ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысы Қостанай ауданының Затобол кентін аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу және оны қайта атау туралы қаулыға қол қойды. Бұл туралы Ақ орданың баспасөз қызметі хабарлады.
- «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
Қостанай облысы Қостанай ауданының Затобол кенті аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызылсын. Затобол кенті Тобыл қаласы болып қайта аталсын", - делінген қаулы мәтінінде.
Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Тарихи мәліметтерге көз жүгіртсек, қалалық типтегі кент өз тарихын қазақ жерлеріне Ресейдің орталық облыстарынан қоныс аударушылар келе бастаған уақыттан, яғни ХІХ ғасырдың соңынан бастайды. Осы кезеңде Тобыл өзенінің оң жақ жағалауынан аздаған қоныс пайда болады. Бұл 1881 жыл болатын. Мұнда Тамбов, Саратов облыстарының, Воронеж губерниясының шаруа отбасылары келген. Жергілікті жерлерге қоныстану жоспарсыз жүргендіктен, әрбір қоныстанушы жерді өз еріктерімен бөліп алған. Сондықтан олар алғашында өз қонысын "Самодуровка" деп атады.
2019 жылғы санақ бойынша қала мәртебесіне ие болған Тобылда 24 590 адам тұрады.