"...Нөсер боп жауған оқ астында қорықпау мүмкін емес. Олар да ет пен сүйектен жаралған. Үрей әрбір жүйке талшығыңды тартады. Айнала түгелдей - 60 метр жерде тұрған Рейхстаг та, снаряд жарылысынан топырақ боп үйілген асфальт та, қарыс жер бассаң қаза болған жауынгер жолдастар да анталап тұрған ажалдың азуында екенін тағы да аңғартты". Бұл атақты жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігіне арналған шығармасынан үзінді.
TengriMIX "Жеңістің мәңгі батырлары" байқауына қатысып жатқан жас суретшілердің жұмысын жариялауды жалғастырады.
#1
Арузат Төлеу, Рудный, Қостанай облысы, 15-18 жас
"Рақымжан Қошқарбаев батыр болғанына қарамастан өте қарапайым адам болған. Мен суретім арқылы Рақымжан Қошқарбаевтың соғысқа дейін және кейін қандай болғанын әрі оның эмоциясын да бейнелегім келді. Суреттегі сол жақта кейіпкердің жастық жағы, ал оң жақта соғыстан кейін, әрі ортасында егде жаста қандай болғанын көруге болады. Картинаның артқы фонында Рақымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туын желбіреткен кездегі тарихи сәтін көре аласыз".
#2
Диана Курмантаева
"Адамзат тарихындағы ең қасіретті, зұлмат, миллиондаған боздақтың өмірін жалмаған тарихи кезеңдердің бірі - Екінші дүниежүзілік соғыс. Ақтық демі қалғанша күресіп, келешек ұрпақ үшін жан берген ата-бабаларымыз қаншама. Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңісі орасан зор құрбандықпен келді. Осы қырғын майданның ақырғы ақиқатын айқындаған Берлин операциясы екені айдан анық. Осы соңғы шайқастың нәтижесі Ұлы Жеңіске ұласты.
"Қанды соғыс ерге сын, қаптаған жау елге сын" демекші, шығыс майданында және тұтастай алғанда Еуропадағы күресті тиімді аяқтаса да, Гитлер өліп, жеңіліске ұшыраған немістер үшін Берлин шайқасы қанды соғыс болды. 458 мыңнан аса адам қаза тауып, 478 мыңнан аса неміс тұтқынға түскен қанды соғыста жеңіске жету - Кеңес халқы үшін жаңа бастамаға апарар жол іспетті болды. Қызыл әскердің дүниежүзілік мәдениет пен өркениетті сақтап қалу жолында орасан зор әсер еткен бұл шайқас рух көтерерлік, кеңес жауынгерлерінің қаны мен терінің арқасында келген ірі жеңіспен аяқталды".
#3
Нұрайым Тесеменова
"Қайратын бойына жиып, жан таласып Рейхстагты жаулап алды. Қазақ елі бұл сұм, үрейлі соғыстан да өтті. Қазақтың мақтанышы, "Рейхстагқа ту тіккен қаһарман" жауынгер - Рақымжан Қошқарбаев. Ол мыңдаған боздақтың арасынан суырылып шығып, ержүрек, қайсарлығымен Рейхстагқа ту тікті. Барша халықтың жүздері күлімдеп, қуаныштары төбелері көкке жетті. Солдаттар қаруларынан көкке оқ атып, қуаныштарын тойлап жатты. Риясыз күліп, жүрегіндегі бар қайғы-мұңнан, үрей - қорқыныштан бір жолата айығып, жаңа өмірге үмітпен қадам басты. Осылайша Рақымжан Қошқарбаев "Жеңіс туын тіккен қаһарман" деген атпен танылды. Қазақ елінің рухын арттырып, мақсатқа деген нық қадам жасатты. Осы уақыттан бастап, еліміз тынышталып, бейбіт өмір сүре бастады. Жеңіс туы көгімізде желбіреп тұра берді. Бұл - қасық қаны қалғанша жанын аямаған ата-бабаларымыздың арқасы. Аспанымызды бұлт жаумай, туымыз желбіреп "Мәңгілік Қазақстан" болайық".
#4
Марк Артеменко, Өскемен, 11-14 жас
"Әлемдегі әр адам Ұлы Отан соғысы туралы білетін шығар.
