Үкімет бес негізгі міндет арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз етпек

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атқарушы биліктің басшысын ауыстырар алдында Үкіметте кеңейтілген жиын өткізіп, тізгін ұстарларға бірқатар тапсырмалар жүктеп, ондағы міндеттердің орындалуы үшін сұраныс қатаң болатынын ескерткен еді. Яғни, атқарушы билік дағдарыспен күрес тетіктерін іске қоса отырып, халықтың жалпы жағдайын жақсартуға мейлінше күш салады. Бұл үшін де Үкімет өзіне жүктелген тапсырмаларды уақытылы, сапалы орындауы шарт.  

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының белгілеген тапсырмаларының өзегі экономикалық саясаттың орта мерзімді кезеңге арналған бірқатар басымдықтарынан тұрады. Бұл ретте Үкімет бірінші кезекте  Елбасы айқындаған басымдықтарды барынша тиімді әрі нәтижелі іске асырудың практикалық жоспарын ұсынуы тиіс болатын. Жақында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев осы бағыттағы шаралардың біразын Мәжілісте депутаттарға тарқатып айтып берген еді.  Ендеше соған тоқталсақ.

«Бірінші - халықты тұрғын үймен одан әрі қамтамасыз ету үшін қолданыстағы бағдарламалардағы барлық тұрғын үй мәселелерін бір бағдарламаға біріктіре отырып, бірыңғай «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.  Бағдарламада басты назар тұрғын үй құрылысын мемлекет қаражаты есебінен тікелей қаржыландырудан бірқатар міндеттерді шешу арқылы жеке бастамаларды ынталандыруға ауысатын болады. Атап айтқанда, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды қоса алғанда, екінші деңгейлі банктер бойынша ипотекалық қарыздар беру арқылы сұранысты ынталандыру. Бұдан бөлек, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары үшін кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру және өңірлік жалдамалы тұрғын үй қорын құру. Сонымен қатар, мемлекеттің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын тартуы арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту және инженерлік инфрақұрылым шығындарын өтей отырып, жер учаскелерін беру.  Бұл ретте бағдарламаны іске асыру тұрғын үй құрылысына арналған бюджет қаражатының әрбір 1 теңгесіне шамамен 10 теңге жеке инвестиция тарту арқылы бюджетті жеңілдетуге мүмкіндік береді», - дейді министр Қуандық Бишімбаев. Үкіметке белгіленген екінші міндет - өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Ең бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты міндеттерінің бірі халықты өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл, ең алдымен, өзін-өзі жұмыспен қамту проблемасын шешуді қарастыру қажет. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық саны 2,2 млн. адамды құрайды. Олардың ішінде 60 пайыздан астамы ауылдарда  тұрады және табыстары 60 мың теңгеден төмен. Сонымен қатар, осы санаттағылардың төрттен бір бөлігі - жастар.

«Бүгінгі күні өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың бір бөлігі  уақытша жұмыстармен күн көруге мәжбүр екені жасырын емес. Біздің міндетіміз - өзін өзі жұмыспен қамтығандарды өнімді жұмыспен қамтуға көптеп тарту және олардың табысын ұлғайту», - деген министр Қуандық Бишімбаев аталған міндетті шешудің екі жолын алға тартады. Біріншісі - кәсіптік біліктілігін арттыру және еңбекке жұмылуға ынталандыру арқылы өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Бұл үшін 2017 жылдан бастап «Жалпыға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске қосылатын болады.  Осы мақсатқа 7 млрд. теңге көзделді, оның ішінде 2 млрд. теңге республикалық бюджетте және 5 млрд. теңге  жергілікті бюджеттерге жалпы сипаттағы трансферттерде. Бұл кәсіби мамандықтар бойынша гранттар санын 84 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Екінші жол - микрокредиттеуді дамыту жолымен жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру. Биыл бұл мақсаттарға «Жұмыспен қамту жол картасы» және «Бизнес жол картасы-2020» шеңберінде 32,6 млрд. теңгеден астам сома бөлінді. Осының нәтижесінде ағымдағы жылы 4,4 мыңға жуық жеке бастамаға қолдау көрсетілді, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.  Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес микрокредиттеу тетіктері жетілдіретін болады. Сондай-ақ, қалаларда банк секторы инфрақұрылымын тартуды, ауылдық жерлерде - микрокредиттеу жөніндегі бірыңғай оператор құру жоспарланады.

