Ана мен қызы. Отбасылық байқау сценарийі

Мақсаты: 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай сынып қыздары мен аналарына арнап көңілді кеш сыйлау, ата-ана, мектеп, оқушы үштік одағын бекіту

Міндеті:

- Оқушының ойын еркін жеткізе алуын, салыстыру, салғастыру жүйесін қадағалау;
- Оқушының ортада өзін көрсетуін, топпен жақсы қарым-қатынас құруына себепші болу;
- Ата-ана мен баланың қарым-қатынасын анықтау;
- Қоршаған ортаға қызмет ететін тұлғаны тәрбиелеу.

Әдіс-тәсіл:

- репродуктивті;
- ағартушылық;
- эвристикалық;
- зерттеу;
- тілдесу;
- жеке жұмыс;
- топпен жұмыс;
- "Жауап тізбегі", "Гүл сыйлаймын, себебі" интерактивті әдіс

Қажет құралдар:

- бағалау тақтайшалары;
- жауап парақшалар;
- табиғи гүл (қатысушы санына қарай), қолдан жасалған гүл (қатысушы санына қарай). Қатысушылар гүлді әкелу себебін білмеуі тиіс. Бұған қатысты тапсырма ойын барысында түсіндіріледі.

Жас ерекшелігі: орта буын оқушылары

Әділқазы алқасы алдын ала тағайындалады.

Байқауға сыныптағы қыздар мен олардың анасы қатысады. Екі адамнан құралған команда кейде өздері, кейде өзге топтармен қатысады. Қатысушы реттілігі жеребе бойынша анықталады.

Барысы:

Қайырлы күн, ханымдар мен ханшайымдар! Мерекелеріңізбен! Әлемнің әдемілігін бойыңызға жиып, бар мейірім, жылуын таратып жүргендеріңізге алғыс білдіреміз. Осы мерекеге орай сіздерге керемет көңіл-күй сыйлау мақсатында осындай қызықты шара ұйымдастырдық. Бізге керегі – ептілік, ал сізге – сәттілік! Білім мен біліктіліктеріңізді осы ортаға салып, өзіңізді танытатын сахнаға қош келдіңіздер!

Алдымен, сайысты бастамас бұрын "Гүл сыйлаймын, себебі" атты интерактивті қарым-қатынас құрайық. Ол үшін алдын ала үлестірілген гүлдерді белгілі бір реттілікпен таратады. Ең бірінші командадағы ана қолындағы табиғи гүлді өзге қатысушылардың қалағанына сыйлап, "Гүл сыйлаймын, себебі..." деп, ойын жалғастырады. Ал екінші қатысушы – қыз бала қолдан жасаған гүлін "Гүл сыйлаймын, себебі..."деп сыйлап, анасына тілегін айтады. Кезекпен басқа топтар да жалғастырады. 10 минут

(Бұл әдіс ана мен қызы арасындағы ерекше махаббаты сезу, топтар арасындағы бірлікті көрсетуге болады. Жүргізуші ойынның тез өтуін қадағалуы тиіс)

Байқау кезеңдері

І. Түсті тест
ІІ. Өнер бәйгесі
ІІІ. Ас үй ханшайымдары
ІV. Капитан бәйгесі
V. Жауап тізбегі

І. Алғашқы кезең "Түсті тест". Көрсетілген тапсырманың жауаптарында түс атаулары ғана берілген. Мүдірмей тез жауап парағына белгілеу керек.

1 . Теңіз атауына иемденбеген түс
а) қара  ә) қызыл  б) көк  в) сары

2. Кемпірқосақта жоқ түс
а) сарғыш  ә) жасыл  б) күлгін  в) қызғылт

3. Көк+қызыл=?
а) күлгін   ә) қызғылт   б) жасыл  в) қара

4. Рапунцель шашының түсі
а) қызыл  ә) қара  б) алтын  в) күміс

5. Индиго түсінің негізі –
а) қою жасыл сары  ә) қою қызыл  б) қою көк  в) күлгін

6. "... орамалды шынарым". Сахналық қойылым атауын толықтырыңыз
а) сары  ә) қызыл  б) ақ  в) көк

7. Канада туындағы үйеңкі жапырағының түсі
а) қызыл  ә) ақ  б) сары  в) жапырақ бейнеленбеген

