Ұлы данышпан Плутарх кезінде: «Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Сондықтан әрбір ұстаз бұған жол бермеуі керек»,– деген екен.
Білімділер ғасырында тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп жатқан мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев та биік шыңдарды нағыз дарынды әрі білімді жастар көмегімен бағындыруды көздесе керек. Өйткені, ел болашағы солардың қолында. Осы орайда ескі білім жүйесін түбегейлі өзгертіп, жаңа 12 жылдық білім беруге өтуді ұсынған болатын. Бұрын-соңды мектептерде көзге ілінбей, өзге оқушылармен тең қатынас жасалған дарынды балаларға деген көзқарас та өзгеріп отыр. Өйткені, өз замандасынан бір қадам алда жүретін баламен ерекше жұмыстану нәтижесінде болашақта елге зор ықпал ететін тұлға қалыптасып шығары хақ.
Сол себептен де білім сапасын арттыру, оқушылардың дарындылығын айқындап, біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми ізденіс қабілеттерін қалыптастыру – 12 жылдық жүйе бойынша білім беретін әрбір ұстаздың міндеті. ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамды қалыптастыруда білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Осы тұрғыда мұғалімге білім берудің тиімді жолдарын қарастыру, таңдай білу еркіндігі тиіп отыр.
Дарынды оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты — олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал мақсатқа жету — оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту және оқушылардың танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады. Баланың дарындылығын анықтап, олармен жұмыс жасау қалай жүзеге асырылуы керек? Ол үшін oқушының қабілетін ашып, дамыту үшін әр пән мұғалімі алдына мынадай мақсаттар мен міндеттерді қоюы керек.
• Дарынды оқушының ақыл-ойы, эмоционалдық және әлеуметтік дамуы мен ерекшеліктерінің өзіндік ашылу деңгейі мен өлшемін ескеру;
• Жан-жақты ақпараттандыру;
• Коммуникативті бейімдеу;
• Дарынды оқушының шығармашылық бағытының ашылуына, дамуына, қоршаған ортаға өзін-өзі жарнамалауына көмек көрсету.
Осы мақсаттар мен міндеттерді орындауда мектеп ұстаздары мынадай жұмыс түрлерін өз іс-тәжірибелерінде пайдаланса өнімді нәтиже алмақ.
• Икемді және ұтымды оқу жоспарын құру;
• Жеке пәндерді оқытуда еркін болу;
• Дарынды оқушының өз жұмысын өзі жоспарлап, шешім қабылдауына ықпал ету;
• Дарынды оқушының қызығушылығына байланысты оқу жоспарын құру;
Осындай жұмыс түрлерін ұйымдастыруда ұстаздар мына мәселелерге баса назар аударуы керек:
• Пән сабақтарында шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды іріктеу, орындау, талдау жұмыстарын жүйелі жүргізу;
• Дарынды оқушылардың білім деңгейі мен олардың өз мүмкіндіктерін пайдалану көрсеткішін арнайы әдістемелер бойынша жүйелі түрде тексеріп отыру;
• Сабақтан тыс мезгілде жүргізілетін жұмыстарға – пәндік олимпиада, ғылыми конференцияға, интеллектуалдық турнирлер мен шығармашылық байқауларға дайындық жұмыстарын жыл бойы жоспарлы жүргізу;
• Білім беру мекемелерінде дарынды оқушылар үшін арнайы сыныптар мен топтар құрып, оқу бағдарламаларын жеделтетіп оқытуды ұйымдастыру;
Ал енді бұл мақсаттар мен міндетттердің нәтижесі дарынды оқушымен жұмыстағы өткізілетін пән олимпиада жетістіктерінен байқалатыны белгілі. Ғалымдардың айтуынша, жалпы адамның қолынан келмейтiн нәрсе жоқ. Дарындылықты қалыптастыруға болады. Ой еңбегiмен жиi шұғылданған бала данышпандық ауылынан алыс емес.