Ұлт жоспары мем­лекетті жаңғырту жолындағы бағ­дар­лама

Қазақстан мемлекеті тәуел­сіздік алған кезеңнен бас­тап Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқор­лығымен қазақстандық сот жүйесі жаңа заманның демокра­тиялық және құқықтық мемлекет құрудағы жалпыәлемдік озық стан­дарттарына сәйкес ұлттық тәуелсіз сот жүйе­сі болып қалыптасты. Бүгінде сот жүйесінің құқықтық үстемдігін қам­тамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

 

Елбасы Судьялар одағының V съезінде: «Біздің азаматтардың үміті­нің ақталуы, олардың әділеттілікке деген сенімділігі судьялардың қыз­меттерімен тығыз байланысты»,– деген қанатты сөз айтты. Расында, елдегі әділеттің, қауіпсіздіктің, тату­лықтың бәрін сот органдарымен байланыстырудың жөні бар.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті ұлттық құндылықтар мен өскелең ұрпақ санасындағы патриотизмді нығайтудың маңыз­дылығы ең басты мәселе екенін және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мем­лекетті жаңғырту жолындағы бағ­дар­лама ретінде жаһандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы күресуге жұмылдыратын әрі елімізді әлемдегі дамыған мемле­кеттердің отыздығына қосуға жол бастайтын қауқары зор маңызды құжат екенін жеткізді. 

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын­да көрсетілген бағыттардың 11 тап­сырмасына сай, қазақстандық сот жүйесін одан әрі әлемдік стандарттарға сәйкестендіру арқылы дамыту және сот жүйесін реформалау, азаматтарға сотқа жүгіну үшін басымдықтар беру, сотқа деген халық сенімін арттыру, адамның құқықтары мен бостандығын заңның үстемдігі арқылы қорғау мақсат етілген.

Қазақстан Республикасы Жоғар­ғы Сотының төрағасы Қ.Мәми Ұлт жоспарында міндеттелген тапсыр­маларды орындаудың практикалық кезеңі бастау алғанын және жергілікті жерлердегі сот жүйесінің бірінші басшылары Мемлекет басшысының сот абыройын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға жауапты екенін, сот билігінің беделін жоғарылату үшін сот төрелігін ең лайықты кәсіби мамандар атқаруға тиісті және заң үстемдігін қамтамасыз ету соттардың басты міндеті деп қадап айтқан болатын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының бас­шылық жасауымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы Елбасымен міндет­телген 11 тапсырманы жүзеге асыру үшін ұдайы бағытты іс-шаралар ұйым­дастырылып, өткізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясының 1-ші және 2-бабында мем­лекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені, адам және азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарын жүзеге асыру кезінде ешкімнің оны бұзбауға және құқықтары заңға қайшы келмейтін барлық тәсіл­дермен қорғауға заңмен кепілдік берілгені, жеке бастың қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайтыны, әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға, өмір сүруге құқығы бар екені нақты айқындалған.

Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясымен және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған прин­циптері мен нормаларына сәйкес, азаматтардың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау және заң нормасын дұрыс қолдану арқылы заң үстемдігін қамтамасыз ететін заңның бірі – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі.

Заң үстемдігін қамтамасыз ету кәсіби маманмен жүзеге асырылуы сотқа деген халық сенімін арттырады және сот беделін жоғарылатады. Қазақстан халқының санасында судья ол жоғары құқықтық білімді, мінсіз әдепті, жақсы мінез-құлықты, заңдылық пен тазалықты дәріптейтін тұлға ғана емес, заң үстемдігін қам­тамасыз ететін тұлға болып қалып­тасуы керек. Жаңа ӘҚБтК-і 2015 жылы қолданысқа енгізілді, заңнама­да көрсетілген міндетті талаптар мен қағи­даттарды жүзеге асыру сот төре­лігі арқылы заң үстемдігін қамта­масыз ететін әрбір судьяның міндеті. 

