Республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған “Ақ желкен” журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқаратын ақын Асылан Тілегеннің балаларға арнап жазған “Жұмбақ өзендер” атты өлең топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.
***
Қос өзеннен бірікті,
Анау қырғыз ойында.
Қазақ хандық құрыпты,
Осы өзеннің бойында.
(Шу)
Ағар қанша дала көріп,
Балығы ойнар тап балақтан.
Көлге дейін Қара болып,
Көлден кейін Ақ боп аққан.
(Ертіс)
Жай жылжиды ақпай қатты,
Жағасын құм көп байлапты.
Мұғалжардан бастау алып,
Каспийге сәл жетпей қапты.
(Жем)
Жағасында құрақ, кіл шөп,
Тасуында – еркелігі.
Ал аңызға құлақ түрсек,
Қарт Алтайдың тентек ұлы.
(Ертіс)
Ол туралы ән керемет,
Көрсең, айтып әр бере кет.
Баяу ғана тербеледі,
Елорданы сәнге бөлеп.
(Есіл)
Жағасы аппақ көбік кіл,
Сусындап тұр өрік, гүл.
Қарап жатпай бұл өзен,
Қос құрлықты бөліп тұр.
(Жайық)
Тасып тұрған күш-ағынмен,
Түстігімнен жолықтырғам.
Сенсің арнам, құшағың кең,
Аралға нәр беріп тұрған.
(Сырдария)
Бойында төрт қаламды,
Іске бөлеп табанды.
Суғарып тұр жаз бойы,
Дән жайқалған даламды.
(Тобыл)
Көкорайы, гүл өзегі,
Су қоймасы міне жері.
Балқашыма құйып тұрған,
Жетісудің ірі өзені.
(Іле)
Бұдан қанша жыл бұрын,
Жайыққа кеп құйыпты.
Облысты үш бірдей,
Жалғыз өзі ұйытты.
(Ойыл)
Бұл өзеннің атауы,
Көне тайпа атында.
Шәмші атам ән жазып,
Жыр арнаған ақын да.
(Арыс)
Қос облыс өңірін,
Өзіне тартып тұр.
Қорғалжын қорығын,
Суменен қамтып тұр.
(Нұра)
Құрағы көп жағасында,
Таққандай-ақ дала сырға.
Қос бұрымдай қатар жатыр,
Еділ, Жайық арасында.
(Қараөзен мен Сарыөзен)
Шығысымда кәрі-жасымен,
Еңбек қылып жар басымен –
Егінді де суарады,
Ағаш тасып арнасымен.
(Бұқтырма)
Хантәңірі жұрты бұдан,
Суын ішіп, қанып жатыр.
Бір қызығы, төмен жақтан,
Жоғарыға ағып жатыр.
(Текес)
Жырау айтқан тамсана,
Ағысын көріп кешегі.
Тау мен тасты жарса да,
Аядай бұлақ деседі.
(Аягөз)
Артына із тастап ағып,
Көпке мойнын иіп жатыр.
Қазығұрттан бастау алып,
Шардараға құйып жатыр.
(Келес)
Оның үнін даласы да,
Жатады екен тыңдап аспан.
Ілияс ақын жағасында,
Өмір бойы жырға қосқан.
(Ақсу)
Жар басында тәп-тәтті өрік теріп,
Жағасында шаһармен жолық келіп.
Аумағы бір-ақ тұтам болса-дағы,
Алматыға жатыр ол көрік беріп.
(Есентай)