Әпке мен сіңлі – ананың көмекшісі. Кей қыздар – әкесінің қолғанаты. Бұл туралы кейінірек әңгіме өрбітетін боламыз. Әпкенің ісіне қарап, оны үлгі тұтып, ақыл сұрап, тәлім алу – сіңлінің міндеті. Ал әпке сіңлісі үлгі аларлықтай өнегелі эталон болу тиіс.
Оқушы кезінде анкета толтырса «Кумирің кім?» деген сауалға «әпкем» деп жазарлықтай бола алу керек. Бұл үшін барын салып тырысып қажеті жоқ, ол үшін жасандылық та артық.
«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды». Кей жанұяда да қыздардың әңгімесі жараспай жатады. Кейбірі «тезірек оқуға кетсең екен, үйде өзім қалатын» деп артық айтады. Бұл сөздің соңы немен аяқталарын басынан өткізгендер де білетін болар. Шынымен әпкесі оқуға кетіп, телефонмен сөйлесе қалса, әңгімені «қашан келесіңнен» бастайды.
Олар бір-бірінің қадірін осындай сәтте біледі. Бауырдың аты – бауыр. Үй тірлігінде жұмыстарды бөліп, табыстаушы – үлкен әпке. Ата-анадан кейінгі сөзі жүретін беделді адам. Сырт қарағанда кадр бөлімінің меңгерушісі. Кейбірі одан қорқады.
Әпкелерінің сіңлілері қандай болады екен?
Кейбірі үлкеннің сөзіне де, кішінің сөзіне де – жақ. Кейде олар бейтарап қалады. Кішісіне сырын ашады, құрбы бола алады.
Енді бірі сәл ерке. «Әкесінің қызы» деген дәрежемен жүрген соң, оған көп тапсырыма беріле бермейді. Себебі еркеліктен орындалмасы анық. Егер құлшынысы артып жасағысы келсе, берілген істі жауапкершілікпен атқаратын болады.
Ал үйдің ең кіші қызы ше? Оған сыр айтуға болмайды. Бар шындықпен бопсалау, күнделікті оқып қойып, «анада не бүлдіргеніңді білемін» деген сөздер – оның ұтатын жері. Торттың ең үлкен тілімі, қарбыздың "жүрегі", кәмпиттің сырты әдемірегі – оның еншісі.
Олардың әрқайсының жанұяда алатын орны ерекше. Әдетте, сіңлілер әпкенің жолымен жүріп, оның ойын қабағынан танып өседі. Бұл ретте жас аралығы да әсер етпей қоймайды. Егер апалы-сіңлілердің арасы айтарлықтай алшақ болса, үлкені кішісіне қамқорлықпен қарап, үлкендік ақылын айтып отырады.
Ал егер тетелес өссе, еркеліктерін жарыстырып, асыр салып ойнап, бірге өседі. Танымдары да қатар өседі. Олардың арасында ойыншық та, бұйым да, киім де – бәрі-бірі ортақ. Мінездеріндегі айырмашылықтың әсерінен кикілжің де туып жатады.
Психологтар тете өскен қыздар арасындағы сезімталдық басым болады деп есептейді. Ал кейінгілері сезімдерін көрсете бермейді екен. Бастарына іс түскенде, сағынғанда немесе көңіл толқытарлық жағдай туғанда сезімдерін ақтарады.
Ақыл айтып, жол түзеу осыларға тән. Ал екінші топқа жататын апалы-сіңлілер бірдей ойлайды. Себебі, жоғарыда айтқандай танымдары қатар.
Сіз қай топқа жатасыз?