Майданда туыстарымыз бен жақындарымыз соғысты. Олар Отан үшін өмірін қиды. Бұл соғыс миллиондаған адамның өмірін қиды. Менің ойымша, біз мұны ұмытпауымыз керек".
#5
Дильназ Куанышкалиева, 15-18 жас
"Ұлы Жеңістің 75 жылдығы - әрбір адам үшін айтулы күн. Ардагерлеріміздің Отанды қалай қорғағаны бәрінің есінде болуы керек. Олардың арқасында біз бейбіт өмірдің қызығын көріп жатырмыз. Мен мұны суретімде Григорий Булатов пен Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі арқылы көрсеткім келді.
Олар сұрапыл соғыстағы қиындықтарға қарамастан Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Лента - ұлы Жеңістің символы. Тұман мен шаң соғыс кезіндегі қиындықты білдіреді. Фонда ашық аспан, жасыл желек және адам мен жануардың бейнеленуі - соғыста қаза тапқан әскерилердің жетістігін көрсетеді".
#6
Алина Лемешева, Бәйтерек ауданы, Батыс Қазақстан облысы, 15-18 жас
"Осыдан 75 жыл бұрын Қызыл әскердің Рейхстагқа Жеңіс туын тігуі маңызды тарихи оқиғалардың бірі болып саналады. Шайқас Берлин көшелерінде болды. Бораған оққа қарамастан Кеңес әскері Рейхстагқа жақындай түсті. Рейхстаг нағыз бекініс еді.
Рейхстагты алуға бағытталған бірінші шабуыл сәтсіз аяқталды. Кеңес әскері сағат 13:00-де қайта шабуылға шығатын болды. Ұрыста көптеген адам қаза болды.
Рейхстагты алып, оған Жеңіс туын тігу Кеңес әскерінің маңызды стратегиялық міндеті болды.
Орақ, балға және жұлдыз бейнеленген 9 бірдей ту жасалды. Оның біреуі Рейхстагтың үстіне тігілді. 1945 жылы 30 сәуірде сағат 14:25-те лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов ғимараттың орталық бөлігіне кіріп, Жеңіс Туын тікті. Алайда немістер қарсылық көрсетуін тоқтатқан жоқ. Тек 2 мамырда Рейхстаг алынды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл болды. Біз оны мақтан тұтамыз, сұрапыл соғыс жылдарындағы қиын күндерді мәңгі есте сақтаймыз".
#7
Аманбек Осипов, 11-14 жас
"Бұл суретте сұрапыл соғыс бейнеленген. Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тігіп жатқан бейнесін үлкендеу, айқындау етіп салдым. Жұмысымның екінші бөлігінде, сол кездегі Кеңес Одағының астанасы - Мәскеудегі Кремль бейнеленген. Сол кездегі жауынгерлер Отанымызды қорғау мақсатында "Артымызда Москва - шегінерге жол жоқ!" деген ұранмен ұлы байтақ Отанымызды фашистік Германиядан қорғаған. Бұл суретте сол кездегі фашистік Германияның басты ғимараты Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мақтанышпен бейнеледім. Аталарымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі мен батыл әрекеттері кейінгі ұрпаққа үлгі, патриоттық сезімді оятар ерлік. Мен осыны туындым арқылы көрсетуді мақсат еттім".
#8
Милана Вайцель, Алматы, 11-14 жас
"Григорий Булатов Свердлов облысының Черкасов ауылында шаруа отбасында дүниеге келді. 8 жасынан бастап орта мектепте білім алған.
Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін "Красный якорь" фанер комбинатында жұмыс істеді. Әкесі қайтыс болғаннан кейін 16 жасында майданға өз еркімен бармақ болған. Алайда ол тек 1943 жылы маусымда әскерге шақырылды. 1944 жылдың сәуірінен бастап майданда соғысты. Алғашында атқыш болды, кейін барлау взводына ауыстырылды".
#9
Томирис Жамалқанова, Шығыс-Қазақстан облысы, 11-14 жас
"Мен патриот ретінде жерлестерімнің ерлігін мақтан тұтамын. Олар сұрапыл соғыста көптеген қиындықпен бетпе-бет келді. Соған қарамастан қиындыққа мойыған жоқ. Олар елінің азат болуы үшін соғысты.
