- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Ұлт жоспары мемлекетті...
Ұлт жоспары мемлекетті жаңғырту жолындағы бағдарлама
Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен қазақстандық сот жүйесі жаңа заманның демократиялық және құқықтық мемлекет құрудағы жалпыәлемдік озық стандарттарына сәйкес ұлттық тәуелсіз сот жүйесі болып қалыптасты. Бүгінде сот жүйесінің құқықтық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Елбасы Судьялар одағының V съезінде: «Біздің азаматтардың үмітінің ақталуы, олардың әділеттілікке деген сенімділігі судьялардың қызметтерімен тығыз байланысты»,– деген қанатты сөз айтты. Расында, елдегі әділеттің, қауіпсіздіктің, татулықтың бәрін сот органдарымен байланыстырудың жөні бар.
Қазақстан Республикасының Президенті ұлттық құндылықтар мен өскелең ұрпақ санасындағы патриотизмді нығайтудың маңыздылығы ең басты мәселе екенін және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мемлекетті жаңғырту жолындағы бағдарлама ретінде жаһандық және ішкі сын-қатерлерге қарсы күресуге жұмылдыратын әрі елімізді әлемдегі дамыған мемлекеттердің отыздығына қосуға жол бастайтын қауқары зор маңызды құжат екенін жеткізді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген бағыттардың 11 тапсырмасына сай, қазақстандық сот жүйесін одан әрі әлемдік стандарттарға сәйкестендіру арқылы дамыту және сот жүйесін реформалау, азаматтарға сотқа жүгіну үшін басымдықтар беру, сотқа деген халық сенімін арттыру, адамның құқықтары мен бостандығын заңның үстемдігі арқылы қорғау мақсат етілген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қ.Мәми Ұлт жоспарында міндеттелген тапсырмаларды орындаудың практикалық кезеңі бастау алғанын және жергілікті жерлердегі сот жүйесінің бірінші басшылары Мемлекет басшысының сот абыройын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға жауапты екенін, сот билігінің беделін жоғарылату үшін сот төрелігін ең лайықты кәсіби мамандар атқаруға тиісті және заң үстемдігін қамтамасыз ету соттардың басты міндеті деп қадап айтқан болатын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының басшылық жасауымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы Елбасымен міндеттелген 11 тапсырманы жүзеге асыру үшін ұдайы бағытты іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-ші және 2-бабында мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені, адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру кезінде ешкімнің оны бұзбауға және құқықтары заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға заңмен кепілдік берілгені, жеке бастың қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайтыны, әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға, өмір сүруге құқығы бар екені нақты айқындалған.
Қазақстан Республикасы Конституциясымен және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына сәйкес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және заң нормасын дұрыс қолдану арқылы заң үстемдігін қамтамасыз ететін заңның бірі – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі.
Заң үстемдігін қамтамасыз ету кәсіби маманмен жүзеге асырылуы сотқа деген халық сенімін арттырады және сот беделін жоғарылатады. Қазақстан халқының санасында судья ол жоғары құқықтық білімді, мінсіз әдепті, жақсы мінез-құлықты, заңдылық пен тазалықты дәріптейтін тұлға ғана емес, заң үстемдігін қамтамасыз ететін тұлға болып қалыптасуы керек. Жаңа ӘҚБтК-і 2015 жылы қолданысқа енгізілді, заңнамада көрсетілген міндетті талаптар мен қағидаттарды жүзеге асыру сот төрелігі арқылы заң үстемдігін қамтамасыз ететін әрбір судьяның міндеті.
