Бәсекелестікке қабілетті ел ретінде дамып жатқан Қазақстан, білім жүйесі көз ілеспейтін жылдамдықта дамып жатқан қоғам – осылардың жемісі ескі жүйенің сарқыншақтарын жаңа жүйе алмастырады. Ол философиялық тұрғыда нақтыланған, логикалық түрде қоғамдық қатынаста жетілдірілген, шыңға өрлеп жатқан педагогикалық ғылымдар мен тәжірибелердің көрінісі, білім беру ұйымының халықаралық тенденцияға сай болуы.
Отандық білім беру жүйесі 12 жылдық білімге көшу үдерісінде. ХХІ ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып келе жатқан Қазақстан жоғары деңгейлі білімді ұйымдастыруға сәтті өтуі үшін жаңа "сапалы білім беру" ұғымын жақсылап ұғынып, санаға сіңіріп алған жөн. Естеріңізде болса, он екі жылдық білім беру моделіне көшу туралы мәселе 2001 жылдан бері қозғалып келеді. Одан бері аз уақыт өткен жоқ.
Бастапқы кезеңдерде, жасыратыны жоқ, ел арасында "Онсызда шаршап жүретін балаларды тағы бір жыл мектеп қабырғасында ұстаудың қажеті қанша", "Ертерек ересектер өміріне араласып, бұрынғы қалыппен жоғары оқу орнына тапсырғаны дұрыс" деген секілді наразылық танытқан сөздер жүрді. Ал одан кейінгі кезеңде педагогикалық ғылым және тәжірибе ісінің мамандары "12 жылдық білім беретін мектеп қазіргіден қандай айырмашылығы болуы керек?" деген сұрақпен бас қатырды.
Он екі жылдық білім беру жүйесіне қатысты түйіні жоқтай көрінетін барлық түйткілді әрі сан қилы сұрақтарды Қазақстанның ресми түрде қабылдаған және бекіткен, ресми түрде пайдалануға берілген 12 жылдық мектептің концепциясынан алуға болады.
Олардың бірқатарын атап өтейік:
– Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін 12 жыл мерзімдік білім беру жүйесінің концепциясы, 2001 жылы;
– Жалпы орта білім беретін мектептің он екі жылдық білім беру жүйесіне көшу концепциясының құрылымы мен мазмұны, 2002 жылы;
– Қазақстан Республикасындағы он екі жылдық жалпы орта білім берудің концепциясы, 2005 жылы;
– Қазақстан Республикасының 12 жылдық жалпы орта білім беру концепциясы, 2010 жылы.
Он екі жылдық білім беру жүйесіне көшу туралы мәселе қозғалып келе жатқалы он бес жылдан астам уақыт өтсе де, бұл сұрақ өзектілігін жоймай тұр, ресми қалыпқа кедергі келтіретін сұрақтар да толастамайды. Еліміздің білім беру саласына, ұрпақтарымыздың болашағына шын жанашырлық танытып, жоғарыда аталған не басқа көкейінде жүрген, жауабы табылмаған сұрақтарға қанағаттанарлық жауап алу үшін осы аталған концепцияларға үңілу жеткілікті.