Заң талабын орындау – баршаның міндеті

Заң талабын орындау – баршаның міндеті
Фото: aikyn.kz

Ұлт жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыружөніндегі 100 нақты қадамның 14-қадамы барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдауға міндеттейді.

Осы бағытта Бас прокуратура Жоғарғы сотпен бірлесіп 5 жобаны жасады, олардың екеуі бүгінге толық орындалды. Үш жылда түрмедегілер 52 мыңнан 36 мыңға дейін, яғни 30 пайызға азайды. Ең бастысы, қамауға алынбағандар мен босап шыққандардың қайталап қылмыс жасауы кеміді. 2013 жылы «Бітімгершілік» жобасы іске асырыла бастады. Оның негізгі идеялары жаңа Қылмыстық процессуалдық кодекске кірді. Осындай өзгерістермен қатар жақында жаңадан тағы 3 жоба әзірленді. Жақында «Әділдік – құқықтық қор­ғаудың басты өлшемі» жобасы аясында Бас прокуратура мен Республикалық нота­риалдық палата бас қосып, жер те­лімдері, баспанаға қатысты құжаттарды рәсімдеген кезде «келісімдердің таза­лы­ғын» тексеру тетіктерін жетілдіру мә­селесін талқылады.  Оған Парламент депутаттары, соттар, но­тариустар, мем­ле­кеттік қызмет өкілдері мен заңгер ға­лым­дар қатысты. Жаңадан қол­данысқа енгі­зілетін құжат­тарды тексеру тетік­терімен таныстырған Бас про­ку­ратураның 4 департамент басшысы Әсет Шындалиев, міндетті түрде нотариалдық куәлан­ды­рылуға жататын келісімдердің тізімін ке­ңейтуді ұсынды. Бұл жерде но­тариус жыл­жымайтын мүлікке қатысты сату-сатып алу туралы бұған дейінгі барлық келі­сімдердің тарихын тексеріп шығуы тиіс. Ол үшін нотариаттың қолында бүкіл қажетті ақпараттық және құқықтық ре­сурсы болуы керек. Қазіргідей жағдайда бұл қоғамға аса қажет.

– Адамдар пәтер алаяқтарына жиі тап болады. Баспана сатып алғанда заңда жазылған барлық құжаттау рәсімдерінен өтеді, нәтижесінде, жер сипап қалады. Келісімнің жалған екендігін үй иесі ар­тынан бірақ біледі. Біздің ұсынып отырған механизміміз қарапайым азамат­тар­дың құқығын нақты қорғайтын бо­лады, – дейді Ә.Шындалиев.

Расында, мұндай жағдайлар ел ішінде өте көп кездеседі. Оған Бас прокурор мынандай мысалдарды келтіреді. Ауылда тұрған жетпiс алтыдағы қария өмір бойы жиған мал-мүлкін сатып, бала-шаға, немере,  келін­дері, барлығы 7 адам Екібастұзға көшеді. Бірақ үйді сатушылар алаяқ, ал құжаттар жалған екен. Сөйтіп, сот бүкіл отбасыны пәтерден шығарып жібереді. Қария: «Бұл қалай? Ақшаны қолма-қол санап бердім. Нотариус растады. ЦОН құжатты тіркеді. Менің қандай кінәм бар? Сонда не, заң қу мен сұмның пайдасын жақта­ғаны ма? Адал адамды алдауға жағдай жа­сап қойғаны ма?» деп күйінеді. Отбасымен далада қалған қарт мұндай қорлыққа шы­дамай қайтыс болған. Тағы бір мысал. Алматыда бір әйел күйеуі түрмеде отыр­ған­да жалған сенімхат жасап, пәтерін сатып жіберген. Кейін ол бірнеше рет са­ты­лған. Алтыншы сатып алушыға жет­кенде күйеуі босап шығып, «сатуға келісім берген жоқпын» деп сотқа жүгінген. Дау оның пайдасына шешіледі. Соңғы сатып алушы үйден де, ақшадан да айырылған.

– Былтыр соттарда осындай санатқа жататын 135 мың даулы істер қаралды. Ол барлық істердің үштен бірі ғана. Айтылған мысалдарда сот шешімдері заңды. Оларға еш күмән жоқ. Бірақ жеңілген жақ, әрине, сотты кінәлайды. «Біздің не жазығымыз бар? Мүлікті заңды жолмен сатып алдық. Неге зардап шегуіміз керек? Бізді енді кім қорғайды?» деген орынды сұрақ қояды. Жалпы, мұндай кемшілік қайдан туын­дайды? Сөзсіз, соттар оған кінәлі емес. Проблема басқада – бізде келісім­шарттар жасалғанда ол жалған ба, жалған емес пе, оны тексеру жүйесі жоқ. «Таза келісім» жасау тетігі жоқ. Пәтерді алушы адам оның тарихын қайдан білсін? Оны білуге де мүмкіндік жоқ. Ақысын төлейді, қажет процедурадан өтеді. Әрине, мемлекетке толық сенеді. Нотариус болса тек үйдің кімнің атында екенін көріп қоя салады. Мүлік даулы ма, жоқ па? Бұрынғы иесі кім, ол үйді қалай сатты? Мұның бәрін тексеруге ол міндетті емес. Дамыған ел­дерде мүлік сатылғанда оның бүкіл «био­графиясы» мұқият тексеріледі. Егер кейін жалған факт шықса, онда құжатты рас­таған, тіркеген тұлғалар жауап береді. Гер­мания, Италия, Францияда – нотариустар, Ис­панияда – риэлторлар, АҚШ-та – ад­вокаттар. Бізге де осындай жүйе құру қажет. Егер бұл нотариустың міндеті болса, онда оларға ақпараттық базаларды беруіміз керек. Мысалы, бұрын жасалған шарттар, мүлікті сатқан  адамдардың оған құқығы болды ма, жоқ па дегендей. Осын­дай механизмді енгізсек, ол алаяқ­тар­ға нағыз тосқауыл бо­лар еді – деп тү­сін­діреді Бас прокурор Жақып Асанов.