Әкімшілік құқық бұзушылық әрекетті айғақтайтын және іс бойынша аса маңызды құжат әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама болып есептеледі. Хаттама ӘҚБтК-нің 2-тарауында көрсетілген қағидаттар басшылыққа алына отырып, осы кодекстің 803-бабында баяндалған тәртіппен толтырылуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 4 сәуірдегі №143 бұйрығымен бекітілген қалалық, аудандық (басқармалар) iшкi iстер органдарының жанындағы медициналық айықтырғыш туралы Ереженi, медициналық айықтырғыштарға жеткiзiлетiн адамдарға медициналық көмек көрсету жөнiндегi және медициналық айықтырғыш жанындағы профилактика кабинетiнiң жұмысын ұйымдастыру жөнiндегi Нұсқаулығының ІІІ тарауының 22-бөлімінде «Әкімшілік ұстау, яғни, жеке тұлғаны уақытша жеке бас бостандығынан, атап айтқанда, белгіленген уақыт ішінде медициналық айықтырғышта мәжбүрлеп ұстай отырып, әрекет етуді және қозғалыс бостандығынан айыруды аталған адам қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішкен немесе адамдардың қадір-қасиетін қорлап және қоғамдық әдепті бұзып, мас күйде қоғамдық орындарда болған кезде полиция қызметкеріне бағынбаған жағдайларда ішкі істер органдары (полиция) жүргізеді. Адамның қоғамдық орында мас күйде жүруі оны ұстауға және медициналық айықтырғышқа кіргізуге негіз болмайды» деп міндеттелген.
Қазақтан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы «Әкімшілік қадағалауды орнату жөніндегі заңнаманы қолданудың сот тәжірибесі туралы» №3 нормативтiк қаулысының 10-бөлімінде «хаттама мен қаулыда қоғамдық тәртіптің және азаматтардың құқықтарының қалай бұзылғаны сипаттап-дәлелдеп жазылуға міндетті және адамның қоғамдық орында мас болып келу фактісі, егер бұл адамның қадір-қасиетін қорламаса немесе имандылыққа зиян келтірмесе, әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамын құрамайтынын назарда ұстаған жөн» деп көрсетілген.
Яғни, нормативтiк қаулы мен нұсқаулық талабы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада құқық бұзушы адамның мас күйінде нақты қандай қоғамдық тәртіпті бұзғаны, адамның қадір-қасиетін қорлайтын және имандылыққа зиян келтіретін әрекет жасағаны толық мәтінде сипатталып жазылуға тиісті. Және адам қоғамдық тәртіпті бұзбаса, адамның қадір-қасиетін қорламаса, имандылыққа зиян келтірмесе, әрекет әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамын құрамайды, құқық бұзушылықтың субъектісі болып табылмайды және әкімшілік жауаптылыққа тартылуға тиісті емес. Сонымен бірге заңда қоғамдық орында қоғамдық тәртіпті бұзбаса, теріс қылық жасамаса, адамды қоғамдық орында мас болып жүргені үшін себепсіз ұстау, тоқтату және ескерту жасау заңда көзделмегені айқындалған.
Денсаулық сақтау министрлігінің 11.06.2003 жылғы №446 бұйрығымен бекітілген, ҚР ІІМ-мен келісілген «Психикалық белсенді затты пайдалану фактісін және мас болу жағдайын анықтау туралы» нұсқаулықта азаматтарды медициналық куәландыруды жүзеге асыру жөніндегі шараларды нақты іске асыру тәртіптері көзделген.
Құқық бұзушы тұлғаның психикалық белсенді затты пайдалану және мас болу жағдайын анықтау үшін лауазымды адамның мемлекеттік медициналық ұйым басшысының атына жазбаша жолдама жасап жолдауы, медициналық ұйымның жазба тіркеу журналына тіркелуі, жеткізу хаттамасын толтыру арқылы тұлғаны мемлекеттік медициналық ұйымға жеткізілуі нұсқаулық ережесімен реттелген. Нұсқаулықтың 22-бөлігіне сәйкес, куәландыру нәтижесі куәланушыға оны әкеліп отырған лауазымды адамның көзінше айтылуға тиісті және куәланушы тұлға куәландыру нәтижесімен келіспеген жағдайда ол қайта медициналық куәландыру жүргізу туралы жазбаша арыз ұсынуына құқылы екенін дәрігер түсіндіруге міндетті. Яғни, қайта медициналық куәландыруды жүргізу жөніндегі куәланушы тұлғаның заңмен қамтамасыз етілген құқы шектелмеуі міндетті. Себебі, нұсқаулықтың 8-бөлігінде куәландыруға жолдауды бұзғаны және куәландыратын адамның күйі туралы жалған қорытынды бергені үшін ықпал жасаған органдар мен ұйым қызметкерлеріне ҚР Заңына сәйкес жауапкершілік көзделген.
