Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыружөніндегі 100 нақты қадамның 14-қадамы барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдауға міндеттейді.
Осы бағытта Бас прокуратура Жоғарғы сотпен бірлесіп 5 жобаны жасады, олардың екеуі бүгінге толық орындалды. Үш жылда түрмедегілер 52 мыңнан 36 мыңға дейін, яғни 30 пайызға азайды. Ең бастысы, қамауға алынбағандар мен босап шыққандардың қайталап қылмыс жасауы кеміді. 2013 жылы «Бітімгершілік» жобасы іске асырыла бастады. Оның негізгі идеялары жаңа Қылмыстық процессуалдық кодекске кірді. Осындай өзгерістермен қатар жақында жаңадан тағы 3 жоба әзірленді. Жақында «Әділдік – құқықтық қорғаудың басты өлшемі» жобасы аясында Бас прокуратура мен Республикалық нотариалдық палата бас қосып, жер телімдері, баспанаға қатысты құжаттарды рәсімдеген кезде «келісімдердің тазалығын» тексеру тетіктерін жетілдіру мәселесін талқылады. Оған Парламент депутаттары, соттар, нотариустар, мемлекеттік қызмет өкілдері мен заңгер ғалымдар қатысты. Жаңадан қолданысқа енгізілетін құжаттарды тексеру тетіктерімен таныстырған Бас прокуратураның 4 департамент басшысы Әсет Шындалиев, міндетті түрде нотариалдық куәландырылуға жататын келісімдердің тізімін кеңейтуді ұсынды. Бұл жерде нотариус жылжымайтын мүлікке қатысты сату-сатып алу туралы бұған дейінгі барлық келісімдердің тарихын тексеріп шығуы тиіс. Ол үшін нотариаттың қолында бүкіл қажетті ақпараттық және құқықтық ресурсы болуы керек. Қазіргідей жағдайда бұл қоғамға аса қажет.
– Адамдар пәтер алаяқтарына жиі тап болады. Баспана сатып алғанда заңда жазылған барлық құжаттау рәсімдерінен өтеді, нәтижесінде, жер сипап қалады. Келісімнің жалған екендігін үй иесі артынан бірақ біледі. Біздің ұсынып отырған механизміміз қарапайым азаматтардың құқығын нақты қорғайтын болады, – дейді Ә.Шындалиев.
Расында, мұндай жағдайлар ел ішінде өте көп кездеседі. Оған Бас прокурор мынандай мысалдарды келтіреді. Ауылда тұрған жетпiс алтыдағы қария өмір бойы жиған мал-мүлкін сатып, бала-шаға, немере, келіндері, барлығы 7 адам Екібастұзға көшеді. Бірақ үйді сатушылар алаяқ, ал құжаттар жалған екен. Сөйтіп, сот бүкіл отбасыны пәтерден шығарып жібереді. Қария: «Бұл қалай? Ақшаны қолма-қол санап бердім. Нотариус растады. ЦОН құжатты тіркеді. Менің қандай кінәм бар? Сонда не, заң қу мен сұмның пайдасын жақтағаны ма? Адал адамды алдауға жағдай жасап қойғаны ма?» деп күйінеді. Отбасымен далада қалған қарт мұндай қорлыққа шыдамай қайтыс болған. Тағы бір мысал. Алматыда бір әйел күйеуі түрмеде отырғанда жалған сенімхат жасап, пәтерін сатып жіберген. Кейін ол бірнеше рет сатылған. Алтыншы сатып алушыға жеткенде күйеуі босап шығып, «сатуға келісім берген жоқпын» деп сотқа жүгінген. Дау оның пайдасына шешіледі. Соңғы сатып алушы үйден де, ақшадан да айырылған.
– Былтыр соттарда осындай санатқа жататын 135 мың даулы істер қаралды. Ол барлық істердің үштен бірі ғана. Айтылған мысалдарда сот шешімдері заңды. Оларға еш күмән жоқ. Бірақ жеңілген жақ, әрине, сотты кінәлайды. «Біздің не жазығымыз бар? Мүлікті заңды жолмен сатып алдық. Неге зардап шегуіміз керек? Бізді енді кім қорғайды?» деген орынды сұрақ қояды. Жалпы, мұндай кемшілік қайдан туындайды? Сөзсіз, соттар оған кінәлі емес. Проблема басқада – бізде келісімшарттар жасалғанда ол жалған ба, жалған емес пе, оны тексеру жүйесі жоқ. «Таза келісім» жасау тетігі жоқ. Пәтерді алушы адам оның тарихын қайдан білсін? Оны білуге де мүмкіндік жоқ. Ақысын төлейді, қажет процедурадан өтеді. Әрине, мемлекетке толық сенеді. Нотариус болса тек үйдің кімнің атында екенін көріп қоя салады. Мүлік даулы ма, жоқ па? Бұрынғы иесі кім, ол үйді қалай сатты? Мұның бәрін тексеруге ол міндетті емес. Дамыған елдерде мүлік сатылғанда оның бүкіл «биографиясы» мұқият тексеріледі. Егер кейін жалған факт шықса, онда құжатты растаған, тіркеген тұлғалар жауап береді. Германия, Италия, Францияда – нотариустар, Испанияда – риэлторлар, АҚШ-та – адвокаттар. Бізге де осындай жүйе құру қажет. Егер бұл нотариустың міндеті болса, онда оларға ақпараттық базаларды беруіміз керек. Мысалы, бұрын жасалған шарттар, мүлікті сатқан адамдардың оған құқығы болды ма, жоқ па дегендей. Осындай механизмді енгізсек, ол алаяқтарға нағыз тосқауыл болар еді – деп түсіндіреді Бас прокурор Жақып Асанов.
