- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Ынтымағы жарасқан ырысты...
Ынтымағы жарасқан ырысты жұрт
Парламент тарихында әр түрлі маңызды шешімдер қабылданған күндер, мемлекеттің үдемелі дамуына қажетті заңдар қаралған отырыстар, халықаралық қатынастарды одан әрі жақындата түсуге ықпал ететін келісімдерді бекітуге байланысты құжаттар алынған кезеңдер болады. Бірақ, Қазақстан Парламентінің қос палатасының бірлескен отырысында Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жарияланған Декларацияның маңызы ерекше деп санаймын.
Бұл тарихи құжаттың осы уақытта, дәл қазір қабылдануы да кездейсоқ емес. Өйткені, мемлекетіміздің дүние жүзіне белгілі ел болып қалыптасуы мейлінше қысқа мерзімде болып, ширек ғасыр ішінде Қазақстан экономикалық тұрақтылық пен азаматтық келісімге қол жеткізді және елімізді әлемдік қоғамдастық аса қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі ретінде мойындады.
Декларацияның тұжырымдамасында «Тәуелсіздіктің Ұлы жолы мәңгі болуы тиіс» делінген болатын. Бұл сөйлемнің мәнісі мен мазмұны тереңде жатыр деп ойлаймын.
Жер шарында 5000-нан астам әр түрлі тілдерде сөйлейтін халықтар, 2000-ға жуық ұлттар мен ұлыстар бар екен. Бірақ, бүгінгі таңда олардың көпшілігінде өзінің егеменді елі, тәуелсіз мемлекеті жоқ.
Біздің бақытымыз – Тәуелсіздігіміз! Шындығында да, біздің ел үшін ең жарқын кезеңдер Тәуелсіздік алған жылдардан басталды деп айтсақ, артық емес. Оған дәлел де жеткілікті. Бүгінде шекарамыз шегеленген, Әнұранымыз асқақтаған, Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреген еліміз бар. Кең-байтақ қазақ даласында бірлігі мен тірлігі жарасқан, көп ұлттың өкілдері бірігіп, Мәңгілік Ел құрып жатқан еңбекқор халқымыз бар. Елбасының салиқалы саясатының арқасында бейбіт өмір сүріп, бейбітшілікті қолына берік ұстайтын болашақ ұрпағымыз бар. Ал осы тәуелсіздігіміздің іргесін тереңнен қалап, егемен елімізді ширек ғасыр бойы бүкіл әлемге танытып, дүниедегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды күн сайын жақындатып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтай Президентіміз бар!
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда шетелдіктер Қазақстанның қандай мемлекет екендігін, оның қай материкте орналасқанын білмейтін еді. Ал бүгінгі таңда әлемнің барлық дерлік елдерінде Қазақстан десең, олар Назарбаев дейді, Назарбаев десең, Астана деп атайтын болды.
Осыдан екі жыл бұрын дүниенің ең дамыған мемлекеттерінің бірі болып саналатын Финляндия Республикасының (Парламенттік мемлекет) Парламент басшысы Ээро Хейнялуома сапармен келіп, Елбасымен, Мәжіліс Төрағасымен кездескеннен кейін үш күн бойы жанында бірге жүрдім.
Бірінші күні әуежайдан ол кісіні қарсы алғанда көңіл күйі болмаған сияқты болып көрінген. Ал кейін, басшылармен кездескен соң, Елбасының айтуымен, қонағымыз «Бәйтерек» төбесіне көтерілемін деді. Сол биіктен Астанаға айнала көз салып тұрып: «Дүниеде ең жас болып есептелетін бас қаласын Қазақстанның орталыққа көшіргенін естіп-біліп едім, бірақ осындай қысқа мерзімде көз тоярлық әсем қаланың кең далада бой көтергеніне, елдеріңіздің қарыштап өсуіне таңданып тұрмын», – деп, көңіл күйі көтеріліп, жайнап сала берді. Сол күннен бастап еліне қайтқанға дейін ол өзін еліміздің ескі досындай сезініп, ашыла сөйлеп, Қазақстан халқына өзінің ыстық лебіздерін айтумен жүрді.