Ел Конституциясы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 16-бабына сай, ешкімді де әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңында белгіленген негіздер мен тәртіптен өзгеше ретте әкімшілік ұстауға, жеке басын тексеруге және негізсіз ескерту жасауға құқы жоқ.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы «Әкімшілік қадағалауды орнату жөніндегі заңнаманы қолданудың сот тәжірибесі туралы» №3 нормативтiк қаулысының 5-бөлігінде «Соттар қылмыстық жауапқа тарту мәселесін шешу үшін адамды ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабында көзделген құқық бұзушылық құрамын және әкімшілік жаза берудің заңдылығы мен негізділігін тексеруге тиіс» деп көрсетілген.
Нормативтiк қаулы соттарға ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 4-бөлігімен толтырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасы бойынша іс материалын қарау кезінде, заңды күшіне енген хаттамалар мен қаулылардың заңдылығы мен негізділігін тексеруді міндеттеген және заң нормасын бұзу арқылы толтырылған хаттамалар мен шығарылған қаулылар адамның жағдайын нашарлататын болғандықтан заңды күші болмайтыны, істі шешу үшін және адамды кінәлі деп тану негізіне пайдалануға, сонымен бірге дәледеме ретінде жіберілуге және пайдалануға жіберілмейтіні нақты айқындалған.
Әкімшілік құқық бұзушылық заңында адамды заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тарту, әділетсіз жаза тағайындау, негізсіз әкімшілік жауапкершіліктен босату фактілері орын алмау керектігі және орын алған жағдайда лауазымды адам жауапкершілік көтеретіні айқындалған.
ӘҚБтК-нің 803-бабының талабына сай, «Өзіне қатысты іс қозғалған тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық хаттамамен танысуға мүмкіндік беру керек. Хаттаманың мазмұны бойынша түсініктемелер және ескерту жасауға, сондай-ақ, қол қоюдан бас тарту уәждерін баяндауға құқылы, бұлар хаттамаға қоса беріледі». Аталған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан тұлғаға заңмен кепілдік берілген барлық құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігі берілуі тиіс.
ӘҚБтК-нің 7-бабының талабында заңның заңдылықтары мен міндеттерін және принциптік қағидаттарын бұзу, сипаты мен мәніне қарай іс бойынша іс жүргізуге жарамсыз болып табылады, мұндай іс жүргізудің барысында шығарылған шешімдер бұзылуға жатады және жиналған дәлелдемелердің дәлелдеу күші жоқ деп танылады» деп нақты көрсетілген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңында әрбір адамның құқы мен бостандығын сот арқылы қорғау құқы белгіленген.
Осы құжаттың 785-бабында құқық бұзушы тұлғаның жеке басын және мүліктері мен заттарын тексеру, мүлкін, заттарын, құжаттарын алып қою, жеке тұлғаны жеткізу арқылы масаңдығын куәландыру әрекеттерін жасау процессуалдық хаттама арқылы куәгерлердің қатысуымен жүргізу шарт. Сонымен бірге құқық бұзушылық жасаған тұлға 803-баптың 3-ші және 7-бөлігіндегі құқын жүзеге асыру үшін, ҚР ӘҚБтК-нің 744-бабында көрсетілген құқықтары толық баяндалып, хаттамаға қол қойдыру арқылы түсіндірілуі міндетті. Бұған қоса, осы кодекстің 738-бабына сәйкес, қаулы шығару арқылы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу тілі белгіленуі, хаттама көшірмесін танысу үшін табыстау негіздері көрсетілген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның процессуалдық тәртіптерін тиісті орындамау әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңын елеулі түрде бұзу деп танылады. Кодекстің 787-бабының талабы бойынша, құқық бұзушы адамды ұстау оның жеке бас бостандығын қысқаша мерзімге шектеу болып есептеледі.
