8 наурыз мерекесі сценарий – 3

8 наурыз - халықаралық әйелдер күні. Бұл мерекені атап өтетіндер көп. Әсіресе, мектеп өмірінде аталған мерекенің тәрбиелік мәні зор. Жас ұрпақ тәрбиесіне зор еңбек сіңіріп жүрген азаматшаларға құрмет көрсету, еңбектерін елеп – ескеру, мадақтау, оқушыларға халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын ұғындыру, білімге және өнерге ынталандыру мақсатында ашық сабақ, тәрбие сағаттары өтеді. Соған орай, біз әйелдер мерекесін арнап өткізілген іс-шараға қажет сценарийді ұсынып отырмыз. 

Сценарий

Сыныпта музыка қосылып, қос жүргізуші ортаға шығады.

1-жүргізуші: Ар ма, ағайын! Әйел жайлы айтып тауысу мүмкін емес. Әйел – ана, әйел – жар, әйел – асыраушы, әйел – аяулы қыз, әйел – әже, әйел – батыр. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйел – бүкіл дүниенің ошағы, іргесі. «Елді қорғайтын ер, ерді тәрбиелейтін – әйел», «Алып анадан туады», «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» дейді халқымыз.

2-жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, аналар мен ұстаздар, қыздап! Ана деген сөзді айтудан ешкім де жалықпақ емес. Өйткені ана әлемдегі ең ардақты жан. Тоғыз ай бойы құрсағында көтеріп, ес біліп, ер жеткенге дейін түн ұйқысын төрт бөлген, сен үшін елжіреп, сен үшін уайым шеккен, көзінің қарашығындай қорғаған анадан артық адам бар ма, ағайын! Ананы баласына арналған тілегі мен дұғасы еш кетпейді. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші достар.

1-жүргізуші: Құрметті, ерлер қауымы, әйел – біздің өміріміздің мәні. Біз әйелдер үшін өмір сүреміз, олардың бақытына негіз, өміріне сүйеніш боламыз. Кез келген әйелді, қыз мен келіншекті анамыздай, қазақтың қызындай құрметтесек, біздің қуатымыз бен күшіміз де сол болмақ! Осындайда Қадір Мырза Әлінің «Бәрі де, Ана» өлеңі еске түседі:

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.

Қуандым ба,

Өзің бар деп қуандым.

Жыладым ба,

Өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.

Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба,

Тек өзіңнен жасқандым.

Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,

Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,

Отанымның өзі сенен басталып.

Жауларыма жеткен жерден бітеді.  

2-жүргізуші: 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні. Көктемнің алғашқы күнімен жарыса жеткен шуақты мереке жазбен бірге қуанышы мен шаттығын қоса ала келгендей. Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, сыр бермес денсаулық, отбасыларыңыз құт-береке, жұмыстарыңызға табыс тілейміз. Алғашқы құттықтау сөз мектебіміздің директорына (сынып жетекшісі) беріледі.

1-жүргізуші. Әйел – шебер. Әйел – мәңгі муза. Қолына қалам, жүрегіне шабыт алып, жыр толғаған шығармашыл тұлғалардың барлығы әйелсіз жыр, әйелсіз ән, әйелсіз музыка жазбапты. Әлемді әйел арқылы таныған шабыт иелері мәңгі сұлулыққа тамсанып өткендей.

1-оқушы.

Анашым!

Асыл анам, есіл анам,

Елжіреп есіркеймін, есіме алам.

Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді

Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам.

2-оқушы. Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,

Көтер оның мерейі мен беделін.

Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,

Өз анаңды мәңгі құрметтегенің.

3-оқушы.  Төзіміңді берсе сенің темірге,

Темірдің де түгі кетпес көмірге.

Қазақ қызы,

Қайран қазақ әйелі,

Не көрмедің,

Не кермедің өмірде?!

4-оқушы. Сырыңды соған ашасың,

Шөліңді содан басасың.

Адамның күні – Әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!

5-оқушы. Бас иемін қашанда әйелге мен,

Соғып тұрған жүрегім әйел дер ем.

Құдіретті кім десе бұл әлемде,

Сұлу болып жаралған әйел дер ем.