Әкімшілік құқық бұзушылық әре­кетті айғақтайтын және іс бойынша аса маңызды құжат әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама болып есептеледі. Хаттама ӘҚБтК-нің 2-тарауында көрсетілген қағидаттар басшылыққа алына отырып, осы кодекс­тің 803-бабында баяндалған тәртіппен толтырылуға тиіс.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 4 сәуір­дегі №143 бұйрығымен бекітілген қалалық, аудандық (басқармалар) iшкi iстер органдарының жанындағы медициналық айықтырғыш туралы Ереженi, медициналық айық­тыр­ғыш­тарға жеткiзiлетiн адамдарға меди­циналық көмек көрсету жөнiндегi және медициналық айықтырғыш жанындағы профилактика кабинетi­нiң жұмысын ұйымдастыру жөнiн­дегi Нұсқаулығының ІІІ тарауының 22-бөлімінде «Әкімшілік ұстау, яғни, жеке тұлғаны уақытша жеке бас бостандығынан, атап айтқанда, белгіленген уақыт ішінде медициналық айықтырғышта мәжбүрлеп ұстай отырып, әрекет етуді және қозғалыс бостандығынан айыруды аталған адам қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішкен немесе адамдар­дың қадір-қасиетін қорлап және қоғамдық әдепті бұзып, мас күйде қоғамдық орындарда болған кезде полиция қызметкеріне бағынбаған жағдайларда ішкі істер органдары (полиция) жүргізеді. Адамның қоғам­дық орында мас күйде жүруі оны ұстауға және медициналық айық­тырғышқа кіргізуге негіз болмайды» деп міндеттелген. 

Қазақтан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы «Әкімшілік қадағалауды орнату жөнін­дегі заңнаманы қолданудың сот тәжірибесі туралы» №3 нормативтiк қаулысының 10-бөлімінде «хаттама мен қаулыда қоғамдық тәртіптің және азаматтардың құқықтарының қалай бұзылғаны сипаттап-дәлелдеп жазылуға міндетті және адамның қоғамдық орында мас болып келу фактісі, егер бұл адамның қадір-қасиетін қорламаса немесе иман­дылыққа зиян келтірмесе, әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамын құра­майтынын назарда ұстаған жөн» деп көрсетілген.

Яғни, нормативтiк қаулы мен нұсқаулық талабы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада құқық бұзушы адамның мас күйінде нақты қандай қоғамдық тәртіпті бұзғаны, адамның қадір-қасиетін қорлайтын және имандылыққа зиян келтіретін әрекет жасағаны толық мәтінде сипатталып жазылуға тиіс­ті. Және адам қоғамдық тәртіпті бұзбаса, адамның қадір-қасиетін қорламаса, имандылыққа зиян кел­тірмесе, әрекет әкімшілік құқық бұзу­шылықтың құрамын құрамайды, құқық бұзушылықтың субъектісі болып табылмайды және әкімшілік жауап­тылыққа тартылуға тиісті емес. Сонымен бірге заңда қоғамдық орында қоғамдық тәртіпті бұзбаса, теріс қылық жасамаса, адамды қоғамдық орында мас болып жүргені үшін себепсіз ұстау, тоқтату және ескерту жасау заң­да көзделмегені айқындалған.

Денсаулық сақтау министрлігінің 11.06.2003 жылғы №446 бұйры­ғымен бекітілген, ҚР ІІМ-мен келісіл­ген «Психикалық белсенді затты пайдалану фактісін және мас болу жағдайын анықтау туралы» нұсқау­лықта азаматтарды медици­налық куәландыруды жүзеге асыру жөніндегі шараларды нақты іске асыру тәртіптері көзделген.

