Биылғы жылы мемлекетіміздің мәртебелі белесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында тарихи табыстарымызды, жоталы жетістіктерімізді елеп-екшегенде отбасылық дәстүрді орнықтырудағы іргелі істерді айрықша атап көрсетуіміз керек.
Егемендіктің алғашқы жылдарында Ата Заңға арнайы бап енгізіліп, «неке және отбасының, ана, әке болудың және балалықтың мемлекет қорғауында болатыны» айқындалды. Осы арқылы тәуелсіздік жылдарында отбасылық-демографиялық саясат мемлекет дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекітіліп, бұл саладағы келелі мәселелер кезең-кезеңімен түпкілікті шешімін тауып келеді. Ширек ғасырда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, әл-ауқаты артқан отбасы, білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаты отбасылық саясатты жетілдіруге, ана мен баланы мемлекеттік қолдау бойынша бағдарламалық құжаттардың қабылдануына, осы бағытта тұтастай жүйенің құрылуына жол ашты.
Осылардың қатарында Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясының қабылдануын, Отбасы күнінің белгіленуін, Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың ұлттық моделінің қалыптасуын, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының өткізілуін және басқа көптеген нақты шараларды алға тартуға болады. Бұл игілікті істер нәтижесінде әрбір босағасы берік отбасы Отанымыздың баянды болашағының берік негізі ретінде орнықтырылды.
ХХІ ғасырда адамзаттың рухани-мәдени, әлеуметтік сұраныстары мен өмір сүру құндылықтарының өзгерістерге ұшырауына байланысты бүгінде бүкіл әлемде отбасы институтына қатысты түрлі зерттеулер жүргізілуде. Алысқа бармай-ақ бұл мәселе бойынша ТМД елдерінде қалыптасқан жағдайға назар аударсақ, Ресей, Украина, Беларусь елдерінде отбасылардың 57-60 пайызы бір ғана баламен шектеліп, шағын отбасы моделіне өту үрдісі белең алған. Сонымен бірге Қазақстанда жастардың отбасын құру жасы ұлғайып бара жатқаны байқалса, Өзбекстанда, керісінше, 16 жастан бастап некеге тұруға рұқсат етілуі бірқатар әлеуметтік мәселелерге орын берген. Яғни, бұдан шығатын қорытынды, қазіргі таңда отбасыны заманға сай бейімдеу, жастарға уақыттың өз сұранысына сәйкес тәрбие беру маңызды міндеттердің қатарына шықты.
Бұл орайда, Алаш қайраткерлерінің бірі, ақын Мағжан Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына сай қылып шығару», деген сөздеріне терең мән беруіміз керек. Нақтырақ айтсақ, отбасылық қатынастар заман талабына сай ұдайы зерттеуді, жіті сараптауды, бұқараның санасына отбасылық құндылықтарды сіңіру мен соның нәтижесінде тиісті мемлекеттік саясатты жүргізуді қажет етеді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2013 жылдан бері мерекеленіп келе жатқан Отбасы күні осы мақсаттан туындаған игілікті қадамдардың бірі болып табылады. Алдағы Отбасы күні отандастарымыз асыға күтетін, ізгілікті іс-шараларына шынайы ықыласпен, ыждағаттылықпен қатысатын жалпыхалықтық жарқын мерекеге айналды. Еліміздің мерекелер күнтізбесіне бұл күннің енуі сан ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрлердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал етті. Яғни, бұл мерекені отбасылық құндылықтарды құрметтеудің, іргесі берік жарасымды отбасы қалыптастыруды насихаттаудың, жол көрсетудің шуақты күні ретінде қабылдауымыз керек. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өткен жылға жасалған демографиялық
ахуал туралы талдауында осы мереке белгіленген кейінгі аз ғана уақыттың ішінде елімізде бұзылған неке санының қысқаруы (2014 жылы – 54 438, 2015 жылы – 53 007), өткен жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстың 49%-ға (7 360-тан 3 751-ге) төмендегені, бала асырап алу ісінде оң өзгерістердің орнығып, соның арқасында бірнеше интернаттық ұйымдардың жабылғаны көрініс табуы осы игілікті ықпалдың жемісі деуге болады.