2-жүргізуші. Қазақ қыздарының ежелден ел мен жер қорғап, еріне тіреу, ошағына қорған болғаны белгілі. Билік тізгінін ұстаған нәзік жандылар да тарихта қалды. Сақтың Тұмар, Зарина ханшайымдары, Гауһар мен Бопай батырлар, Айғаным ханым мен Зере анамыз, кешегі Мәншүк пен Әлия – соған дәлел.

6-оқушы: Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.

«Қыз өссе елдің көркі» деген сөзді,

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам!

7-оқушы: Тағдыр сенің жиғызбады есіңді,

Төзім сауыт тауқыметтен тесілді.

Жауға шаптың азаматтың жанында,

Жібекпенен тартып тастап төсіңді.

1-жүргізуші. Әйел халқымыз үшін ар-ұяттың, инабат пен ибалының белгісі. Әйел – келін, әйел – жар. Әйел – бір әулеттің ар-ұяты.

Жолын кеспес қайнағаның, ағаның,

Сен бір гүлі, сен бір күні даланың.

Кітапсыз-ақ

Оқыдың сен кітаптай

Ата-ананың қасы менен қабағын! – дейді Қадір ақын.

Бір оқушы шығып, қазақ дәстүріндегі әйел адамның әдептері жайлы айтып береді.

Жас келіндер қара шаңырақтың немесе ақсақалы бар үйдің төріне шықпайды.

Әйел адам орындықта отырғанда аяғын айқастырмайды.

Әйел адам көп алдында керілмейді.

Аса бір тығыз шаруасы болмаса әйелдер отырған жерге ерлер, ерлер отырған жерге әйелдер кірмейді.

Қазақ дәстүрінде туыстығы жоқ ер мен әйел оңаша отырмайды. Келіндер қайын жұртының үлкен адамдарына иіліп сәлем жасаған.

Бала ата-ананың, келін ененің сөзін екі етпейді.

Қазақ әйелдері еркектер отырған жаққа көз салмайды.

Қазақ әйелдері күйеуінің атын атамаған және оның айтқандарын мүлтіксіз орындап, бетіне қарсы келмеген.

Тұрмысқа шыққан әйел жалаңбас жүрмейді.

Бала емізіп отырған әйел, омырауын басқаға көрсетпейді.

2-жүргізуші: Сіздердің назарларыңызға оқушылардың орындауында ән.

Музыкалық нөмір. Ана жайлы ән.

1-жүргізуші.

Оқушылар викториналық сұрақтарға жауап береді.

1. «Темір ханшайым» атанған ағылшын әйелі кім? (Маргарет Тэтчер)

2. Қабанбай батырдың жары, қалмақтарға қарсы жорыққа аттанған батыр әйел кім? (Гауһар)

3. Тараз қаласының маңында кесенесі орналасқан, махаббаттың жолында құрбан болған ару кім? (Айша бибі)

4. Желтоқсанда құрбан болған қазақ қыздары кімдер? (Сәбира мен Ләззат)

5. Шоқанның әжесі, ел билеген әйел кім? (Айғаным ханым)

6. Мұқағали Мақатаевпен мұңдас болған қазақтың ақын қызы кім? (Фариза Оңғарсынова)

7. Кеңес одағының батыры атанған алғашқы қазақ қызы кім? (Мәншүк Мәметова)

8. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) жары, әйелдер арасында алғаш болып исламды қабылдаған әйел кім? (Хадиша анамыз (р.а)

9. Кенесары ханның қарындасы, соғысқа қатысқан ару кім? (Бопай)

10. Қазақтың алғашқы опера әншісі кім? (Күләш Байсейітова)

1-жүргізуші. Құрметті ару жандар, аяулы аналар!

Сіздер бір отбасын емес, бүкіл әлемді аялы алақандарыңызбен тербете алатын адамзат баласының рухы, жігерісіздер!

2-жүргізуші: Сіздер Тәуелсіз еліміздегі бейбіт, тірлік пен бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысыздар.

1-жүргізуші: Отанымыздың игілігі жолында аянбай тер төгіп, елдің саяси, әлеуметтік, рухани өмірінде табысты еңбек етіп жүрсіздер.

2-жүргізуші: Құрметті арулар! Осымен өздеріңізге арналған салтанатты жиын да аяқталуға жақындады. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға береке - бірлік, еңбектеріңізге толағай табыс, дендеріңізге саулық тілейміз!