Қазір еліміздің заң саласында осы мәселе қызу талқыланып, заңгерлер өз­дерінің ұсыныстарын енгізіп жатыр. Оны зерттеумен ведомствоаралық жұмыс тобы айналысуда.

Баспана мәселесі бойынша Бас про­куратура тағы бір өзекті мәселені көтерді. Ол – үй салу үшін жер бөлу проблемасын шешу. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Жақында Бас прокуратурада өткен алқа отырысында жерлерді өздігінен иеленіп алуға қарсы іс-қимылдың тиімді тетігін құру мәселелері талқыланып, заңсыз жер телімдерін басып алудың негізгі себептері көрсетілді. Бас про­ку­ра­тура мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп жасаған іс-шаралар жоспарын ортаға салды. Жоба жұмысы негізгі үш бағыт – жерді басып алуға себеп болатын жағдай­ларды жою, осындай фактілерді алдын алу жүйесін жетілдіру және жерді басып алумен байланысты жағдайларды құқықтық шешу бойынша құрылған.

Онда қылмыстық жазалаудың тиімсіз жүйесін қайта қарап, жерлерді басып алуды Қылмыстық қудалаудың жеке құра­мына шығару, жерді заңсыз басып алу фак­тілері бойынша мемлекеттік бақылау рәсімдерін жеңілдету ұсынылады. Барлық жерде өздігінен басып алуды ерте анықтау жүйесін құру үшін спутниктің мүмкін­дік­терін пайдалану керек. Ол бойынша пи­лот­тық режимде Астана қаласы бойынша ап­робация өткізіліпті. Бұл бағдарлама то­лық іске қосылғанға дейін жердің пай­да­­ланылуын бақылау жөніндегі басқар­малар игерілмеген мемлекеттік жерлерді тұрақты тексеріп тұруы тиіс. Бұдан басқа да, Экономика министрлігі және Ауыл шар­уашылығы министрлігімен бірлесе оты­рып, егер оны мемлекет жүзеге асыра ал­маса, онда азаматтарға өз қаражаты есе­­­бінен учаскелерге коммуникация жүр­гізу мүмкіндігін қарастыру, ЖТҚ ар­налған жерлерді беру мәселесінің ашық­тық тетігін табу. Жер саудасының бі­рыңғай элек­трон­дық жүйесін және ке­зектегі адам­­дардың орталық­тан­дырыл­ған тізімін құру, әкім­дер­мен бірге үйлер тұрғызылған және онда отбасылар тұрып жатқан өздігінен басып алған жерлер бойынша жұмысты жалғас­тыру сияқты бірқатар өзгерістерді енгізуді ұсынып отыр.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, жерді заңсыз басып алудың бірнеше се­беп­тері бар. Бірінші – жасаған істеріне жауап­кершіліктің жоқтығы. Қылмыстық кодекс­тің 201-бабының нормасы бұған қол­­да­­нылмайды. Екінші – әкімдіктер жерлерді уақтылы тексермейді. Өздігінен басып алуға дер кезінде тосқауыл қойыл­май­ды және құқықбұзушылар осыны пайдалануды жалғастыруда. Үшінші – жерлерді бөлу рәсіміне сенімсіздікпен қарау. Адамдар жердің адал жолмен, та­мыр-таныссыз алынатындығына сен­бей­ді. Төртінші – жеке тұрғын үй салуға дайын жердің болмауы. Заң бойынша су және электр жабдықтауы жүргізілген учас­келерді беруге болады. Бірақ оған үнемі қаражат табыла бермейді. Нәти­же­сінде, азаматтар 10 және одан көп жылдар бойы өз кезектерін күтуде.

Соңғы жылдары тым көбейіп кеткен жалған құжаттар бойынша жерлерді сат­қан алаяқтарға қатысты қылмыстық іс­тер­ге тосқауыл қою жағы да қарас­ты­рылатын болды.  Мысалы, Астанадағы Қосшы кен­тін­де бір топ қылмыскерлер жерді беру ту­ралы құжаттарды қолдан жасап жұртқа сатқан. Мұндай қылмыстық істер сотқа беріледі. Қылмыстық жауап­тылыққа 24 лауазымды тұлға тар­тыл­мақшы. Олардың 15-і қазір қамауда отыр. Осыған ұқсас жағ­дай Жамбыл облысында да болған, онда жал­ған құжаттар бо­йынша фермерлерге тие­сілі 270 учаске сатылып кетіпті. Кінәлі адам­дар сот­талды. Алаяқтар ешқандай құжаттары жоқ бола тұра жекелеген аза­мат­тарды сендіріп, жерлерді сатып отыр­ған. Ақ­шаны қа­былдау туралы қолхат қана жазып берген. Алматыда осындай жолмен 61 учаске сатылған. Ақмола облысының Қоян­ды ауылында 65 жер телімі сатылған. Кінәлі адам­дар ұзақ уақытқа қамауға алу­мен сот­талды деп мәлімдеді Бас про­куратура. Осы­н­дай жағдайларды бол­дырмауға ба­ғыт­­талған жоба шең­бе­рінде шараларды іске асыру бойынша кешенді жоспар бе­кі­тіліп, алдағы уақытта жұмыс істей бас­тай­ды.

aikyn.kz

T. Кіршібаев