Балалардың әріптермен танысуы – ең маңызды кезеңдерінің бірі. Санаға әріптерді сіңіруде әліппенің көмегі былай тұрсын, сіз де өз еңбегіңізді сіңіруіңіз қажет. Мұнда тұрған ешқандай қиындық жоқ, бар болғаны қиялыңызды қосып, уақыт табыңыз. Асүйде жүріп-ақ, сауат ашу сабағын өткізе аласыз. Олай болса, мына кеңестерімізге жүгініңіз.
Ермексаздан әріп жасау
Бұл әдіс алфавитті жаттауға ғана емес, мидың жұмыс жасауына, тың идеялармен бөлісуге көмектеседі. Ол үшін параққа әріптерді жазып беріңіз, ал балақай сол әріпті ермексаздан жасасын. Өзіңіз де жанына отырып, басқа әріпті мүсіндеңіз. Аптасына 2-3 рет 10 минут арнаңыз.
Ұн, топырақ бетіне әріптер жазу
Балақайлар тәртіп бұзғанды жақсы көреді. Қарапайым ақ параққа жазғаннан гөрі мына әдіске жүгініп көріңіз. Ас үйде тамақ әзірлеп жүріп, үстел үстіне шамалы ұнды сеуіп қойыңыз. Әріптерді сол ұнның бетіне жазсын. Өзіңіз қадағалаңыз. Далада серуендегенде немесе құм үстінде ойнаған кезде топырақ бетіне әріптер ойыңыз. Балақай да сіздің әрекеттеріңізді қайталасын.
Журнал, газет беттеріндегі әріптерді қию
Баланың қолына қайшы беріп қойсаңыз, көрінген затты қия бергісі келеді. Бір мезет балақайды жаныңызға алып, ескі газет-журнал мен қайшы беріңіз. Ол сіз көрсеткен әріптерді газет беттерінен қиып отырсын. Қауіпсіздік шараларын қадағалаңыз.
Әріп пішінді печеньелер пісіру
Қазіргі таңда әріп пішінді печеньелерді сатып алуға болады. Дегенмен сол тәттілерді өзіңіз балақаймен отырып пісіріп көріңізші. Қалыптардың көмегімен қамырдан әріпті өзіңіз ойып көрсетіңіз, кейін балаңызға көрсетіңіз. Ол сіздің әрекетіңізге қатты қызығатын болады.
Құрастырғыштардан әріп құрастыру
Балалар құрастырғыштардан үй, көлік, мұнаралар құрастырғанды жақсы көреді. Осы жолы әріп құрастырып көрсін. Бұл әдіс баланың қызығушылығын арттырады.
Әріптерді көрінетін жерлерге қою
Бала көп жүретін бөлмеге әріптерді ойып, іліп қойыңыз. Қазіргі таңда шеберханаларда үй интерьеріне арнап неше түрлі бұйымдар жасап береді. Әріптерді жұмсақ жастық етіп әдемілеп жасатып алсаңыз, баланың есінде әріптер тез жатталады.
Қолыңызға түскен заттан әріп жасау
Әріптерді тек параққа жазу заңдылық емес. Макарон, түйме, тас, жарма, шақпақ қанттан да құрастырып жасасаңыздар болады.
Әріптерді жасыру
Қағаздан қиып жасалған немесе пластикалық әріптерді жайып тастаңыз. Балақай барлық әріптерді қарап алсын да көзін жұмсын. Ал сіз 1-2 әріпті тығып тастаңыз. Кейін балақай тауып көрсін. Одан әрі 2-3, кейін 3-4 әріптен жасырыңыз, орындарын ауытырып қойыңыз. Осы тәртіппен бала жалыққанша ойнаңыз. Бұл әдіспен де әріптер оның санасында жатталады.
Әріптерді саусақпен жасыру
Балақай өзі білетін әріптерді саусақтарының көмегімен бейнелеп берсін. Ал сіз тауып көріңіз. Кейін ауысыңыз, сіз бейнелеп жасырыңыз, ол тапсын.
Ал сіз балақайға әріпті қалай үйретесіз? Өз тәжірибеңізбен де бөлісе отырыңыз.