Құқық бұзушы тұлғаның психика­лық белсенді затты пайдалану және мас болу жағдайын анықтау үшін лауазымды адамның мемлекеттік медициналық ұйым басшысының атына жазбаша жолдама жасап жолдауы, медициналық ұйымның жазба тіркеу журналына тіркелуі, жеткізу хаттамасын толтыру арқылы тұлғаны мемлекеттік медициналық ұйымға жеткізілуі нұсқаулық ереже­сімен реттелген. Нұсқаулықтың 22-бөлігіне сәйкес, куәландыру нәти­жесі куәланушыға оны әкеліп отыр­ған лауазымды адамның көзінше айтылуға тиісті және куәланушы тұлға куәландыру нәтижесімен келіспеген жағдайда ол қайта медициналық куәландыру жүргізу туралы жазбаша арыз ұсынуына құқылы екенін дәрігер түсіндіруге міндетті. Яғни, қайта медициналық куәландыруды жүргізу жөніндегі куәланушы тұлғаның заңмен қамтамасыз етілген құқы шектел­меуі міндетті. Себебі, нұсқаулықтың 8-бөлігінде куәландыруға жолдауды бұзғаны және куәландыратын адамның күйі туралы жалған қорытынды бергені үшін ықпал жасаған органдар мен ұйым қызметкерлеріне ҚР Заңына сәйкес жауапкершілік көзделген.

Ел Конституциясы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 16-бабына сай, ешкімді де әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңында белгіленген негіздер мен тәртіптен өзгеше ретте әкімшілік ұстауға, жеке басын тексеруге және негізсіз ескерту жасауға құқы жоқ.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы «Әкімшілік қадағалауды орнату жөніндегі заңнаманы қолданудың сот тәжірибесі туралы» №3 норма­тивтiк қаулысының 5-бөлігінде «Соттар қылмыстық жауапқа тарту мәселесін шешу үшін адамды ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабында көзделген құқық бұзушылық құрамын және әкімшілік жаза берудің заңдылығы мен негізділігін тексеруге тиіс» деп көрсетілген.

Нормативтiк қаулы соттарға ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 4-бөлігімен толтырылған әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы хаттамасы бойынша іс материалын қарау кезінде, заң­ды күшіне енген хаттамалар мен қаулылардың заңдылығы мен негіз­ділігін тексеруді міндеттеген және заң нормасын бұзу арқылы толтырылған хаттамалар мен шығарылған қаулылар адамның жағдайын нашарлататын болғандықтан заңды күші болмайтыны, істі шешу үшін және адамды кінәлі деп тану негізіне пайдалануға, сонымен бірге дәледеме ретінде жіберілуге және пайдалануға жіберілмейтіні нақты айқындалған.

Әкімшілік құқық бұзушылық заңын­да адамды заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тарту, әділетсіз жаза тағайындау, негізсіз әкімшілік жауап­кершіліктен босату фактілері орын алмау керектігі және орын алған жағ­дайда лауазымды адам жауап­кершілік көтеретіні айқындалған.

ӘҚБтК-нің 803-бабының талабына сай, «Өзіне қатысты іс қозғалған тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық хаттамамен танысуға мүмкіндік беру керек. Хаттаманың мазмұны бойынша түсініктемелер және ескерту жасауға, сондай-ақ, қол қоюдан бас тарту уәждерін баяндауға құқылы, бұлар хаттамаға қоса беріледі». Аталған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан тұлғаға заңмен кепілдік берілген барлық құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігі берілуі тиіс.

ӘҚБтК-нің 7-бабының талабында заңның заңдылықтары мен міндет­терін және принциптік қағидаттарын бұзу, сипаты мен мәніне қарай іс бойынша іс жүргізуге жарамсыз болып табылады, мұндай іс жүргізудің барысында шығарылған шешімдер бұзылуға жатады және жиналған дәлел­демелердің дәлелдеу күші жоқ деп танылады» деп нақты көрсетілген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңында әрбір адамның құқы мен бостандығын сот арқылы қорғау құқы белгіленген.

Осы құжаттың 785-бабында құқық бұзушы тұлғаның жеке басын және мүліктері мен заттарын тексеру, мүлкін, заттарын, құжаттарын алып қою, жеке тұлғаны жеткізу арқылы масаңдығын куәландыру әрекет­терін жасау процессуалдық хаттама арқылы куәгерлердің қатысуымен жүргізу шарт. Сонымен бірге құқық бұзушылық жасаған тұлға 803-бап­тың 3-ші және 7-бөлігіндегі құқын жүзеге асыру үшін, ҚР ӘҚБтК-нің 744-бабында көрсетілген құқықтары толық баяндалып, хаттамаға қол қойдыру арқылы түсіндірілуі міндетті. Бұған қоса, осы кодекстің 738-бабы­на сәйкес, қаулы шығару арқылы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу тілі белгіленуі, хаттама көшірмесін танысу үшін табыстау негіздері көрсетілген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның процессуалдық тәртіптерін тиісті орындамау әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңын елеулі түрде бұзу деп танылады. Кодекстің 787-бабының талабы бойынша, құқық бұзушы адамды ұстау оның жеке бас бостандығын қысқаша мерзімге шектеу болып есептеледі.

