4 апта жеткілікті

4 апта жеткілікті
Фото: earth-chronicles.ru

Көбіміз болды, ертеңнен бастап анадай боламын, арғы күннен бастап өйтемін, бергі күннен сөйтемін деп “өмірін өзгерту туралы декларация” қабылдап, оны мүлдем орындамай жатамыз? Неге? Өзгеруді жүзеге асыру схемасын жасап, сол бойынша жүріп отырмағаннан! Жасағын жағдайдың өзінде схеманың толық ойластырылмағанынан немесе толық орындалмағанынан.

Бірінші апта. Денені, ойды сөзді тазарту
Бір апта бойы таңғы сағат 6-да ояну (одан әрі қарай да алтыда ояну керек, бірақ ол міндет емес, әдет болады). Бұл не береді? Өз өзіңе уақыт табылады. Өзіңе өзің қарайтын уақыт табылмай жүр ғой, мойында? Жұмыс, үй, телефизор, ұйқы? Ал, ұйқыдан тұрғың келмеу, жалқаулық деген шаршағаныңның белгісі емес, өміріңді құр өткізгің келетінінің белгісі.

Жеңіл тамақтану. Керемет өзгерістер жасау үшін керемет энергия керек. Ал кейбір адамдардың энергиясы темекі, алкогольдік ішімдіктерден қорғануға кетіп жатады (кетіп жатқан энергияны өзің қолданбайсың, организм қолданады). Бірінің темекісін, бірінің алкогольдік ішімдігін, ал бірінің майлы тамақ, тәттіден арылуы керек (әр адамның өз тізімі бар).

Спорт. Ерте тұрғаннан кейін жүгіру міндет емес, парыз! Қимыл — өмірдің белгісі, қимылдмайтын адам — өлі адам. Жүгіру, бассейнге бару, спортзалға абонемент алып, бармай қою деген спорттардан бөлек лифт қолданбау, айнаның алдында жай тұрмай бір билеп алу деген сияқты да “миниспорт” түрлері бар.

Екінші апта. Қоршаған орта мен істі тазарту.

Қоршаған орта дегенде субботник жасау емес, өз үйің, жұмысың, гаражың деген сияқты жеке, өзің үнемі қолданатын кеңістікті тазарту. Ана жердегіні мына жерге қою, ананы алып лақтырып жіберу, жерде жатқан нәскиді бас киіммен бірге шкафқа тығып жіберу деген сияқты істерсіз. Шын көңілмен, ниетпен толық тазарту. Егер үйіңізде ескі ұстара бар болса немесе басқа да бір қоқыстар жатқан болса, олардан құтылғаныңыз жөн. Шынымен кең тыныс аласыз (полды жуып, шаңды сүртсеңіз одан да кең тыныс аласыз).

Шаруалар мен істерді тазарту. “Ағылшын тілін игеремін, игеру керек, қол босасын, курсқа жазыламын” немесе “Айлық алсам шешемді бір қуантып, ауылға барып, қолына алтын саламын” деген сияқты өзіңізге, туған-туысқа, дос-жаранға берген уәделеріңіздің тізімін жасап, соларды осы аптада не орындаңыз, не орындамаңыз. “Кейін”, “қол босағанда” деген варианттар жоқ. Не бар, не жоқ қылыңыз.

Ортаны тазарту. Жоғарыға көтерілсеңіз аяғыңыздан тартатын, депрессияға дейін жеткізіп тастайтын, үнемі сынай беретін, ешқашан сізге көңілі толмайтын адамдармен қарым-қатынасыңызды үзіңіз. Ол адамдармен ортақ ештеңеңіз жоқ, олардан ештеңе үйренбейсіз. “Жоқ” деп айтуды үйреніп, сондай адамдарға “көрнексіз, тәрбиесіз, оңбаған” болуға бір-бір аптаға өзіңізге рұқсат беріңіз. Тек әке-шешеге ғана олай істемеңіз.

Үшінші апта! Жоспар, мақсат, мүдде!

Жоспарлар, жазу, оларды орындау.
Алдыңғы аптадан қалған ісіңіз бар ма? Олардың тізімін құрып көріңіз. Оқыңыз. Қалай? Келесі аптаны осы істермен “білекті сыбанып алып” бастауға ынтызарыңызды оятып жатыр ма? Жоқ? Онда тізімнен бір-екі пункті өшіріп, не өзгертіп алыңыз, тағы қосқыңыз келгенді қосыңыз. Не нәрсе ұнататыныңызды, не бала кезіңізде, жас кезіңізде ұнатқаныңызды еске түсіріп, оны да жазып отырыңыз. Жұмыс пен ақшаға байлынысты да жазыңыз, демалыс пен көңіл көтеруді де ұмытпаңыз. Бәрін жазыңыз. Оқысаңыз дәл қазір орындағыңыз келетіндей жоспар жазыңыз. Қағаз сызып болсаңыз, жалғастырайық? Ал енді жоспардың тұсына орындайтын дәл уақытыңызды жазыңыз.

Орындалмайтын армандар тізімі. Енді отырып ешқашан орындалмайтын армандарыңызды жазыңыз. Оқығаннан кейін “армандапсың ақ тоқты, қыстың күні көк шөпті” деп күлетіндей армандарыңызды жазыңыз. Бірақ жазғанда қолдан келетіндей етіп жазыңыз. Мысалы: “Інім маған осы блогым үшін көлік сыйлайды”деген сияқты. Сенесіз бе? Олар орындалады. Менің осыдан 3 ай бұрын жазған орындалсмайтын арманым орындалып кеткен, қазір оқысам күлкім келеді.

Күнделікті жоспар құру. Күніге, кешке! Жаттап алыңыз, күніге кешке ертеңгі күніңізге жоспар құрыңыз. қысқа болса да жоспар. Ертесі күні жоспарыңызды есіңізге алмасаңыз да жоспар бойынша жүргеніңізді байқайсыз. Үлкен план жайлы ұмытып кетпеңіз, оған да қарап жүріңіз. Нәтиже бар ма, жоқ па? Бар болса да, жоқ болса да сұрақ: Неге?

Төртінші апта. Соңғы штрих
Бүге-шүгесіне дейін барлық істі басқаша жасап көру, басқаша өмір сүріп көру. Жұмысыңызға басқа жолмен барыңыз, әдеттегі орыннан емес, басқа жерден түстеніңіз, спорттан өзіңіз айналысып көрмеген түрімен айналысып көріңіз, өміріңізде істемеген, өзіңізге істеуге рұқсат ете алмаған нәрселерді жасаңыз (лифтте жел жіберу деген сияқты емес енді).

Комфорт зонасынан шығу
Парашюттен кіріңіз деп айтпаймын, бірақ: бастығыңыздан қорқасыз ба? Бастығыңызбен “на равных” сөйлесіңіз. таныс емес адамдардың тобырынан қорқасыз ба? Клубқа барып қайтыңыз, жалғыз!

Дем алу. Иә! Дем алу! Тек үйде емес, интернетсіз, жалғыз және өзіңізбен (адал және әділ) сұқбат құру. Өзімізге сұрақ қойып, сол сұраққа өз-өзімізді жұбатпай, шын айтып жауап беру. Осы айтылғандарды ұдайы жасап отырсаңыз өміріңізде бәрі жақсы болады.

blogtime.kz

@. @assel_assanova