Ахмет Байтұрсынұлы. Бастауыш мектеп

Қазақ бастауыш мектебi қандай боларға керек? Бұл туралы пiкiр айтылған жоқ. Петербургта болатын мұсылман кеңесiнде мектеп мәселесi қаралмақшы, оған қазақтан баратын адамдар қазаққа қандай мектеп керек екендiгiн бiлiп барарға тиiс. Сондықтан «Қазақ» өз пiкiрiн айтып, жұрт құлағына салмақшы.

Осы кезде қазақ балалары оқуды екi түрлi бастап жүр. Бiреулерi оқуды алдағы мектептен бастайды, екiншiлерi ел iшiндегi орыс школасынан бастайды…

Әуелi ауыл мектебiнен басталық. Осы күнгi ауыл мектептерiн мектеп деп айтарлық емес. Оқуға керек құрал жоқ, оқыта бiлетiн мұғалiмдер аз. Сонда да қазақша хат бiлушiлердiң процентi мұжықтардан жоғары. Осы күнгi тек хат жаза бiлетiн қазақтардан бастап газета, журнал, кiтап шығарып жатқандары­мыздың бәрi де сондай мектептерден оқып, хат танып, жазу үйренiп шыққандар. Мұнан көрiнедi: осы күн­гi мектептер осыншама жайсыз, күйсiз қалыбында халық арасына оқу, жазуды мұжықтар арасынан гөрi көбiрек жайып жатқаны, бұл мектептiң халыққа жа­қын­дығы, балалар бiлiмдi ана тiлiмен үйренгендiгi.

Алайық ендi орыс школдарын: қазақ арасындағы орыс школдары ауылнай, волосной, екi класты школдар. Бұлардан бiтiргендер iлгерi оқымаса, онда жоқ болып шала оқумен қалады. Елде бiр-екi жыл тұрса, оқығанның көбiнен айрылып, оқымағандармен бiр­дей болып, оқыған еңбек бос кеткен есебiнде қала­ды. Бұл күнде екi класты школ бiтiргендерден ауылнай, учитель, писарь болып жүргендерi бар екенi рас, бiрақ бастауыш мектепте үйренетiн бiлiм жұрттың бәрiне тегiс керек бiлiм ғой. Адамға тiл, құлақ, қол қан­дай керек болса, бастауыш мектепте үйренетiн бiлiм­дер де сондай керек. Осы заманда хат бiлмеген адамның күйi, тiлi я құлағы, я қолы жоқ адамның күйi­мен бiрдей, мұнан бұлай хат бiлудiң керектiгi онан да аспақшы. Бастауыш мектептен оқығандар писарь, инженер, агроном болар демей, ең әуелi, қазақша толық хат бiлетiн дәрежеде болуын көздеу керек. Екiншi, бастауыш мектептен үйренген бiлiм әрi оқимын дегендерге негiз боларлық жағын көздеу керек. Егер де бастауыш мектептен оқып шыққандар iлгерi оқымай, үйiнде қалса, ұлт әдебиетi мен мәт­бу­ға­тының мүлкiн пайдаланарлық дәрежелi бiлiммен қалсын. Әрi оқимын деген халде мұсылманша оқыса, бастауыш мектеп оқуы артқы оқудың негiзi болуға жа­ра­сын, орысша оқыса, орысша үйренудiң қиын­дығын жеңiлдетерлiк демеу һәм негiз болуға жарасын.

