Тұрақты оқырмандарымыздың бірі редакциямызға хат жолдаған екен. Оның мазмұны төмендегідей: «Сәлеметсіздерме, менің есімім Сансызбай Анар. Осы жылы отбасыммен Сарыжаз ауылы, Райымбек ауданынан Алматы қаласына көшіп келдік. Баламды жаңа мектепке орналастырдым. Менің баламның жасы 13-те. Бірақ тақтаға шығып сабақ айтуға қорқатын әдеті пайда болды. Тіпті, тақтаға шықпау үшін үй тапсырмасын жасамадым деп өтірік айтады. Күн сайын бағасы да төмендеп келеді. Бұл туралы өзі де айтады. Оған қалай көмектесерімді білмеймін. Мүмкін сыныптастарымен сыйыспай жүрген болар...».
Анар, біз балаңыз қиындықтарымен бөлісетініне қуаныштымыз. Бұл қорқыныш көп адамның басынан өткен. Яғни оны жеңуге болады.
Мүмкін сіздің болжамыңыз да рас болар. Сіздер бұл жерге жаңадан көшіп келгендіктен, жаңа ортаға үйрене алмай жүруі әбден мүмкін. Ол тақтаға шыққан кезде қате бір нәрсе айтып қойсам, мұғалім ұрасады, немесе сыныптастарым күлкі етеді деп қатты қорқады. Яғни дәл осындай жағдай басынан өткен. Оның бұдан былай қайталанғанын еш қаламайды.
Өтпелі кезеңде бойдағы сенімділік жоғала бастайды. Құндылықтар да өзгереді. Ол өсіп үлгермесе де, айналадағылар оған атан түйенің жүгін артуда. Осылайша бұрын-соңды жолықтырмаған оқиғаға тап болады. Оған көмектесу үшін төмендегі әрекеттерді жасай аласыз:
1. Онымен сөйлесіңіз. Тақтаға шыққан кезде нақты неден қорқатынын анықтап көріңіз. Мүмкін ұстазы немесе өзге оқушылар ұялтып, ұрысқан болар.
2. Мұндай қиындықтың бәрінде болатындығын айтыңыз. Өтпелі кезеңде барлығы тек бір өзінде ғана болып жатқандай көрінуі мүмкін. Өз өміріңізден, немесе атақты адамдардың өмірінен осыған ұқсайтын мысал келтіріп, шешімін айтыңыз. Өзі іштей қатты қорыққанымен, мұны басқалар байқамайтындығын ескертіңіз.
3. Бұл қиындықтан сабақты өте жақсы оқу арқылы арылуға болады. Қажет болса, айнаның алдында тұрып үй тапсырмасын бірнеше мәрте қайталасын.
4. Ұстаздары мен оқушылары қоюы мүмкін деген сұрақтарды алдын ала болжап, оларға жауап іздесін.
5. Әрине, барлық тапсырманы бірден сақадай сай етіп орындау мүмкін емес болар. Сол себепті мұғалім шақырған кезде ғана емес, керісінше өзі қол көтеріп, тақтаға шығу тәсілін ұсыныңыз. Бұл «тосын сыйға» қарағанда әлдеқайда жақсы.
6. Жақтаушыларға мән беруін өтініңіз. Жасөспірім тақтада тұрған кезде қарсы пікір айтыла қалса, қорқып кететін сәттер болады. Сондықтан оларға назар аудармай, жақтаушыларының қолдауын естуді үйретіңіз.
7. Инициатива танытуға бағыттаңыз. Кей мұғалім баланың индивидуалдық ерекшелігін ескермей, бірден нашар оқитын оқушылар тізіміне қосып қоятын әдеті бар. Сол себепті балаңызды қоңырауда мұғалімге барып қосымша тапсырма алуға, немесе баяндама тақырыбын сұрауға көндіріңіз. Осылайша ол келесі сабақта не айтатынын нақты білетін болады. Екіншіден, мұғалімнің көзіне түседі.
8. Жағдайдың тым нашар екенін сезсеңіз, балаңызды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі «Алтын сапа» сынды пікір-талас клубына жаздырыңыз.
Құрметті оқырмандар және ата-аналар! Мектеп қиындықтарына байланысты сұрақтарыңыз болса, massaget.kz@gmail.com поштасына жолдауыңызға болады. Біз өз кезегімізде мамандардан кеңес сұрап, оқырмандармен бірге талқылайтын боламыз.
Ал Сіз бұл қиындықтың қандай шешімін ұсынар едіңіз?
Сурет: massaget.kz