Сондай-ақ, 789-баптың 1-бөлігінде осы кодекстің 785-бабындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін құқық бұзушы адамды әкімшілік ұстау және жеткізу жөнінде хаттама толтыру арқылы 3 сағаттан ұзақ болмайтын мерзімге, 2-бөлігіне сай, 24 және 48 сағат мерзімге әкімшілік ұстау негіздері көзделген.
Талданып отырған заңнаманың 788-бабында «Әкімшілік ұстап алу жөнінде хаттама жасалады. Ұстап алынған тұлға қол қояды және өзіне қатысты іс қозғалған жеке тұлғаға, жәбірленушіге дереу тапсырады. Ұстап алынған тұлғаға құқы мен міндеттері түсіндіріледі, ол жөнінде хаттамаға тиісті жазба жасалады. Ұстап алынған тұлғаға құқы мен міндеттерін түсіндірмеу әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді елеулі бұзушылық болып танылады және ҚР заңнамасында көзделген жауаптылыққа соғады» деп көрсетілген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңы лауазымды адамға әкімшілік ұстау және жеткізу жөнінде хаттама толтырмай, ұстап алу жөнінде хаттамаға тиісті жазба жазбай ұстау және ҚР ӘҚБтК-нің 744-бабындағы құқықтарын түсіндірмей, адамның жеке бас бостандығын қысқаша 3, 24, немесе 48 сағат мерзімге ұстап шектеуге құқық бермейді.
ҚР ӘҚБтК-нің 803-бабының 2-бөлігінің 4) тармағында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада құқық бұзушылық жасалған уақыт көрсетілуі міндетті» делінген. Яғни, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада құқық бұзушылық жасалған уақыт дәлме-дәл көрсетілуі керек.
Заңнаманың 738-бабына сәйкес, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу тілін белгілеу қаулы шығару арқылы рәсімделеді». Құқық бұзушы тұлғаға осы кодекстің 744-бабындағы құқықтарын түсіндірмеу, іс жүргізу тілін белгілемеу, құқық бұзушылық жасалған уақытты көрсетпеу, хаттама көшірмесін табыстамау, қорғану құқын шектеу, құқық бұзушылық туралы хаттаманы кодекстің 803-бабына сәйкес толтырмау, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның процестік нормаларын елеулі түрде бұзу деп танылады және жиналған дәлелдемелердің күші болмауға, сондай-ақ, оны жарамсыз деп тануға әкеп соқтыратыны реттелген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге уәкілетті орган немесе лауазымды тұлға кодексте көрсетілген міндеттері мен принциптерін және қағидаттарын мүлтіксіз орындауға міндетті.
Заңнаманың 822-бабының 3-бөлігінің 3) тармағына сәйкес, «Құнды болып табылмайтын және пайдалануға келмейтін заттар жойылуға жатады». Айғақ зат ретінде алынған қару немесе оқ-дәрілердің құндылығы жоқ екені және пайдалануға келмейтін жарамсыздығы сараптама қорытындысымен ғана анықталады. Лауазымды адам аталған мүліктердің құны мен жарамсыздығы жөнінде өз инициативасымен қорытынды жасауға тиісті емес.
