1 қыркүйекке алдын ала дайындаламыз

1 қыркүйекке алдын ала дайындаламыз
Фото: instagram.com

1 қыркүйек жақындап келеді. Оқушы құралдарын неғұрлым ерте сатып алсаңыз, соғұрлым арзан болмақ. Оның үстіне ұзын-сонар кезекке тұрмай жүйкеңізді де сақтайсыз. Сондықтан қазірден бастап қамданыңыз.

Алдымен тізім құрып алыңыз. Асықпай отырып алуға болатын заттардан бастаңыз. Екіншіден, бәрін "ертеңге" қалдырмауға тырысыңыз. Уақытыңызды дұрыс жоспарлай білсеңіз, баланы 1 қыркүйекке дайындау жұмысы қызықты өтпек. Балаңызбен бірге алдымен оқуға қажетті құралдарды таңдаңыз. Бастысы – таңдаған құралдарыңыз сапалы болсын. Бала сөмкесін, пеналін, дәптері мен альбомын өзі таңдауы керек. Сізге гүлді дәптер ұнап тұрса, ал балаңыз ертегі кейіпкері бейнеленген дәптерді ұнатса, таңдауды балаңызға беріңіз.  

Пеналь жайлы айтар болсақ, сырты неше түрлі әдемі суретпен безендірілген қалтасы көп пенальға қарағанда бір сырмамен ғана ашылып-жабылатын қарапайым пеналь әлдеқайда пайдалы. Және оның матасы жұмсақ болғаны дұрыс. Қалта-қалтаға бөліп салуға бала кейде ерініп қалуы мүмкін. Сондықтан қарындашты, өшіргішті, бояуды бала сөмкесіне бір-ақ салып, сөмке ішін қоқысқа айналдырады. 

Психологтардың пікірінше, бала өзінің оқу құралдарын ұнатса, оқуға деген ынтасы арта түседі екен. Сондықтан ата-аналардың баласының пікірімен санасқаны дұрыс. Барлық құралды бір күнде алып тастауға тырысу да пайдалы емес. Өйткені сіз де шаршайсыз, балаңыз да қалжырайды. Жаз уақытында сенбі, жексенбі күндерін пайдаланып, нақты тізім бойынша "осы жексенбіде баламыз екеуміз мына оқу құралдарын аламыз" немесе "осы сенбіде сөмке таңдауға шығамыз" деп жоспарласаңыз, бұндай қызықты сәттер ұзаққа дейін есте сақталады. Оның үстіне балаңыз сізге қарап тәртіп пен күнін жоспарлауды үйренетін болады. 

Р. Роза