12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің басты мақсаты баланы тағы бір жыл мектеп қабырғасында байлап ұстау емес. Ата-аналар тарапынан баламыз мектепті 19 жасында бітіре ме деген алаңдаушылық әлі де сейілмей келеді.
Бұл мәселе аяқ астынан қолға алынып, бірден енгізіліп жатқан жоқ. Елімізде 2002 жылдан бастап сынақтан өткізіліп келеді. 2003-2004 оқу жылдары республика бойынша 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жөнінде 51 мектепте тәжірибелік сынып ашылды. Келесі 2004-2005 жылдары мұндай сынақтық мектеп саны 104-ке өсті. Көріп отырғандарыңыздай, тәжірибе жүргізу әлдеқашан басталып кетті, олар бүгін алғашқы жемісін беріп те үлгерді. Нәтиже жаман емес, тіпті өте жақсы. 2013 жылғы сәуір айындағы деректерге сүйенер болсақ, сынаққа алғаш алынған 50 мектептің 10 сыныбы оқу үлгерімі бойынша ең үздік көрсеткішке жетті. Олардың орташа ұпайы – 38,7. Бұл бүкіл республикалық көрсеткіштен (35,81) 2,8 ұпайға жоғары.
Мәселе неде? Білім министрлігі мұны былай түсіндіреді. 12 жылдық білім беруді енгізу мектепке дейінгі білім жүйесін бірізділікке салумен тікелей байланысты. Басқаша айтқанда 5-6 жасар балаларға дайындық сыныбы ашылады. Он екі жылдық білім беру жүйесінің кестесі барлығына белгілі «дайындық сынып + 11 сынып» негізіне құрылады.
Барлық сыныпты осы жүйеге өткізу 2020 жылға дейін толық аяқталуы керек деп жоспарланып отыр. Бүгін бұл жүйеге барлық мектеп бірдей дайын емес, бірден қабылдай алмайды. Олар бұрынғы жүйе бойынша дайындық сыныбын балабақшада өткізеді. Балабақшаның аты балабақша, мектепке қарағанда салмағы төменірек, мұнда тек күніне 3-4 сабақ қана жүргізіледі, әр сабақ небары 35 минут болады.
Он екі жылдық білім беру жүйесіне өту үшін 2019 жылдан бастап мектепке 6 жастан бару жолға қойылады. 2016-2019 жылдары білім және ғылым жүйесін жетілдіру мақсатында бұл мемлекеттік бағдарлама ретінде қабылданды. Бүгінде Халықаралық экономикалық ынтымақтастыққа енетін әлемнің 21 мемлекетінде 6 жастан, тіпті одан да ерте кезден мектепке бару дағдысы кеңетек алған. Бүгінде әлем елдерінің 60 пайызы осындай он екі жылдық білім беру жүйесіне өтіп кеткен.
12 жылдық білім беру жүйесіне өтуге себеп көп. Олардың бірі ретінде әртүрлі зерттеу нәтижелерін атасақ болады. Өздеріңіз де көріп отырсыздар, балалардың білім деңгейін теңестіруді неғұрлым ертерек бастасақ, келешекте жетілдіру үдерістері де соғұрлым сәтті болмақ. Дамыған елдерде баланы оқуға ерте бастан тартудың себебі мен салдары осыған байланысты.
Оған қоса, түлектің оңтайлы жетілуі үшін оқу бағдарламасын 12 жылға бірқалыпты тең деңгейде үлестіруде маңызды сұрақтар, тақырыптар, мазмұндар қайта қаралады. Бұл жерге ұлттық сәйкестілік, ынтымақтастық, белсенді азаматтық ұстаным, қоғамға еріту секілді барлық сұрақ қарастырылады. Осы мәселелерді шеше отырып, мектеп оқушылары үлкен өмірге аттар қадамы құтты болуына, барынша жетілген, пісіп дайындалған қалыпта адым басуға мүмкіндік береміз. Тағы бір артықшылығы, он екі жылдық білім беру жүйесіне өту жоғары оқу орындарында қазір оқытылып жүрген мектепте оқытылған жалпы базалық пәндерді қысқартып, оның орнына студент мамандыққа қатысты ілімді игеруіне жағдай жасалады.