- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Ұлттық банк Назарбаев...
Ұлттық банк Назарбаев бейнеленген 20 000 теңгелік банкнот шығарады
Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған номиналы 20 000 теңгелік мерейтойлық банкнотты айналымға шығарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, мерейтойлық банкноттың дизайны бірегей технология бойынша дайындалған: банкноттың тігінен орналасқан және номиналдың голографикалық бейнесін, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған логотипті және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың факсимилесін қамтыған металсыздандырылған жолақ әлемде алғаш рет қолданылды.
Мерейтойлық банкноттың 27 қорғаныш элементі бар. Банкноттың дизайны айналыстағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған: бет жағы, негізінен, тік бейнелерді, сыртқы жағы көлденең бейнелерді қамтиды. Банкнот басым түс - сұр түсте орындалған. Банкнот көлемі 155х79 миллиметр.
Банкноттың бет жағы
Бет жағындағы негізгі бейнелер - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев портретінің голографиялық бейнесі, Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің нышаны ретінде "Қазақ Елі" монументі, "Мәңгілік Ел" салтанат қақпасы, қазақтардың дәстүрлі тұрғын үйі "Киіз үйді" безендіру желісі бойынша "Басқұр" - таспасындағы қазақтың ұлттық өрнегінің фрагменті.
Банкноттың сыртқы жағы
Сыртқы бетіндегі негізгі бейнелер - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті, Нұр-Сұлтан қаласының және Ақорда Президент резиденциясының панорамалық көрінісі, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге арналған логотип бейнесі.
Номиналы 20 000 теңгелік мерейтойлық банкнотты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша нақты құны бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банктерінде банктік шоттарда аударуға, ұсақтауға және айырбастауға міндетті.
Айта кетейік, Елбасының портреті бар номиналы 10 000 теңгелік алғашқы мерейтойлық банкнот 2016 жылы шығарылған және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған болатын.
Бүгінде Қазақстанда номиналы 200, 500, 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 және 20 000 теңгелік банкноттар айналыста қолданылып жүр.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz
А. Жапатова