Сондай-ақ, 789-баптың 1-бөлігінде осы кодекстің 785-бабындағы мақ­саттарға қол жеткізу үшін құқық бұзушы адамды әкімшілік ұстау және жеткізу жөнінде хаттама толтыру арқылы 3 сағаттан ұзақ болмайтын мерзімге, 2-бөлігіне сай, 24 және 48 сағат мерзімге әкімшілік ұстау негіздері көзделген.

Талданып отырған заңнаманың 788-бабында «Әкімшілік ұстап алу жөнінде хаттама жасалады. Ұстап алынған тұлға қол қояды және өзіне қатысты іс қозғалған жеке тұлғаға, жәбірленушіге дереу тапсырады. Ұстап алынған тұлғаға құқы мен міндеттері түсіндіріледі, ол жөнінде хаттамаға тиісті жазба жасалады. Ұстап алынған тұлғаға құқы мен міндеттерін түсіндірмеу әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу­ді елеулі бұзушылық болып танылады және ҚР заңнамасында көздел­ген жауаптылыққа соғады» деп көр­сетілген.

Әкімшілік құқық бұзушылық тура­лы заңы лауазымды адамға әкім­шілік ұстау және жеткізу жөнінде хаттама толтырмай, ұстап алу жөнінде хаттамаға тиісті жазба жазбай ұстау және ҚР ӘҚБтК-нің 744-бабындағы құқықтарын түсіндірмей, адамның жеке бас бостандығын қысқаша 3, 24, немесе 48 сағат мерзімге ұстап шектеуге құқық бермейді.

ҚР ӘҚБтК-нің 803-бабының 2-бөлі­гінің 4) тармағында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада құқық бұзушылық жасалған уақыт көрсетілуі міндетті» делінген. Яғни, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада құқық бұзушылық жасалған уақыт дәлме-дәл көрсетілуі керек. 

Заңнаманың 738-бабына сәйкес, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу тілін белгілеу қаулы шығару арқылы рәсімделеді». Құқық бұзушы тұлғаға осы кодекстің 744-бабындағы құқықтарын түсіндірмеу, іс жүргізу тілін белгілемеу, құқық бұзушылық жасалған уақытты көрсетпеу, хаттама көшірмесін табыстамау, қорғану құқын шектеу, құқық бұзушылық туралы хаттаманы кодекстің 803-бабы­на сәйкес толтырмау, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның процестік нормаларын елеулі түрде бұзу деп танылады және жиналған дәлелдемелердің күші болмауға, сондай-ақ, оны жарамсыз деп тануға әкеп соқтыратыны реттелген.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге уәкілетті орган немесе лауазымды тұлға кодексте көрсетілген міндеттері мен принциптерін және қағидаттарын мүлтіксіз орындауға міндетті. 

Заңнаманың 822-бабының 3-бөлі­гінің 3) тармағына сәйкес, «Құнды болып табылмайтын және пайдалануға келмейтін заттар жойылуға жатады». Айғақ зат ретінде алынған қару немесе оқ-дәрілердің құндылығы жоқ екені және пайдалануға келмей­тін жарамсыздығы сараптама қоры­тын­дысымен ғана анықталады. Лауа­зымды адам аталған мүліктердің құны мен жарамсыздығы жөнінде өз инициативасымен қорытынды жасауға тиісті емес.