«Жалпы, біздің бағалауымыз бойынша, егер жеке ісін бастау не тұрақты жұмыспен қамтылу мүмкіндігін беру жолымен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын 440 мың адамға немесе 5 пайыздық коэффицентке азайтсақ, бұл 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің 3-4% немесе жылына 0,6-0,8% қосымша өсіміне мүмкіндік береді», - дейді Қуанбық Бишімбаев.

Үшінші  міндет - жеке бастамаларды ынталандыру және инвестициялар тарту. «Соңғы жылдары біз экономикаға мемлекеттік инвестициялардың (квазимемлекеттік секторды қоса алғанда) 40 пайызға дейін айтарлықтай өскенін байқадық, мемлекеттің қатысу үлесі  ЖІӨ 60 пайызбен бағаланады, ал дамыған елдерде  - 20 пайыздан төмен», - дейді Ұлттық экономика министрі. Оның айтуынша, соңғы уақытта мемлекеттік сектор басты инвесторлардың біріне айналған. Мемлекеттің экономикаға үлкен үлеспен қатысуы  жеке инвестициялардың қысқаруына және бәсекелі ортадан бизнестің ығыстырылып шығарылуына алып келеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке мемлекеттің үлесін төмендетуге және экономиканы мемлекеттен қаржыландыруды азайтуға, сондай-ақ банк секторы мен жеке сектордың инвестициялық белсенділігін қайта жаңғыртуға бағытталған бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Инвестициялардың 40 пайызы мемлекет қаржысына келеді, ал   дағдарысқа дейінгі жылдары (2004-2005) инвестициялар өсуінің 30 пайыз құраса, бұл ретте қаржыландыру көздерінде мемлекеттің үлесі 13 пайыздан аспаған болатын. Бұл бюджет пен Ұлттық қорға жүктеме түсірместен, экономикалық өсуді қамтамасыз етіп отырды.  Министр Бишімбаев енді осыған қайтып оралу мәселесіне де ерекше екпін салмақшы.

Осы ретте айта кетерлігі, Мемлекет басшысының жекешелендіру процесін белсендендіру жөніндегі тапсырмасы бойынша Үкімет 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің жаңа кешенді жоспарын бекіткен болатын. Ол 783 жекешелендіру объектісінен, оның ішінде ТОП-65 ірі компаниялардан тұратын тізбелерді қамтиды, бұлар басым тәртіппен іске асырылатын болады әрі  мұнай-газ, теміржол, атом, энергетика және экономиканың басқа да салаларының ұйымдарынан тұрады.

«Бүгінгі күні тауар нарықтарын талдаудың шеңберінде бәсекелі ортада жұмыс істейтін квазимемлекеттік сектор компаниялары айқындалуда. Біз оларды бәсекелі ортаға беру мақсатында министрліктер мен ведомстволардың ведомстволық бағынысты ұйымдарына қайта түгендеу жұмыстарын жүргізуге тиіспіз.  Осылайша, Жекешелендіру объектілерінің тізбесі толықтырылатын болады.  Түпкілікті мақсаты - мемлекеттің экономикаға қатысуын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне дейін, яғни 15 пайызға дейін төмендету. Халықаралық тәжірибе жекешелендірудің капиталға қайтарым деңгейін және инвестицияларды 30-40 пайызға ұлғайтуға, қор нарығының екі есе өсуіне және бәсекелестіктің артуына алып келетінін көрсетеді. Жеке инвестициялар тарту, ең алдымен, банктік секторды қалпына келтіруге байланысты.   Бұл ретте екінші деңгейлі банктер инвестицияларды қаржыландыруға қатысуы 2013 жылғы 16,5 пайыздан 2015 жылы 6,3 пайызға айтарлықтай төмендеді.  Жалпы, Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесе отырып, банктік кредиттеуді ынталандыру және қаржы ұйымдарының нарық субъектілерін қаржыландырудағы рөлін ұлғайту бойынша шаралар қабылдайтын болады», - дейді министр.

