақпан айында басталып, желтоқсан айында аяқталады. Ал жоғары оқу орындарында сабақ ақпан айының аяғында басталып, қыркүйек айының басында аяқталады. Мерекелік атаулы күндерде демалысты әр білім беру мекемесі өздері белгілейді.
Аустралияның оқу жылы 13 жылға созылады. Бала 5-6 жасында оқушы атанып, 13-15 жасында орта буынға көшеді. Елдегі балалардың 65%-ы мемлекеттік мектептерде, 34%-ы католиктік және жекеменшік мектептерде оқыса, қалған 1%-ы үйден білім алады.
Аустралия азаматтары да, азаматтығын алмаған тұрғындары да мемлекеттік мектептерде тегін білім алады. Ал католиктік және жекеменшік мектептерде ақылы түрде оқиды. Кітап, мектеп формасы, оқу құралдары, жазғы тынығу лагерлеріне жұмсалатын және тағы басқа шығындар мемлекет мойнында емес. Ата-ананың бір баланы толық қамтамасыз етуге жұмсайтын қаржысы 316 аустралиялық долларды құрайды.
Ел ішіндегі мектептер әртүрлі болса да, олардың бағынатын ережелері, оқу бағдарламалары мемлекеттің білім беру стандарты бойынша жүзеге асуы қажет.
Бұл елдегі мектептердің көпшілігінде оқушылар мектеп формасын киеді. Елде бірыңғай мектеп формасы бекітілмесе де, әр мектептің қабылданған мектеп формасы болуы шарт. Ал кей мектептерде киімге талап қойылмайды. Оқушылар 10-сыныпта мектептен өз еркімен кете алады. Дегенмен, статистикалық мәліметтер бойынша, оқушылардың ¾ бөлігі соңғы сыныпқа дейін қалады.
Бір қызығы бұл елдің оқушылары сабақ арасында тек екі үзіліске шығады. Бірақ, әр үзіліс кезінде 1 сағаттан демалады. Мәселен, біздің елде үзіліс 15 минутқа созылса, бұл елде тура бір сағатқа созылады екен.
Оқу бағдарламасы «жеңілден күрделіге қарай» жүйесімен жасалған. Яғни, оқушының жасы өскен сайын берілетін тапсырма да, артылатын жүк те ауырлайды. Ал бағалау жүйесіне келер болсақ, бастауыш сыныпта оқушыға баға қойылмайды. Оқу жылында оқушының сабақ үлгерімі туралы ата-анаға екі рет есеп беріліп отырады. Тек орта буынға өткен кезде ғана оқушыға «А»-дан «Е»-ге дейінгі бағалар қойылады. Бұл елдің «А» деген бағасы – біздің «бестік» бағамызбен бірдей.
Г. Берік