30.12.1998 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Әділет министрлігіне тіркелген, ҚР Бас прокуратурасының бұйрығымен, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР ІІМ-і, Мемлекеттік кіріс министрлігі болып «Соттардың прокуратура, тергеу, анықтау, сот сараптамасы органдарының әкімшілік құқық бұзушылық істері туралы заттай дәлелдемелерді алу, сақтау, беру және жою тәртібі» жөніндегі бекіткен Нұсқаулықтың Жалпы ережелер бөлімінің 56-бөлігінде «Қаулыда заттай дәлелдемелердің тағдыры туралы мәселе қолданылатын нормативтік құқықтық актілерге сәйкес шешілуге тиіс» деп көрсетілген. Нұсқаулықтың 6-бөлігінің 3) тармағында «Құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтін заттар жойылуға жатады» деп көрсе­тілген. Дегенмен, құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтін заттардың тағдыры сот актісінің қарар бөлігінде жою арқылы шешілуге тиісті.

ӘҚБтК-нің 59-бабының 1-бөлігінде «Судья мүліктік зиян келтірілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарай келіп, әкімшілік жаза қолдану мәселесін шешкен кезде, егер мұн­дай зиянның мөлшері туралы дау болмаса, оны бір мезгілде шешеді» деп көрсетілген. Құқық бұзушылықтан келтірілген зиян мөлшері бойынша дау туындаған жағдайда нақты зиян мөлшері азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралып анықталады.

Сонымен бірге заңсыз әкімшілік жазаға ұшыраған тұлғаларға осы кодекспен моральдық зиян салдарын жойғызуға, жоғалған және нұқсан келген құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндіктер қарастырылған. ӘҚБтК-нің 15-бабының 2-бөлігінде көрсе­тілген талапта «Адамның жеке басы­ның абыройы мен қадір-қасиетін қорлауға жол берілмейді және адамға келтірілген зиян заңда белгіленген тәртіппен өтелуге жатады» деп көр­сетілген.

ӘҚБтК-нің 48-тарауында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органның немесе лауазымды адамның заңсыз әрекеті нәтижесінде бұзылған жеке басының мүліктік емес және мүліктік құқы қалпына келтіру бойынша заңда көзделген барлық шараларды қолдану міндеттелген. Ал, кодекстің 864-бабының талабында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органның лауа­зымды адамы немесе судья толық ақтау туралы шешім шығарған жағ­дайда зиянды өтеттіру құқын тану міндетті» деп көрсетілген. Сондықтан, осы аталған зиянды өтеттіру құқын тану жөніндегі заң талабы тиісті орындалуға міндетті.

Сотқа жүгінген әрбір адам заң­мен кепілдік берілген құқым мен бостандығым қорғалады және ақиқат пен шындық айқындалып, әділ шешім қабылданады деп сенеді. Сол себепті Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдік беріл­ген адамның құқықтары мен бостан­дығын қорғау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң талабын орындау, біркелкі дұрыс тәжірибе қалыптастыру, халыққа сапалы қызмет жасау лауазымды адамдар мен органдар және соттар үшін міндетті. 

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын­да көрсетілген тапсырмалармен бірге, Қазақстан Республикасы Жоғар­ғы Сотының төрағасы Қ.Мәмидің ұйым­дастыруымен қолға алынып жатқан іс-шаралар азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін толық қамтамасыз ету және сот корпусының кәсіби біліктілігін арттыру, соттар жұмысын заңнамалық және іс жүргізу нормалары тұрғысынан жетілдіру, сот құрылысын дамыту және шиеленіскен дауларды шешудің баламалы түрлерін енгізу, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, соттың ашықтығы, халыққа жақындығы, халық сенімін арттыру және сот беделін жоғарылату, сотқа деген оң көзқарасты қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға үлесін қосып жатыр деп сенім­мен айта аламыз.

Қазіргі таңдағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және заңның талабы соттардан сапалы сот актісін шығаруды талап етеді. Өйткені, судьялардың шығарған әрбір әділ шешімі, сапалы жұмысы халықтың үшінші билікке деген сенімін нығайтып, судьялардың беделін арттыра түсері ақиқат.

 

Молдабек АХМЕТОВ, 
Қызылорда облыстық сотының 
судьясы, заң ғылымының кандидаты