30.12.1998 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне тіркелген, ҚР Бас прокуратурасының бұйрығымен, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР ІІМ-і, Мемлекеттік кіріс министрлігі болып «Соттардың прокуратура, тергеу, анықтау, сот сараптамасы органдарының әкімшілік құқық бұзушылық істері туралы заттай дәлелдемелерді алу, сақтау, беру және жою тәртібі» жөніндегі бекіткен Нұсқаулықтың Жалпы ережелер бөлімінің 56-бөлігінде «Қаулыда заттай дәлелдемелердің тағдыры туралы мәселе қолданылатын нормативтік құқықтық актілерге сәйкес шешілуге тиіс» деп көрсетілген. Нұсқаулықтың 6-бөлігінің 3) тармағында «Құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтін заттар жойылуға жатады» деп көрсетілген. Дегенмен, құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтін заттардың тағдыры сот актісінің қарар бөлігінде жою арқылы шешілуге тиісті.
ӘҚБтК-нің 59-бабының 1-бөлігінде «Судья мүліктік зиян келтірілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарай келіп, әкімшілік жаза қолдану мәселесін шешкен кезде, егер мұндай зиянның мөлшері туралы дау болмаса, оны бір мезгілде шешеді» деп көрсетілген. Құқық бұзушылықтан келтірілген зиян мөлшері бойынша дау туындаған жағдайда нақты зиян мөлшері азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралып анықталады.
Сонымен бірге заңсыз әкімшілік жазаға ұшыраған тұлғаларға осы кодекспен моральдық зиян салдарын жойғызуға, жоғалған және нұқсан келген құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндіктер қарастырылған. ӘҚБтК-нің 15-бабының 2-бөлігінде көрсетілген талапта «Адамның жеке басының абыройы мен қадір-қасиетін қорлауға жол берілмейді және адамға келтірілген зиян заңда белгіленген тәртіппен өтелуге жатады» деп көрсетілген.
ӘҚБтК-нің 48-тарауында әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органның немесе лауазымды адамның заңсыз әрекеті нәтижесінде бұзылған жеке басының мүліктік емес және мүліктік құқы қалпына келтіру бойынша заңда көзделген барлық шараларды қолдану міндеттелген. Ал, кодекстің 864-бабының талабында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органның лауазымды адамы немесе судья толық ақтау туралы шешім шығарған жағдайда зиянды өтеттіру құқын тану міндетті» деп көрсетілген. Сондықтан, осы аталған зиянды өтеттіру құқын тану жөніндегі заң талабы тиісті орындалуға міндетті.
Сотқа жүгінген әрбір адам заңмен кепілдік берілген құқым мен бостандығым қорғалады және ақиқат пен шындық айқындалып, әділ шешім қабылданады деп сенеді. Сол себепті Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдік берілген адамның құқықтары мен бостандығын қорғау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң талабын орындау, біркелкі дұрыс тәжірибе қалыптастыру, халыққа сапалы қызмет жасау лауазымды адамдар мен органдар және соттар үшін міндетті.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген тапсырмалармен бірге, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қ.Мәмидің ұйымдастыруымен қолға алынып жатқан іс-шаралар азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін толық қамтамасыз ету және сот корпусының кәсіби біліктілігін арттыру, соттар жұмысын заңнамалық және іс жүргізу нормалары тұрғысынан жетілдіру, сот құрылысын дамыту және шиеленіскен дауларды шешудің баламалы түрлерін енгізу, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, соттың ашықтығы, халыққа жақындығы, халық сенімін арттыру және сот беделін жоғарылату, сотқа деген оң көзқарасты қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға үлесін қосып жатыр деп сеніммен айта аламыз.
Қазіргі таңдағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және заңның талабы соттардан сапалы сот актісін шығаруды талап етеді. Өйткені, судьялардың шығарған әрбір әділ шешімі, сапалы жұмысы халықтың үшінші билікке деген сенімін нығайтып, судьялардың беделін арттыра түсері ақиқат.
Молдабек АХМЕТОВ,
Қызылорда облыстық сотының
судьясы, заң ғылымының кандидаты