Мен 19 жастағы қатардағы жауынгер Григорий Булатов пен 20 жастағы лейтенант Рақымжан Қошқарбаевтың Рейсхтагта Жеңіс туын тіккенін мақтан тұтамын. Олар Жеңіс туын 1945 жылы 30 сәуірде Ұлы Отан соғысының ресми түрде аяқталуына 10 күн қалғанда тікті.
Жас ұрпақ фашистік Германияны жеңу үшін Кеңес халқының қалай тер төккенін ұмытпауы керек. Отанының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендердің ерлігі халықтың жадында мәңгі сақталады. Өткеннен сабақ алу арқылы ғана біз жаңа қауіптің алдын аламыз".
#10
Елдана Жүнісбекова, 15-18 жас
"Ұлы Отан соғысы - адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстардың бірі. Фашистік Германияны жеңуге патриоттық сезім, табандылық, батылдық пен Кеңес халқының еңбекқорлығы себеп болды. Бұл қасиеттер қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік берді.
Сұрапыл соғыста батыл сарбаздар өз өмірін құрбан етті. Олардың ішінде Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов болды. Мен суретімде батылдығымен көзге түскен осы екі кейіпкерді суреттедім. Бұл соғыста Кеңес халқы өз бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресті. Олардың ерлігін мақтанышпен айтуға болады, әрі халық жадында мәңгі сақталады".
#11
Фариза Бекбау, 15-18 жас
"...Ата-бабаларымызды мақтан тұтамын және құрметтеймін. Олардың ерлігі бізге болашаққа жол ашты. Мен оларды неге мақтан тұтатынымды менің замандастарым түсінбес, бәлкім. Кейін түсінер, кім білсін, бәрі өз уақытымен бола жатар.
Кеңес Одағының қайраткері Рақымжан Қошқарбаев Ұлы Отан соғысының қатысушысы жане Қызыл Армия офицеріне арнап салынған сурет. Суретте оның қайраты мен қайсарлығын көрсеткім келді. Оның ерлігі біздің жүрегімізде мәңгі қалады. Ол бұл ерлікті кім үшін жасады? Әрине бірінші өз елін, өз жерін қорғау үшін. Жерімізді жаудан қорғады. Меніңше бұл жеңіс болмаса, біздің қазіргі жағдайымыз қиын болар еді. Менің аталарымызға деген құрметім шексіз".
"Жеңістің мәңгі батырлары" сурет байқауын "Алаш Медиа Групп" медиа холдингі мен ЮНЕСКО клубтарының қазақстандық ұлттық федерациясы бірігіп ұйымдастырады. Конкурсқа 7-18 жас аралығындағы суретшілер қатыса алады.
Байқауға қатысушылар өз шығармашылығы арқылы Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігін бейнелей алады.
Жобаның идеясы қазақстандық, ресейлік режиссер Константин Харалампидиске тиесілі.
Сонымен қатар, 2020-2021 жылдары ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржылай көмегімен "Ұлы отан соғысының батырлары: Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов" деректі фильмін шығару жоспарланып отыр.
7-18 жастағы балалар мен жасөспірімдер суреттерін (7-10, 11-14, 15-18 жас санаттары бойынша) 2020 жылдың 25 желтоқсанына дейін жібере алады.
Туындылар 3 бағыт бойынша қабылданады: графика, кескіндеме, цифрлық кескіндеме. Ұйымдастырушыларға жолданатын сурет санына шектеу қойылмаған.
Суреттерді қабылдау мынадай номинация бойынша жүргізіледі:
• Рақымжан Қошқарбаевтың Ұлы Отан соғысына дейінгі және кейінгі өмірі;
• Берлин үшін шайқас;
• Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов: Рейхстагқа шабуыл жасау және Жеңіс туын тігу.
Байқауға қатысу үшін сауалнаманы толтырып, суретті жүктеу керек. Суреттер тек электрон түрде сілтеме бойынша қабылданады.
Жоба қорытындысы бойынша байқауға қатысушылардың суреттері туралы фоторепортаж Tengrinews.kz, Kaz.tengrinews.kz және Massaget.kz сайттарында жарияланады.