Жалпы алғанда, тақырыпты тарату барысында статистикалық мәліметтерді қолдану адамның айтар ойын құрғақ деректермен құрсаулай түсетіні белгілі. Бірақ кез келген саладағы нәтижелі істерді, қол жеткізген қомақты табыстарды оқырманға жеткізу үшін де дәйекті фактілерге жүгінуге тура келеді. Сол себепті, отбасы институтын мемлекет тарапынан қолдау шараларына қатысты нәтижелі мәліметтерге мән берсек.
Айталық соңғы 5 жыл ішінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 71,6 жасқа дейін ұзарды, өлім-жітім кеміді, оның ішінде ол аналар арасында 1,4 есеге және нәрестелер арасында 1,5 есеге азайды. Мемлекеттік саясат халықтың саламатты өмір салтын қамтамасыз етуге, дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталып отыр. Соңғы жылдары елімізде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың саны артып келеді, яғни 4 581,7 мың адамды құрайды (ел тұрғындарының 26,3%-ы), олардың ішінде әйелдердің саны 968,2 мың адам (55,4%), бұлардың 332,2 мыңы ауылдық әйелдер екенін атап өту керек.
Бүгінгі таңда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың ұлттық моделі мемлекеттік жәрдемақы мен қызмет жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бала туғанда берілетін жәрдемақыны төлеуге шығыс көлемі 27,3 млрд теңгені, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін жәрдемақыны төлеуге шығыс көлемі 28,6 млрд теңгені құрады.
Соңғы жылдары әйелдердің экономикалық белсенділігі 66%-ға артты. Мемлекеттің отбасын қолдау бойынша қабылдаған шаралары 10 жылдың ішінде елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына оң ықпал етіп, 2005 жылдан бері дүниеге келген сәбилердің саны жыл сайын орташа есеппен 11,4 мыңға көбейіп отыр.
Әйелдер арасындағы жұмыссыздық көлемі екі есеге азайды. 2015 жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі «Ерлермен салыстырғанда жұмыс істейтін әйелдердің үлесі» көрсеткіші бойынша 26-орынға көтерілді. Міне, оң үдерістерді осылайша орнықты деректермен үздіксіз жалғастыра беруге болады.
Статистикалық көрсеткіштерге тоқталудағы тағы бір басты себеп – елімізде отбасылық қатынастарды одан әрі нығайту және халықтың мемлекетшіл рухын қалыптастыруда әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейін арттыру маңызды рөл атқара бермек. Бұл орайда, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі жылында қабылданған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінде қарапайым, түсінікті және біздің әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар – отбасы амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары айқын көрініс тапты. Мемлекет дамуының жалпыұлттық патриоттық идеясында отбасылық құндылықтардың арқау болуы да халқымыз үшін отбасының орны аса жоғары екенін айғақтайды.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өз қызметін «Мәңгілік Елдің» мызғымас жеті тұғыры: Тәуелсіздік және Астана, Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, Зайырлы мемлекет және Жоғары руханият, Инновация негізіндегі тұрақты экономикалық өсім, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, Тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы сияқты басты идеялық бағдарларын іске асырудың мәртебелі міндетімен ұштастырады. Осы бағыттағы іс-шаралар қоғамның басты мәйегі – отбасында Болашағы біртұтас елдің іргетасын қалайтын дені сау, ойы озық ұрпақ қалыптастыруды мақсат тұтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында: «Біз, қазақстандықтар, бір экономикалық немесе саяси кеңістікте ғана емес, бір мәдени кеңістікте де өмір сүріп жатырмыз» деген ақиқатты сезіну бірте-бірте орнығады» деп атап көрсетті. Яғни, қазақстандықтар белгілі бір географиялық аумақты мекен ететін тұрғындар ғана емес, өздерін осы елдің болашақ тағдырымен тікелей байланыстыратын тең құқықты азаматтар, Ұлы Даланың ұлағатты отбасылары екендігін терең түсінуі, санасына сіңіруі аса қажет.
