«Рапунцель» - адамзат тарихындағы ең қымбат мультфильмдердің бірі. Оған жұмсалған қаржы Аватардың бюджетінен де көп. Бірақ аталған мультфильм жұмсалған қаржыны ақтай алды ма?
Әрбір детальды сапалы бере білген, кейіпкерлердің мимикасы анық көрінетін туынды. Құдды қолдан салынған сурет емес, адамдар сомдайтын кейіпкері бар фильм көріп отырғандай әсерде боласыз. Бұл жерде қорқынышты құбыжықтар, сөйлейтін печенье мен жануарлар, ұшатын айдаһарлар жоқ.
Жастық шақ сыйлайтын қасиеті бар Рапунцельдің сиқырлы шашы фэнтезидің бір элементі. Жоғары бағаланатын ағайынды Гриммдер туралы ертегіде де мұндай жоқ. Сірә, идеясын "Жасыл миля" фильмінен алған болар. Мейірімді, қара нәсілді Джон Коффи өзінің қолын ұстаған адамдарды қайта тірілтіп, оларды жасарту қасиетіне ие болған. Бұл фильм туралы да алдағы уақытта жазатын боламыз.
Кейіпкерлердің болмысын аша білген. Әрқайсының өзіне ғана тән ерекше қасиеттері бар:
Рапунцель: Өзінің ұзын шашын бұғалық (америка аңшыларының арқан жібі) ретінде пайдаланатын сұлу қыз. Ақылы көркіне сай. Арасында қулығы да жоқ емес. Арманына жету үшін ешнәрседен тайынбайды. Қатты ашуланса, табамен басыңыздан ұруы мүмкін. Көзінің мимикалары жақсы салынғандықтан, оның көңіл күйін бірден біле беруге болады. Үнемі Юджин үшін бәйек болып, оны түрлі қиындықтан құтқарып жүреді.
Флинн Райдер: Қыздардың жүрегін жаулап жүрген жігіт өзін мінсізбін деп ойлайды. Оның образын Эдриан Броудиге қарап жасаған екен. Өзінің шынайы есімін біліп қоймаған уақытқа дейін қу, батыл, қалжыңбас болатын. Мультфильмді жасап шығарушылар оның үйдің төбелеріне секіріп, қарақшылардың көзінше ұрлық жасау әдетін Assassin`s Creed атты компьютерлік ойынға қарап жасаған. Мұнымен қатар, жоғарыда аталған ойындағыдай оны іздестіру туралы плакаттар ілініп тұратын еді. (Wanted Dead Or Alive мен Ricercato Vivo o Morte).
Юджин: Шынайы есімі Флинна. Жан дүниесіндегі сырды сыртқа шығарса тұра алмайтын романтик. Өзіне барынша сенімді жігіт махаббат сезімінің арқасында қой аузынан шөп алмас жуас жанға айналады. Нәзік жанды аруларға осындай жігіттер ұнайтындықтан образына нәзіктік сынды қасиеттер телінген секілді.
Құбылғы Паскаль: Рапунцельдің мұнараның ішіндегі жалғыз досы. Әрі бір-біріне үйренісіп қалған. Жоқ бола қалса, іздей жөнеледі. Оның да мимикалары көңіл күйін анық көрсететіндей дәл берілген.
Максимус (ат): іздеу жұмысын жүргізіп, қылыштаса білетін ат. Көкірегі шығыңқы болғандықтан, жаттығу залына барып шыныға ма деген ой келеді. Ақылы иесінен артық. Сөйлемейтіні де өзіне жарасады. Мультфильмде параға алма алатын сәттері қызық бейнеленген.
Готель: Қалыңдықтың мәйіті фильміндегі Эмилиге ұқсайтын қатал әйел. Ертегілердегі жалмауыз кемпірмен ұқсастығы бар. Рапунцельді ұрлап, оны 18 жыл бойы қамауда ұстайды. Мұндағы мақсаты – шашының сиқырын жасару үшін пайдалану. Оның киіну мәнері мен қылықтары балаларға арналған фильмдерге қарағанда, қаһарлы мінезі бар бірнеше кейіпкері бар туындыға сай келетін сыңайлы. Өлеңдері құлаққа жағымсыз естіледі. Балалар көзбен де, құлақпен де қатар қабылдайтындықтан, оларға барынша сапалы дүниелерді ұсынғанымыз жөн. Кейіпкеріміздің опасыз әрекеттерін көріп, күлге айналған тұста көрерменнің масаттанып қалуы да ғажап емес. Кейбір сыншы оны Стокголм синдромына шалдыққан кейіпкер деп бағалайды.
Барлық жастағы адамға арналған мультфильм еріксіз күлуге мәжбүрлейді. Алайда сонау мұнараның басынан сүйретіліп жататын қолаң шашын кескен кезде, көкейде өкініш пайда болады.
Олай болса, ұзын шашты қыздарымыз бен қанша ойнаса да құмары қанбайтын ұлдарымыз, жазғы демалыстарыңыз қызықты өтсін!