Мамық қардай үлпілдеп көздің жауын алатын бантигімізді тағып келгенімізде сыныптағы ең бұзық балалардың бірі оны қолымен тартып ойнайтыны есіңізде ме? Ашуға булығып, ұстазға шағым айтатынбыз. Ал ол кісі өз кезегінде бір жымиып қана қоятын. Мұның сыры агрессивті мінез таныту деп ойласаңыз қателесесіз. Бұл әрекеттің шын мәнінде не білдіретінін анықтап көрейік.
Егер сыныптасыңыздың сізге деген өшпенділігі жоқ болса, жоғарыдағы әрекетін тәрбиесіздік деп бағалаудың қажеті болмайды. Бұл - бар болғаны санаға сіңіп қалған қоғамдық рөлін айқындаудың бір тәсілі ғана.
Барлығы ойын баласының ұл-қыз болып бөлінуінен басталады. Әдетте жігіттер жиналып, өзара көлік, соғыс, сақшы ойнайды. Ойын барысында жігіттерге лайық мінез-құлық танытады.
Ана көрген тон пішер демекші, қыз балалар жасы үлкен әпкесінен, анасынан үлгі алып, қуыршақтарына қамқорлық көрсетеді, боянып, тамақ жасайды. Осылайша олардың қоғамдағы рөлі айқындала бастайды. Ересек адамдар есейе келе екі рөлді бір арнаға тоғыстыруға тырысады.
Сол себепті, бантикті тартып ойнайтын оқушыны тәрбиесіз деп біржақты бағалауға болмайды. Бұл - оның ұнатқан қызын қаратудың бір тәсілі. Аталған әрекет біз үшін таңсық көрінгенімен, оқушылар үшін дұрыс шешім болып көрінеді.
Мұндай жағдайда дауыс көтеріп, жанжал шығарудың да қажеті жоқ. Әрине, жақсы қасиеттер мен ұстамдылық ерте жасымыздан қалыптаса бастауы керек.
Ақ бантиктің сырын аналар қыздарына, әкелер ұлдарына түсіндірсе, барлығы өз орнына келетін еді. Яғни жылы лебізімізді бантикті тартып, оның жүйкесіне тию арқылы емес, ілтипат көрсету арқылы білдіруге болатындығын түсіндірген жөн.
Балауса қыз едің бір кезде,
Шашыңа ақ бантик байлаған.
Өзгеріп кетіпсің бұл күнде,
Көркіңе көз тастап ойланам, - деп Шәмші ағамыз жырлағандай әрбір бозбаланың жүрегінде мектептегі махаббаты болады. Ол - сыныптағы ең сұлу, ең ақылды оқушы қыз. Сол жандардың бірі болу қуанышы бұйырып жатса, лайық жауап қайтаруды ұмытпаңыз!
Ал Сіз бұл әрекетті қалай түсіндірер едіңіз?
Оқи отырыңыз:
Аяжан Базилжанова: Жұдырықтай жүрегім елім деп соғады
Францияның білім беру жүйесі қандай
Жапонияда 3 түрлі мектеп бар
Ұстазыңызға ұнағыңыз келсе
Сурет: Massaget.kz