Тарихтың тереңіне бойласақ, ұлтымыздың бойында отбасылық құндылықтарға, анаға деген құрмет ерекше өркен жайған. Талай ғасырлар бұрын Мәңгілік Елдің мұраттары тасқа қашалған Күлтегін жазбасында: «Әкем Елтеріс қағанды, Шешем Елбілге ананы, Тәңірі төбесіне ұстап, Жоғары көтерген екен» деген сөздердің жазылуы да көп жайтты аңғартса керек. Сонымен бірге арғы бабаларымыз түркілер дәуірінде Тәңіріден кейін Ұмай анаға табынуы да осы ойымызды толықтыра түседі. Осыған орай, өңірлерде жұртшылық арасында жүргізілетін жұмыстың тақырып ауқымы кеңейіп, іс-шаралар көбейе түсті. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталатын жұмыстар Қызылорда, Алматы облыстарында кеңінен өткізіліп, неке мен отбасының рухани негіздерін нығайту, этномәдени дәстүрлерді жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар көпшілік қолдауына ие болды. Отбасылық тәрбие және бос уақытты өткізу орталықтары, аула клубтары жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Бұл мәселелер «Отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында» да қамтылып, ол өңірлерде жұмыс жүргізуде басшылыққа алынып отыр. Бұл Болашағы біртұтас елдің азаматтарына лайықты тәрбие беру – мемлекеттің отбасына жағдай жасап, оның беделін арттыру мақсатында берген бағыттарынан бастау алатынын көрсетеді.
Сонымен бірге балалар мен жастарды адамгершілік-рухани тәрбиелеу, отбасы мен балалықты қорғау жөнінде қабылданатын шаралар Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы», «Баланың құқықтары туралы» заңдарында, Бiлiм берудi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында, Білім берудің барлық ұйымдарында оқыту процесінің тәрбиелік құрамдауышын күшейту жөніндегі кешенді үлгілік жоспарда және т.б. құқықтық-нормативтік актілерде айқындалған.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қорытындыланбақ. Қазір Ұлттық комиссия құрған жұмыс тобы Елбасының тапсырмасымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының жобасын әзірлеуде. Жаңа құжатта қоғамымыз үшін аса маңызды сала – отбасылық саясатқа: отбасылық құндылықтардың сақталуы мен дамуына, отбасы абыройын арттыру, сапалы ұрпақ өсіру, отбасылық мәдениетті дамыту, тағы басқа мәселелерге баса мән берілетіні сөзсіз.
Биылғы жылдың игілікті жаңалықтарының бірі – Мемлекет басшысының Жарлығымен Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылуы. Бұл – Қазақстан Республикасында бала құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіруге деген құлшынысты, балалар өмірі үшін қолайлы және ізгілікті ортаны қалыптастырудағы әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін қолдайтынымызды көрсететін айтулы жетістік. Еліміздің БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына бейілділігін растайтын қадам. Уәкіл мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасау арқылы балалардың құқықтар кепілдігі мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру істерімен айналысатын болады.
Сонымен бірге отбасын қолдау, балаларға жағдай жасау жұмыстарының заңнамалық тұрғыдан шешімін табуына назар аударылды. Бала асырап алатын азаматтардың және басқа отбасына баратын балалардың құқықтарын күшейту мақсатында биыл сәуір айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл бала асырап алу ісіне оң өзгерістер әкелгені сөзсіз. Өйткені қазыналық емес, отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиелік те, экономикалық та тиімділігі іс жүзінде дәлелденген.
Тұлға ретінде қалыптасуда балалардың отбасында тәрбиеленуі аса маңызды екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бүгінде өңірлердегі бірқатар қазыналық балалар үйлері (соңғы бір жылдың ішінде Шығыс Қазақстан облысында – 3, Павлодар облысында 1 балалар үйі) жабылып, отбасылық балалар үйлері, отбасылық балалар ауылдары ашылуы да осыған негізделген.
Жетім балаларды асырап алу және оларды қандас отбасына қайтару, қамқорлық, қорғаншылық пен патронатқа тапсыру қызметінің белсенді жүргізілуі балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер санының азаюына ықпал етті. Егер 2010 жылы олардағы балалардың саны – 14 052 болса, 2015 жылы мұндай мекемелерде небары 8 066 бала қалды. Болашақта бұл балалар да өз үйін, өз отбасын табады деп сенеміз.
