Ағылшын тілін үйрену оңай

Ағылшын тілін үйрену оңай
Фото: http://www.paperpks.com

Ағылшын тілі – технологияның тілі. Үш тілділік саясатын ұстанатын біз үшін ағылшын тілін меңгеру басты міндет. Неғұрлым көп тілді меңгерген сайын, соғұрлым мүмкіндігіміз де арта түседі.

Ағылшын тілін үйрену үшін күнде бір сағатыңызды бөлсеңіз жеткілікті. Жазылым мен тыңдалымға көп күшіңізді жұмсасаңыз, сіздің деңгейіңіз көтерілері сөзсіз.

1. Диктант жазыңыз.

Ғаламторды шарлап, түрлі оқу құралын соның ішінде тегін бағдарламалрды жиі іздейсіз бе? Онда сізге диктант жазуға мүмкіндік беретін қызықты сайттарды ұсынамыз.

• Dictationsonline — мәтін анық әрі түсінікті. Ағылшыншаңыз төмен болса да мойымай, жұмысқа кірісіңіз.
• Rong-chang — қиындық деңгейі бойынша жіктелмеген. Алғашқы диктанттан бастап ілгері жылжи бергеніңіз дұрыс. Әр диктант 10 сөйлемнен тұрады.
• Breaking News English — егер ағылшын деңгейіңіз  жоғары болса, яғни, Intermediate деңгейінде меңгерген болсаңыз, бұл – сіз үшін таптырмас сайт. Шынайы болған жаңалықтарды диктант ретінде оқиды. Сонысымен қызық.

Егер диктантты жазуды қаламасаңыз, әндер тыңдаңыз. Естіген ән мәтінін қағазға түсіріңіз.

Жалпы диктантқа кететін уақытыңыз шамамен 10-15 минут.

2. Эсселер жазыңыз.  

Тілді дамытуға арналған ең тиімді мүмкіндік – эсселер жазу. Өзіңіздің сүйікті ісіңізді, отбасыңызды, достарыңызды сипаттаудан бастаңыз. Жазу барысында сөздік кітаптарын қолдануды ұмытпаңыз. Осылайша, әр сабақ сайын сіздің сөздік қорыңыз арта түседі.

Қысқа эссені жазуға жұмсайтын уақытыңыз – 20 минут.

3. Аудиокітаптарды тыңдаңыз.

Көлік арқылы ұзақ жол жүретіндер үшін немесе жаяу серуендегенді ұнататындар үшін ең үздік нұсқа – аудиокітаптарды серік ету. Құлағыңызға құлаққапты салып алып бір оқпен екі қоян атып аласыз: ішіңіз пыспайды әрі пайдасы зор.

• Storynory —  балаларға арналған ертегілер жинағы. Ағылшын тілін жаңадан үйреніп бастағандар үшін таптырмас құрал.
• Loyal Books —  түрлі жанрға жіктелген ағылшын тіліндегі кітаптардың алтын қоры.
• Scribl — бұл бағдарламада тегін әрі ақылы кітаптар бар. Онлайн тыңдай аласыз. Егер жүктеуді керек етсеңіз, алдымен тіркелгеніңіз абзал.

Кішкентай бір ертегіге 10-15 минут уақытыңызды жұмсайсыз.

4. Бұрыс етістіктерді жаттаңыз.

Бұрыс етістіктер жазылған кестені параққа шығарып, іліп қойыңыз. Күніне бес сөзді үш мезгіл жаттап тұрыңыз. Дәл дәрі қабылдаған секілді. Аудармасын қасына жазуды ұмытпаңыз.

Күннің бір сағаты жылдың 365 сағатына тең. Яғни, сіз осылайша 3 айлық ағылшын тілін оқытатын арнайы курсттың бірнешеуін тегін аяқтап үлгересіз. Нәтиже сізді қуантары сөзсіз, сондықтан ерінбеңіз!

Т. Есқали