Жоғарыда айтылған қазақ iсiндегi осы күнгi екi түрлi бастауыш мектептiң екеуi де көңiлдегi мектеп­тер­дiң түрiнен табылмайтын мектептер. Бiрiнде оқуға керек құрал жоқ, тәртiп жоқ, мөлшер жоқ, жоспар жоқ. Халық оқуды керек қылғандықтан жаман да болса, жоғынан бары артық дегенмен iстелiп отырған iс. Екiншiсiнде, яғни орысша школдарда тәртiп те бар, құралдар да сай, мөлшер, жоспар бәрi де бар. Бiрақ сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемiтiп отырған бiр-ақ нәрсе – қазақты орысқа аудара­мыз деген пiкiр бәрiн бүлдiрiп отырған. Сол школ­дар арқылы қазақ тiлiн жоғалтып, орыс тiлiне түсiремiз дейдi, қазақ тұтынып отырған араб әрпiн тастатып орыс әрпiн алдырамыз дейдi. Сол үшiн әуелi балалар ана тiлiмен оқымай, орыс тiлiмен оқысын, ана тiлiмен оқыса да орыс әрпiмен оқысын дейдi. Соның үшiн бiреулерi ана тiлiнде оқыған аты болу үшiн қазақ тiлiнде орыс әрпi басылған кiтаптардан бастап оқып, әрiрек барған соң кiлең орысшаға түспек керек дейдi. Бұл еппен қайырмалаушылардың жолы. Бiреулерi еп-септi қойып, бiрден орысша оқыту керек дейдi. Өткен он төртiншi июньде патша жарлығы бойынша шыққан правилада Россиядағы бөтен тектi жұрттардың мектебiнде бастапқы екi жыл ана тiлiнде оқылсын деген. Ол правилаға оқу министрi қол қой­ған. Оның бер жағында Қазан округiнде бiр инспектр попечительге жазған учителдер чуваш әрiп­терiмен оқытпай, бiрден орыс әлiппесiмен оқытқанды оңай көре­дi деп. Оны попечитель министрге жеткiзген. Министр ендi жазып отыр: чуваш мектебiнде орыс әлiппесiнен бастап оқытқанды бек ұнаттым, бек келiстi iс екен деп. Сөйтiп чуваш балаларын чуваш тiлiмен һәм чуваш әлiппесiмен оқытпай, бiрден орыс тiлiмен, орыс әлiппесiмен оқытуға министр батасын берiп отыр. Бастапқы екi жылда ана тiлiмен оқытуға тиiс деген правилаға қол қоюшы да министр, онан кейiн ана тiлiмен оқытпай, бiрден орыс тiлiмен оқыту­ды ұнатушы да министр. Бұл екi қағаздың қайсысы iске асып, қолдануға болмақшы? Қайсысы үкiметке жағымды болса, сонысы iске аспақшы. Үкiметке жағымдысы қол астындағы жұрттың жазу-сызуы, тiлi, дiнi бiр болу. Россия қол астында түрлi тiлдi, түрлi дiндi, түрлi жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрi тiлiн, дiнiн, жазу-сызуын орысқа аударса, үкiметке онан ұнамды iс болмақ…

Бастауыш мектептер жалғыз үкiмет пайдасы үшiн болмай, халық пайдасы үшiн де боларға керек. Үкi­мет­ке керегi өз дiнi, бiр жазуда болу, әр халыққа ке­регi өз дiнi, тiлi, жазуын сақтау. Солай болған соң бас­тауыш мектеп, әуелi, миссионерлiк пiкiрден, поли­тикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың дiнi, тiлi, жазуы сұмдық пiкiр, суық қолдан тыныш боларға ке­рек. Қазақ дiнге нашар күйден өткен, ендi қазақты басқа дiнге ауыстырам деу құр әурешiлiк. Қазақты дiннен айыруға болмаса, жазуынан да айыруға болмайтын жұмыс. Араб әрпi ислам дiнiмен бiрге келiп қазаққа орнаған. Дiнмен байласқан жазу дiн жоғал­май жоғалмайды. Қазақта газета, журнал, кiтап жоқ кезiнде жоғалмаған тiл газета, журнал шығып, кiтап­тары басылып, жылдан-жылға iлгерi басып келе жатқанда қазақ тiлi жоғалмас.

Олай болса, мектеп арқылы қазақтың дiнiн, тiлiн, жазуын жоғалтып, орысшаға аударамын деген пiкiр­ден үкiмет безiп, тиiстi бастауыш мектеп екi жаққа да зиянсыз, пайдалы болуын көздеу керек.

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ.
“Қазақ” газетi, 1914 жыл.