Балалар үйлерінің түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз етуде оң үрдіс қалыптасты. 2013 жылы қабылданған заңға сәйкес жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығы бекітілгелі бері мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны ұлғайды (2014 жылы 951 пәтер, 2015 жылы 1 486 пәтер). Бір ғана Жамбыл облысында соңғы бес жыл ішінде 277 жетім балаға пәтер берілді.
Биыл жазда ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкі жасалып, тұсаукесері өткізілді. Бұл жайттың елімізде бала асырап алу ісінің алға басуына оң ықпал етері сөзсіз. Ақпарат ретінде айтсақ, бүгінгі таңда жетім жəне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы саны 29 666-ны құрайды, олардың 21 780-ін ел азаматтарының отбасылары қамқоршылыққа алған.
Ана мен балаға қамқорлық жасау, отбасын қолдау, ұлттық құндылықтарды сақтау ісіне мемлекеттік органдар ғана емес, еліміздегі ірі компаниялар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар қатысуының сандық және сапалық көрсеткіші арта түсуде. Айталық, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Саламатты отбасы», «Мүмкіндіктері шектеулі әйелдердің денсаулығын сақтау», «Толық отбасы», «Ана мен бала», «Отбасының қолынан бәрі келеді», «Репродуктивтік денсаулықты сақтау, отбасын жоспарлау, жүктілікке дайындау және халықты, медицина қызметкерлерін оқыту арқылы дені сау бала туу» атты әлеуметтік жобалар іске асырылды.
«BI Group» холдингінің қолдауымен «Ана үйі» жобасы жолға қойылып отыр. Қазіргі уақытта өмірлік қиын жағдайға тап болған аналардың уақытша тұруына арналып, республика бойынша 26 үй ашылды. Олар ашылғаннан бері 1 171 әйел мен балаға қолдау көрсетіліп, 2015 жылы 589 ана (50%) өз орнын тапса, биылғы жылы жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде «Ана үйін» паналаған 301 әйел баласымен өз отбасына қосылды.
Жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлының «Ер жігіт ел-жұртының панасындай, Жақсы әйел жалпы жұрттың анасындай» деген қанатты сөзінің жастар үшін тәрбиелік мәні зор деп білемін. Отбасылық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына бала жастан сіңіруге қатысты қызмет – Ұлттық комиссия үшін қай уақытта да басты басымдықтардың бірі болып қала бермек. Бұл ретте отбасы мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асатын тәрбие жұмыстарына жүктелетін міндет зор. Қашанда жаңалық мемлекет ордасынан таралып, игі істер содан басталады. Сол дәстүрмен елордада соңғы жылдары өзекті болып отырған өмірдегі, отбасындағы әке рөлі тақырыбын жандандыру қолға алынды. Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің бастамасы бойынша Астанада «Әкелер ізі» конкурсы өткізіліп, болашақта отбасы тірегі, ел қорғаны болар ұландарды тәрбиелеу мәселесіне назар аударылды. Қоғамда қайырымдылық дәнін себу, жас ұрпақ бойында ізгі адами қасиеттерді қалыптастыруды мақсат еткен іс-шаралар бастау алды. Астаналықтар ұйытқы болған «Әкелер ізі» конкурсы Ұлттық комиссияның назарын аударып, жұмыс жоспарына енгізілді.
Әлбетте, бүгінгі қоғам өмірінде отбасылық-демографиялық, рухани-адамгершілік ахуалға тақтайдай тегіс, оқтай түзу деген үзілді-кесілді баға бере салу асығыстық болар еді. Өйткені өзіміз өмір сүріп отырған бүгінгі әлеуметтік ортада бүкіл ел болып қолға алатын қордаланған проблемалардың да бар екені шындық. Соның ішінде соңғы кездері балаларға, әйелдерге зорлық-зомбылық жасау сияқты жантүршігерлік оқиғалардың орын алуы қоғамды қатты алаңдатып отыр. Мұндай қылмыстардың алдын алуға қатысты мемлекеттік органдар тарапынан заң талаптарын қатаңдату, педофильдерге қатал жаза қолдану шаралары күшейтілуде. Десек те бұл дертпен күресуде ең бастысы ошақтың үш тұғырындай «отбасы-қоғам-мемлекет» болып бірлесіп күш біріктіру, осы арқылы ымырасыз күрес жүргізу қажет деп ойлаймыз.
