Агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне арналған ASTANA AGRO FORUM 2018 форумы аясында агроөнеркәсіп инвестициясына қатысты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, отандық және шетелдік инвесторлар (Farm Frites Beheer B.V, Grand Farm Meats, Hyundai Corporation және басқалар), салалық одақтар мен қауымдастықтар өкілдері, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер қатысты. Аграрлық сектор Қазақстандағы басымдыққа ие саланың бірі. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында еңбек өнімділігі мен қайта өңделген өнім экспортын 2,5 есе ұлғайту міндеті қойылған болатын. Ауқымды ресурстар мен өсім қорының болуы Қазақстанның әлемдегі ірі аграрлық өнім өндіруші, әрі экспорттаушыға айналуына мүмкіндік беретінін де айтқан еді. Бұл мақсат үшін инвестицияның маңызды зор. Форумның ашылуында Премьер-Министр ҚР Президенті Н.Назарбаевтың егін жинау науқанының аяқталуына орай арнаған сөзін оқып берді. Құрметті ауыл еңбеккерлері! Дамыған аграрлық секторы бар ел ретінде Қазақстан үшін егін жинау науқаны қашан да маңызды іс. Қолайсыз ауа-райы жағдайында жиналған биылғы түсім сіздердің аянбай төккен терлеріңіздің және кәсіби шеберліктеріңіздің нәтижесі. 22 млн тоннадан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды, бұл ішкі қажеттілікті толықтай қамтумен қатар, шетел нарықтарына үлкен көлемде экспорттауға да мүмкіндік береді. Осындай жоғары көрсеткіштер еліміздің әлемдегі ірі астық өнімдерін шығарушы ретіндегі мәртебесін кезекті рет дәлелдеп отыр. Ауыл шаруашылығында жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың арқасында осы стратегиялық маңызы бар саланың әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті. Мемлекет агроөнеркәсіптік кешенді жан-жақты қолдауды бұдан әрі жалғастырады, осылайша заманауи технологияларды тартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді. Еліміздің барлық шаруаларын 2018 жылғы егін жинау науқанының жемісті аяқталуымен құттықтаймын! Қазақстан халқы сіздердің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, еліміздің өркендеуіне жұмсаған күш-жігерлеріңізді жоғары бағалайды. Сіздерге зор денсаулық, еңбектеріңізге алдағы уақытта да табыстар тілеймін!, делінген Елбасының құттықтау сөзінде. Бақытжан Сағынтаевбүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені инвестициялар үшін аса тартымды болып отырғанын атап өтті. Инвесторларға ҚР-ның ауыл шаруашылығын дамытуға инвестиция салған өте тиімді, себебі әлемдегі ірі нарықтың бірі Қытайды қоса алғанда, ірі сауда нарықтарына жол ашылады. Қазақстан халықаралық тәжірибені ескере отырып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы агроөнеркәсіпті қарқынды түрде дамытып жатыр. Ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі басымдықтарының бірі өткізу нарықтарын кеңейтуге, шет елдерге жеткізілімдерді арттыруға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал ететін, саланы технологиялық қайта жарақтандыру және ғылым. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік жолдауында ауыл шаруашылығы экономика драйвері екенін нақты белгілеп көрсеткен еді. Биыл Президент Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру жолдауында бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есе көбейтуді, бағдарлама үшін жыл сайын қосымша 100 млрд теңге қарастыруды, Ұлттық банк тарапынан экономика дамуына 600 млрд теңге көлемінде қаржы бөлуді, оның 200 млрд теңгесін ауыл шаруашылығы саласына бағыттауды тапсырды. Қолда бар қаражаттарға қосымша 300 млрд тг қосылды. Қазіргі таңда Дүниежүзілік банк несиелер түрінде $500 млн инвестиция салуға әзір, деді Премьер-Министр. Қазір АҚШ-тың AGCO, ирландиялық Dunbia компаниясы, италиялық Inalca компаниясы, немістің CLASS компаниясы, оңтүстіккореялық Hyundai компаниялары Қазақстандағы ұлтаралық компаниялар қатарына қосылып, жобаларды іске асыра бастады. Компаниялардың ауыл шаруашылық саласына құйылған инвестициясы 14%-ға артты. Дөңгелек үстел барысында инвесторлар фри картобын өндіру жөніндегі зауыт құрылысы, ауылшаруашылық тракторларын шығару, ауылшаруашылық техникаларын құрастыру, қант өндірісі жөніндегі заманауи зауыттар құру, Түркістан және Жамбыл облыстарында жылыжай агропарктері құрылысы сияқты жобалармен танысты. Қазақстан тарабы агроөнеркәсіпті дамытудың экономикалық және әлеуметтік маңызға ие екенін, ол халықтың жартысына жуығының негізгі табыс көзі екенін мәлімдеді. Сондай-ақ тікелей шетелдік инвесторларды тарту және өзара тиімді негізде ауыл шаруашылығы саласында бірлескен өндірістер құру екі тарап үшін де ерекше маңызды болмақ. Қазақстандық ауыл шаруашылық өнімдерін және онда қайта өңделген өнімдерді ілгерлетуге, өндіріс, менеджмент және маркетинг процестеріне заманауи технологияларды тартуға қызығушылық танытатын шетелдік инвесторларға Қазақстан барынша қолдау көрсетуге мүдделі және дайын.