Мектеп қабырғасында оқып жүрген кез келген оқушының арманы «А» сыныбында оқу. «А» сыныбында оқитындардың бәсі бәрінен жоғары болады. Оған не себеп? Мектеп қабырғасындағы оқушылардың бұлай бөлінуіне әсер еткен не? Сараптама жасай, мынандай тұжырымдарға келдік.
«А» сыныбында оқитындар кімдер?
- Оқу озаттары;
- Қалталы азаматтардың балалары;
- Қабілетті оқушылар;
Бұл тенденция мектеп оқушылар арасында қалыптасып, тіпті қанға сіңіп кеткен. Оқушылардың психологиясында «А» сыныбында жақсы оқитындар мен тәртіпті оқушылар оқиды. Ал қалған «Б», «В»... деп кете беретін сыныптарда әртүрлі бағыттағы оқушылар, бұзақы әрі ұйымдастырушылық қабілеттері төмен оқушылар оқиды. Бұл – қалыптасып кеткен түсінік. Бірақ «А» сыныбын басып озатын да сыныптар бар. Олар сирек кездеседі.
Оқушылардың арасындағы сыныпқа бөлініп түсулері бір-біріне деген қарым-қатынасқа қатты әсер етеді. Қалай?
Біріншіден, киім киістері ерекше. Қалталы азаматтар деп көрсетіп өткеніміздей, олардың киім киісі де өз алдына бөлек. Жақсы тамақ, жақсы киім. Жағдай жасалып тұрғаннан кейін оқушылардың білім алуға деген ынтасы да артып тұрады.
Екіншіден, өздерін ұстаулары да ерекше. «А» сыныбына түскен күннен бастап сіздің сыныпқа деген мектеп әкімшілігінің де көзқарасы дұрыс әрі басты назарда болады. Себебі бұл сыныптан бітіруші түлектер мен оқу озаттары мектептің абыройын асқақтатушылар. Сырттай қарасаңыз, арнайы бір дайындыққа негізделген сынып секілді көрінеді.
Үшіншіден, «А» сыныбында оқитын оқушылардың ішінде қалған «Б», «В» деген сынды сыныптардағы оқушыларға деген салыстырмалы ой пайда болады. Яғни, өздерін паң ұстау, менсінбеушілік сынды жаман қасиеттер қалыптасады.
Мектепте, сыныпта бүкіл тұлғалық қабілеті ерте дамыған оқушыларды бір сыныпқа тоғыстырып, олардан үздік жоба жасау қазір мақсат болғанымен ол үлкен келеңсіздік әкелуі мүмкін. Сондықтан ең бастысы басқа сыныптарға да тең дәрежеде оқу озаттарын, қалталы азаматтарды, өздерін жақсы ұстайтын, киінетін оқушыларды араластырып отырғызу керек.
Өмір бәсекелестіктен тұрады. Ал мектептегі бәсекелестік оқушылардың қабілеттілігін арттыруға жақсы. Бір сыныпта бәрі мықты, бір сыныпта бәрі әлсіз болса, екеуінде ешқандай тартыс болмайды. Бір-бірін сүйремегеннен кейін өзара сөйлесу мәдениеті бұзылып, ақыры өмірге екі бағыттағы шәкірттерді тәрбиелеп жібереміз. Бірі бір топ қабілетті жастар болса, бірі қоғамға қажетсіз жастар болып кетеді. Ал сонда «Б» сыныбында оқып жүрген екі-үш талантты баланың қанатын кім қатайтады? Мектеп қабырғасынан бастап оны тәрбиелемесе, оған көңіл бөлінбесе, «А» сыныбының ғана шашбауын көтере берсе, қалған сыныптардың тағдыры не болмақ?
Әрине, мұның бәрі асыра айтуға да ұрындыруы мүмкін. Дегенмен бұл – шындық. Тіпті оқушылар арасында тұрақты айтылатын өлең жолдары мен тұрақты тіркестері бар:
«А» сыныбы аңқау,
Сабақта да жалқау – деп, өзге сынып оқушылары көре алмаушылық танытады.
Айтқандары өтірік,
алғандары «екілік» деп мазақ қылады. Ал «А» сыныбына бұл әсер етпейді деп ойлайсыз ба? Әсер етеді.
Ал мына диалогқа назар аударыңыз:
«Б» сыныбына кіріп келген ұстазға оқушылар былай деп жауап беріп жатыр:
- Ертең жақсы бір шара болады. Қатысайық!
- «А»-лар бар ғой!
Міне, біреуге сену, іштей қызғану, жауапкершіліктен қашу сынды жаман қасиеттер осылай туындайды. Сондықтан екі жағдайда шешім жасау керек:
1. «А», «Б», «В» сыныбы деп бөлмей, жай ғана топпен атау керек. Мысалы: «А-1», «А-2» тобы. Бұл жердегі негізгі тірек сөз «А» екенін естен шығармаңыз.
2. Егер бірінші жағдай орын алмаса, «А» сыныбында оқитын барлық озат оқушыны басқа сыныптарға таратып жіберу керек. Және сол озат оқушылар арқылы басқа оқушылармен байланыс орната отырып, ортақ мүддені қорғау керек.
Сіз қай сыныпта оқисыз, оқырман?