Массагетке – 5 жыл!

Биыл Массагет порталы үшін мерейлі, мерекелі жыл. Осыдан бес жыл бұрын 16 желтоқсан күні қазақ интернет журналистикасына жаңа бір сайт қосылған болатын. Массагет порталы интернет әлеміне жай келмеді, өзіндік қолтаңбасымен, ерекшелігімен келді. «Өз қолтаңбаңды қалдыр!» деген ұрансөзін биік ұстап келді.

Бастапқы негізгі мақсат қазақ жастарының таным көкжиегін кеңейту, білім-білігін арттыру болатын. Қазақ ұл-қызының өз ана тілінде ақпарат алуын, ой-санасының кемелденуін, таным-талғамының қалыптасуын парыз тұтты. Сол арқылы өзіндік ой-пікірі бар, елін-жерін сүйетін, өз ұлтының нағыз патриот жастарын тәрбиелеуді көздеді. Түзу ниет, ақ адал тілек айқын жолға бастады. Оқырмандардың қатары күн санап, сағат санап еселене түсті. Әуел бастағы азғантай оқырманның аумағы артып, жүздеп, мыңдап көбейді. Қазақ жастарының құтты мекеніне айналды.

Қажырлы еңбек өз нәтижесін берері хақ. 2013 жылы «Award» ұлттық интернет байқауында Массагеттің аты оза шауып, бас жүлдені қанжығаға байлады. Сол жылы қазақ тілді сайттар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Интернет-дода» атты байқауда да бас жүлдеге ие болды. 2014 жылы «Халық сүйіктісі» ұлттық жүлдесінің "Жалынды интернет-басылым" атты номинациясын жеңіп алды. Кеше ғана Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген үздік қазақтілді интернет-сайт байқауында «Жастар әлемі» – жастар тақырыбына арналған  үздік сайт атанды.

Бүгінде Массагет сайтын әр күн сайын 50 мың оқырман оқиды. Google Analytics нәтижелері алыс-жақын шет елдердегі оқырмандар қауымының да Массагетпен бірге екенін көрсетіп отыр. Бүгінгі күнге дейін 50 мыңға жуық материал жазылып, сайт бетінде жарық көрген. Жастардың сұранысын қанағаттандыру мақстанды әртүрлі айдарлар ашылған. Кез келген оқырман сайтқа тіркеліп, өз ойын көпшілікке жеткізуі үшін арнайы блог айдары жұмыс жасап тұр.

Массагет сайты – қазақ жастарының мәртебелі ордасы. Бүгінгі ұрпақтың бет-бейнесі, ой-танымының бір көрінісі. Қазақ елінің азат ойлы, арманы асқақ жастарының сөз мінбері. Тарихта «Ержүрек Массагеттер одағы» талай жорықта талмай күресіп, Еуразия даласын ешкімге бермей, ерлік туын жықпағаны белгілі. Ендеше, бүгінгі Массагеттің еңсесі биік, ертеңі жарқын болсын! 5 жылдық құтты болсын!