Мемлекет басшысы белгілеп берген Бес институттық реформаның алғашқы реформасында айтылғандай, қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидаты салтанат құруға тиіс. Сонымен бірге жастар арасында ажырасу фактілерінің де белең алуы қоғамдағы моральдық-этикалық ахуал бойынша біршама жұмыс жүргізу қажеттігін көрсетіп отыр. Бұған қоса, мемлекет тарапынан жасалып отырған тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларына, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етуге бағытталған «Балапан» бағдарламасы мен басқа да әлеуметтік қолдауларға басымдық беріп, осы арқылы жас отаудың шаңырағының шайқалмауына, сөйтіп қоғамдағы үлгілі отбасылардың қатарын толықтыруға күш салуымыз керек. Бұл орайда, Мемлекет басшысының бағыт беруі бойынша елімізде отбасылық-демографиялық саясатта осыған дейін атқарылған істер ауқымды, алдағы кезеңде еңсеретін жұмыс ересен деп ой түюімізге болады.
Отбасы беделін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан осындай елеулі іс-шаралардың қатарында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын да атап өту керек. Ұлттық комиссияның бастамасымен 2011-2013 жылдары «Мақтаным, тірегім – отбасым» деген тақырыппен өткізіліп келген іс-шараның «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына ұласқаны белгілі. Ұлттық конкурс биыл үшінші рет өткізілуде. Бұл – соншалықты көп уақыт болмаса да өзіндік қорытындылар жасауға мүмкіндік беретін мерзім. Айталық, 2014 жылы конкурсқа еліміз бойынша 1 298 отбасы қатысса, биылғы жылы олардың саны 2 579-ға жетті. Конкурсқа биыл 1960 ауылдың өкілдері қатысуы (бірінші жылы – 1 213 ауыл) ол туралы тек қалалар мен ірі елді мекендер ғана біліп қоймай, насихаты еліміздің шалғай ауылдарына дейін жеткенін көрсетеді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының шын мәнінде халықтық мереке екендігін оған елімізді мекен еткен этностардың барлығы дерлік қатысуы және жыл өткен сайын олардың қатарының ұлғая түсуі де көрсетіп отыр (2014 жылы – 124, биыл – 241 отбасы). Бұл ретте өз аумақтарында тұратын этнос өкілдерінің белсенді қатысуын қамтамасыз ету жөнінен Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Конкурсқа қатысқан кәсіптік шеберлігін әулеттен әулетке жеткізіп беріп отырған ұрпақтар отбасылары да екі есе өскен (226 – 483). Көп балалы отбасылардың белсенділігі (2014 жылы – 492, биыл – 1 065 отбасы) қуантса, жас отбасылар санының өсуі (алғашқы жылы – 238, биыл – 472 отбасы) көңілімізге Қазақстанда отбасы институтының іргетасы нығая түседі деген сенім ұялатады.
Сондай-ақ Ұлттық конкурсты насихаттау ісінде бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі жұмыс атқарғанын айта кетуіміз керек. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ақпараттық сүйемелдеу бойынша және отбасы институтын дамыту тақырыбына баспасөз және электрондық ақпарат құралдарында 1000-ға жуық материал жарық көрді. Осының бәрі отбасы – адам баласының өмірге жолдама алатын кәусар бастауы, арқасүйер алтын діңгегі екенін, Қазақстан қоғамында отбасының мәртебелік мәні қашанда терең екенін көрсетеді. Өйткені «Мәңгілік Елдің» іргесін берік, керегесін кең, шаңырағын биік ететін ұлттың басты құндылығы өрелі ұрпақ, ұлағатты отбасы екені ақиқат.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы,
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі
ұлттық комиссияның төрайымы
Дереккөз: egemen.kz