Шынында да, бүгін Астана таңдай қақтыратын, әлемнің қай қаласымен болса да терезесі тең тұратын, әлемдік деңгейде өтетін басқосуларды қабылдайтын, көптеген мемлекет басшыларының қатысуымен болатын жоғары деңгейдегі саяси кездесулерді ұйымдастыратын орталыққа айналды. 25 жылдық тәуелсіздік тарихы бар мемлекетіміздің өркендеу, өрлеу кезеңінің 19 жылы Астанамен байланысты. Астана еліміздің қарқынды дамуына үлгі бола отырып, Қазақстанның бүкіл экономикалық, әлеуметтік және мәдени өркендеу жолындағы локомотивіне айналды.
Есіл өзенінің жағасында бой көтерген астанамыз өзінің асқақ ғимараттарымен, сәулет өнерінің керемет үлгілерімен, түрлі-түсті айрықша жарықтарымен таң қалдырады. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды, еліміздің бас қаласы Халықаралық астаналар мен ірі қалалар ассамблеясының мүшесі болып табылады. 2011 жылы «ТМД-ның және ЕурАзЭҚ-тың үздік қаласы» халықаралық конкурсының жеңімпазы атанды.
Астананың қалыптасуындағы қысқа ғана мерзім ішінде қаланың жалпы өңірлік өнімі 156 еседен астамға өсіп, төрт триллион теңгеден астам сомаға жетті. Инвестициялар көлемі 40 есе артты.
Астананың ең негізгі байлығының бірі – кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген, әр түрлі салаларда қызмет ететін еңбексүйгіш тұрғындары, оның ішінде, мыңдаған жалынды жастары. Олар оқуға, қызметке келіп, көпшілігі өз бақыттарын тауып, астанамызда отбасын құрып, елордалық болашақ ұрпақтарын өсіруде. Астананың құрдастары да ат жалын тартып мінетін азаматтар қатарына қосылып қалды.
Биылғы 2016 жыл еліміздің әрбір азаматының өміріндегі ерекше кезеңді білдіретін айрықша жыл болмақ. Жақын арада Қазақстан өз тарихындағы маңызды датаны –Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтеді.
Жалпы алғанда, тарихи өлшем тұрғысынан алғанда, ширек ғасыр мемлекеттің дамуы үшін тым аз уақыт болып саналғанымен, Қазақстан кейбір мемлекеттердің жүз жылда өтетін асуын қысқа мерзімде-ақ еңсере алды.
Қазіргі кезде дүние жүзінде экстремизм мен терроризм көріністері белең алып, олар қоғамның қалыптасқан салт-дәстүрлерін мойындаудан бас тартып, әлемнің көптеген мемлекеттері мен қалаларында ылаң салып жатқан кезде біз еліміздегі тұрақтылықты бағалауымыз керек, бірлескен іс-қимылдар арқылы еліміздегі бейбіт өмір мен тыныштықты одан әрі сақтауымыз қажет.
Парламент депутаттары қабылдаған Декларация да бірлікке, тыныш тіршілікке, Елбасының төңірегінде топтасып, Мәңгілік Ел құндылықтарын аялап-қастерлеуге шақырады.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!», – деп айтқандай, Тәуелсіздігіміздің туы – биік, еліміз – мәңгілік болсын, егеменді еліміздің екі мүшелден өтуі – құтты, болашағы – жарқын болсын дегім келеді.
Елордада өткен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: нәтижелер, жетістіктер, келешек көкжиегі» атты xалықаралық конференцияда да тәуелсіздік жылдарындағы табыстар туралы, ондағы Елбасының елеулі еңбектері, әлемдік саясаттағы салиқалы жетістіктері туралы әлемнің көптеген елдерінен келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі сарапшылар өз сөздерінде айтып өтті.
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,
Парламент Мәжілісінің Депутаты
T. Кіршібаев