8. Сары+қызыл=?
а) жасыл  ә) сарғыш  б) қызғылт  в) көк

9. Мемлекеттік Әнұранда жиі айтылған түс
а) қызыл  ә) көк  б) ақ  в) алтын

10. Ұшақ қара жәшігінің түсі
а) жасыл  ә) қара  б) ақ   в) сарғыш

Жауаптары:

1. б
2. в
3. а
4. б
5. б
6. ә
7. а
8. ә
9. в
10. в

Сұрақтар кезек-кезегімен тақтада көрініп тұруы керек. Тест қорытындысын анықтау үшін жауап парақшасын жинап, әділқазылар есептейді. 10 минут

ІІ кезеңде қатысушылар команда болып, өз өнерлерін ортаға салады. Анасы да, қызы да өнер көрсетеді. Команда қатысушыларында тандем болуы шарт. Мәселен, бірі ән айтса, екіншісі билеп дегендей.

Әділқазылар кезең соңында берген ұпайларын жоғары көтеріп, бағалайды. 30 минут

ІІІ. Ас үй ханшайымдары

Анасы мен қызы сахнада дастархан жаяды. Бұл кезеңге 20 минут уақыт беріледі. Қатысушылар жартылай дайындап келген тағамдарын үстелге қойып, дастарханды әрлеуге кіріседі. Отбасылық дәстүр, ыдыс-аяқтың қойылу реттілігі, отбасыдағы ең ерекше сүйіп жейтін тағамдар туралы айтып, дастархан мәдениеті туралы бірер сөзбен қорғайды. Бұл кезеңде креатив пен отбасылық дәстүр көрінуі тиіс. 25 минут

Осы уақытта сынып ұлдары қыздарға, аналарға арнаған өнерлерін көрсетеді. Әділқазы алқасы дастарханды қарап, бағалайды. 

ІV. Жауап тізбегі

Қатысушылар сахнаға жиналады. Алғашқы қатысушыға сұрақ қойылады, ол сұраққа дұрыс жауап берсе, екінші қатысушы оның қолынан ұстайды, екінші қатысушыға сұрақ қойылады, ол дұрыс жауап берсе, келесі қатысушы қолынан ұстайды. Егер қате жауап берсе, тізбек үзіледі. Екінші тізбек қайтадан басталады. Бұл ойын қатысушылар арасындағы бірлікке негізделген. Жеңілдік: жауаптар "А" әрпінен басталады. Сонымен, сұрақтар.

Сұрақтар:
1. Қара сөз авторы.
2. Америкалықтар сөйлейтін тіл.
3. Операда шырқалатын ән жанры.
4. Әйнекті кесетін тас.
5. Ньютонның басына түскен жеміс.
6. Партаға отырғанда, ұйықтап қалған аң.
7. Жылдың екінші айы.
8. Біреудің біреуге сеніп тапсырылған заты не тілегі
9. Судың грекше атауы
10. Өзінен жарық шығармайтын Жерге ең жақын аспан денесі
11. Тауда өмір сүретін сүтқоректі
12. Белгілі бір затқа адам ағзасының кері әсер ету реакциясы
13. Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы атауы
14. Су бетінде отбасымен жүзетін құс
15. Шырша тектес өсімдік
16. Туыс, туысқан, бауыр сөздерінің синонимі
17. Мұхтар Әуезовтің төрт томдық туындысы
18. Канберра қай елдің астанасы?
19. Шерлок Холмс авторы
20. Әлемдегі ең аяулы жан.

1. Абай. 2. Ағылшын. 3. Ария. 4. Алмас. 5. Алма. 6. Аю. 7. Ақпан. 8. Аманат  9. Аква. 10. Ай . 11.Арқар. 12. Аллергия. 13. Астана. 14. Аққу . 15. Арша . 16. Ағайын. 17. Абай жолы. 18. Аустралия . 19. Артур Конан Дойл. 20. Ана.

Сұрақтарды жүргізуші жылдам оқиды. Қатысушылар дереу жауап беруі тиіс. Әділқазылар жылдамдық ен дұрыс жауапқа мән беріп, бағалайды. 10 минут

Байқау қорытындыланады. Әділқазы алқасы шешім шығарғанша бір музыкалық нөмір орындалады. Жүргізуші байқау жеңімпаздарын жариялап, құттықтайды.