- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Google қызметкерлері өз...
Google қызметкерлері өз балаларын компьютерсіз мектепте оқытады #2
Мектепте білім беру саласы Ұлттық кеңесінің директоры Энн Флиннің айтуынша, білім ордаларында міндетті түрде компьютерлер болуы керек.
«Мектептерде жаңа технологияны меңгеруге мүмкіндік бола тұра оны пайдаланбаса, оқушылар өздерін заман ағымынан қалып қойған адамдарша сезінеді», - дейді Энн Флин. Ал Фурман университетінің бұрынғы профессоры Пол Томас бұл пікірмен келіспейді. Ол мектептегі білім беру әдістері туралы 12 кітап жазып үлгерген екен. «Білім – бұл адамның тәжірибе жинақтап, шынайы сезімдерді бастан өткеруі. Білім беру үрдісінде компьютерлерді барынша аз пайдаланған жөн. Ал технология сыни пікір айта білу қабілетін тежеп, сауатсыздыққа әкеліп соқтырады», - деп өз қарсылығын білдірді.
Компьютерлер балаларына зиян деп ойлайтын ата-аналар «Технологияны меңгеру оңай әрі жылдам болса, неге асығамыз?» дейді. Ал енді біреулері компьютерлік сауаттылықтың міндетті түрде керек екенін айтады. Силикон алқабының қызметкері Игл мырза: «Бұл өте оңай. Құдды тіс тазалап үйренумен бірдей. Google сынды компаниялар бағдарламаларды өте оңай етіп жасауға тырысады. Оны ең ақымақ деген адамның өзі түсіне алады. Үлкендер де, балалар да меңгере алмауы мүмкін деген себепті білмеймін», - дейді.
Оқушылар өздерін заман ағымынан қалып қойғандай сезінбейді. Уақыт өте келе түрлі фильм қарап, компьютерлік ойындар ойнайды. Тіпті, түрлі құрылғының шырмауында жүрген ата-анасын, туыстарын көрген кезде жандары ашитындығын айтады.
11 жастағы Орад Камкар жақын күндердің бірінде туысқандарына қонаққа барған екен. Ол сол жерде өзіне назар аудармай гаджеттерімен ойнап отырған 5 адамды жолықтырады. Орад оларды сілкілеп, «Балалар, мен мұндамын!» деп айтуға мәжбүр болған екен.
Әкесі Google қызметкері болып жұмыс істейтін 10 жасар Фин Хейлиг компьютерлерге қарағанда қарындашпен, қаламмен сабақ оқуды жөн көретіндігін айтады. Өйткені ол арада біраз уақыт өткен соң өзінің шынайы жетістіктерін көргісі келеді екен. «Арада бірнеше жыл өткен соң, мен бірінші сыныпта жазу жазған дәптерлерімді ашып көре аламын. Ал компьютерде барлық әріп бірдей болатындықтан, бұлай жасау мүмкін емес. Қағазға кез келген уақытта жаза беруге болады. Ал компьютерге су төгіліп кетсе, оның шаруасы бітті дей берсеңіз де болады», - дейді.
Ал Сіз қалай ойлайсыз? Оқушылардың жаңа технологияны ерте жастан меңгергендері дұрыс па?
Сурет: nis.edu.kz
Қ. Бүйенбай