Қазір еліміздің заң саласында осы мәселе қызу талқыланып, заңгерлер өздерінің ұсыныстарын енгізіп жатыр. Оны зерттеумен ведомствоаралық жұмыс тобы айналысуда.
Баспана мәселесі бойынша Бас прокуратура тағы бір өзекті мәселені көтерді. Ол – үй салу үшін жер бөлу проблемасын шешу. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Жақында Бас прокуратурада өткен алқа отырысында жерлерді өздігінен иеленіп алуға қарсы іс-қимылдың тиімді тетігін құру мәселелері талқыланып, заңсыз жер телімдерін басып алудың негізгі себептері көрсетілді. Бас прокуратура мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп жасаған іс-шаралар жоспарын ортаға салды. Жоба жұмысы негізгі үш бағыт – жерді басып алуға себеп болатын жағдайларды жою, осындай фактілерді алдын алу жүйесін жетілдіру және жерді басып алумен байланысты жағдайларды құқықтық шешу бойынша құрылған.
Онда қылмыстық жазалаудың тиімсіз жүйесін қайта қарап, жерлерді басып алуды Қылмыстық қудалаудың жеке құрамына шығару, жерді заңсыз басып алу фактілері бойынша мемлекеттік бақылау рәсімдерін жеңілдету ұсынылады. Барлық жерде өздігінен басып алуды ерте анықтау жүйесін құру үшін спутниктің мүмкіндіктерін пайдалану керек. Ол бойынша пилоттық режимде Астана қаласы бойынша апробация өткізіліпті. Бұл бағдарлама толық іске қосылғанға дейін жердің пайдаланылуын бақылау жөніндегі басқармалар игерілмеген мемлекеттік жерлерді тұрақты тексеріп тұруы тиіс. Бұдан басқа да, Экономика министрлігі және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, егер оны мемлекет жүзеге асыра алмаса, онда азаматтарға өз қаражаты есебінен учаскелерге коммуникация жүргізу мүмкіндігін қарастыру, ЖТҚ арналған жерлерді беру мәселесінің ашықтық тетігін табу. Жер саудасының бірыңғай электрондық жүйесін және кезектегі адамдардың орталықтандырылған тізімін құру, әкімдермен бірге үйлер тұрғызылған және онда отбасылар тұрып жатқан өздігінен басып алған жерлер бойынша жұмысты жалғастыру сияқты бірқатар өзгерістерді енгізуді ұсынып отыр.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, жерді заңсыз басып алудың бірнеше себептері бар. Бірінші – жасаған істеріне жауапкершіліктің жоқтығы. Қылмыстық кодекстің 201-бабының нормасы бұған қолданылмайды. Екінші – әкімдіктер жерлерді уақтылы тексермейді. Өздігінен басып алуға дер кезінде тосқауыл қойылмайды және құқықбұзушылар осыны пайдалануды жалғастыруда. Үшінші – жерлерді бөлу рәсіміне сенімсіздікпен қарау. Адамдар жердің адал жолмен, тамыр-таныссыз алынатындығына сенбейді. Төртінші – жеке тұрғын үй салуға дайын жердің болмауы. Заң бойынша су және электр жабдықтауы жүргізілген учаскелерді беруге болады. Бірақ оған үнемі қаражат табыла бермейді. Нәтижесінде, азаматтар 10 және одан көп жылдар бойы өз кезектерін күтуде.
Соңғы жылдары тым көбейіп кеткен жалған құжаттар бойынша жерлерді сатқан алаяқтарға қатысты қылмыстық істерге тосқауыл қою жағы да қарастырылатын болды. Мысалы, Астанадағы Қосшы кентінде бір топ қылмыскерлер жерді беру туралы құжаттарды қолдан жасап жұртқа сатқан. Мұндай қылмыстық істер сотқа беріледі. Қылмыстық жауаптылыққа 24 лауазымды тұлға тартылмақшы. Олардың 15-і қазір қамауда отыр. Осыған ұқсас жағдай Жамбыл облысында да болған, онда жалған құжаттар бойынша фермерлерге тиесілі 270 учаске сатылып кетіпті. Кінәлі адамдар сотталды. Алаяқтар ешқандай құжаттары жоқ бола тұра жекелеген азаматтарды сендіріп, жерлерді сатып отырған. Ақшаны қабылдау туралы қолхат қана жазып берген. Алматыда осындай жолмен 61 учаске сатылған. Ақмола облысының Қоянды ауылында 65 жер телімі сатылған. Кінәлі адамдар ұзақ уақытқа қамауға алумен сотталды деп мәлімдеді Бас прокуратура. Осындай жағдайларды болдырмауға бағытталған жоба шеңберінде шараларды іске асыру бойынша кешенді жоспар бекітіліп, алдағы уақытта жұмыс істей бастайды.