- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Ата-аналар iPad гаджетін...
Ата-аналар iPad гаджетін пайдалануға қарсы
Доп қуалап өскен ойын баласы да түрлі гаджетке құмартуы мүмкін. Себебі ішіндегі қызықты ойындар сананы арбап, көңілді көтереді. Өзіміз де жасы кіші бауырларымызға арнап iPhone, iPad алып беретін кездеріміз болады. Мұнымен қатар, шетелдік оқушылар сабақты осы iPad көмегімен өтеді. Алайда бұл гаджеттің пайдасы мен зияны туралы ата-аналар қандай пікірде екен?
Әрине, бір қарағанда интернетке жылдам кіріп, мәліметіңді тез табуға көмектесетін гаджеттің зияны жоқ секілді. Оның көмегімен пайдалы мәліметтерді де табуға болады.
Ережеге сәйкес техникалық прогресстің пайдасы мен зияны болады. Жақын күндердің бірінде баласы алдыңғы қатардағы мектепте оқитын ата-аналар жоғарыдағы мәселеге назар аударды. Бұлай дүрбелеңге салынуына балаларының қате жазып, әдеби тіл нормасына кіретін сөздерді білмеуі болса керек.
Қызы екі жыл бойы iPad сыныбында оқыған Бернадетт Стивенсон бұған толықтай қарсы. «Қызымның жазуы ұсқынсыз. Алғашында мұны алты жасар сіңлісі жазып берген болар деп ойладым», - деп аталған гаджеттің кері әсерін меңзеді.
Мұнымен қатар, оқушылардың тапсырманың жауабын Google браузерінен іздей жөнелетіні тағы бар. Өзі ойланып, дұрыс шешім қабылдаудың орнына, бірден интернет парақшаларын ақтара жөнеледі. Бернадетт сыныптағы құралдардың қажетсіз жерде қолданылып, ұстаздардың дұрыс бақылау жүргізбейтініне шағымданып отыр. Оны балаларға арналған тақырыпта қалам сілтеп жүрген жазушы Джуди Билклиф те қолдап отыр: "Көп оқушы бар уақытын көгілдір экранның алдында өткізеді. Осының пайдасы бар ма? Қайдан, күмәнім бар. Гаджетке қарағанда қағаз бен қаламның пайдасы мол болар деп ойлаймын".
Алайда Бернадеттің қызы оқитын мектептің директоры ата-аналардың пікірімен келіспейді. Оның айтуынша, оқушылар керісінше гаджетке ие болғаннан кейін көбірек жазып жүргендігін айтады.
"Әдетте жазу мәнері ұсқынсыз балалар үлкендер ұрысады деп көп жазбауға тырысады. Алайда гаджеттің көмегімен қатесін оңай түзетіп отырады. Бұрынғыдай жазуың нашар деп ешкім сөкпейді. Мұнымен қатар, iPad бейтаныс сөздерді бірден іздеп отыруға мүмкіндік береді", - деп гаджеттің пайдасын айтты.
Майк оқушылардың әлі де қағазға жазу жазып, сурет салатындығын, ал iPad қарындаш пен фломастерді қажетсінетін жаттығуларды орындауға көмектесіндігін алға тартады.
Кез келген нәрсенің жақсы, жаман жағы болады. Кім не десе де, таңдау еркі тек өзіңізде. Ал дұрыс таңдау жасау үшін сапалы білім қажет екенін ұмытпаңыз.
Қ. Бүйенбай