Оның мәліметіне қарағанда, министрліктің есептеулері бойынша инвестициялар өсуін екінші деңгейлі банктің кредиттеуін қалпына келтіру есебінен 2013 жылғы деңгейге жеткізу ЖІӨ-нің жыл сайын 1 пайызға ұлғаюын қамтамасыз етеді.  

Төртінші міндет - экономиканы әртараптандыру. Экономиканы одан әрі әртараптандыру үшін тек бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды қолдау мен экспортты ұлғайтуға негізделген 2020 жылға дейінгі индустрияландыру бағдарламасы іске асырылып жатқаны белгілі. Сонымен қатар, әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі «Нұрлы жол» бағдарламасын Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасымен ұштастыру жоспары болып табылады. Осыған байланысты, алдағы уақытта да заманауи көліктік-логистикалық инфрақұрылым қалыптастырудың негізгі басымдықтары аралас тасымалдарды дамыту үшін жағдайлар жасау, оның ішінде  мультимодальды Еуразия трансконтинентальды дәлізін дамытуға басымдық беріледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін «Агробизнес 2020» бағдарламасының негізінде Мемлекеттік агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы әзірленеді. Жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында  өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту, сервистік-дайындау кооперативтерін құру, суармалы жерлерді айналымға енгізу жөніндегі міндеттер шешімн табады. Мұның аясында 600 мың гектарға жуық суармалы жерді пайдалануға берудің нәтижесінде 200 мың тұрақты жұмыс орнын құру болжанып отыр.  «Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі  бір жұмыскерге 1,2 млн. теңгені құрайды, бұл басқа салалармен салыстырғанда 3,6 есе төмен. Егер біз еңбек өнімділігін  25 пайызға ұлғайтсақ, бұл 5 жыл ішінде ЖІӨ қатысты 1,0-1,5 пайыз өсімді немесе жыл сайын 0,2-0,3 пайызға өсім беретін еді», - деді Ұлттық экономика министрі.

Бесінші міндет - тұрақты макроэкономика. Экономикалық саясатты тиімді іске асырудың басты шарты макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады. Оған қол жеткізу үшін бірқатар маңызды мәселелер шешімін табуы шарт. Атап айтқанда, біріншіден - инфляция деңгейін төмендету және баға тұрақтылығын одан әрі қамтамасыз ету. Осыған байланысты орта мерзімді перспективада Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты  инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендетуге бағытталады. Екінші - мемлекеттік борыштың өсуіне жол бермеу. Ресми мәліметтерге қарағанда, қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік борышы әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда қалыпты төмен деңгейде. Мәселен, 2016 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жиынтық мемлекеттік борыш 10,9 трлн теңге (бір доллар 338,8 теңге болғанда 32,2 млрд доллар) немесе 2016 жылғы ЖІӨ-ге қатысты 24,6 пайызды құрады. Оның ішінде ішкі борыш ЖІӨ-ге қатысты 13,5 пайыз және сыртқы борыш ЖІӨ-ге қатысты 11,1 пайызды құраған. Ал Үкімет сыртқы қарызды азайту үшін не істемек? «Бұл үшін 2017-2019 жылдары мемлекеттік борышты қолайлы деңгейде ұстап тұру шаралары қамтылады. Мәселен, республикалық бюджет тапшылығын 2019 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 1,0 %-ға дейін кейіннен төмендетумен 2017 жылы  ЖІӨ-ге қатысты 1,2 %-ға азайту жоспарланып отыр», - дейді Қуандық Бишімбаев. Үшінші -  салық саясатында жанама салықтар алу тетіктерін жетілдіру және тиімсіз салықтық жеңілдіктерді жою. Сондай-ақ арнайы салықтық режимдерді реформалау арқылы көлеңкелі айналым деңгейін төмендету және елдің экономикасына инвестициялар ағынын ынталандыруға баса назар аударылуы керек.

«Салық жүйесін реформалау және әкімшілендіруді жақсарту жұмысы белсенді түрде жүргізілуде, бұл бізге бюджет кірістерін арттыруға мүмкіндік береді. Әлемдік практикада салық жинауды арттырудың біршама мысалдары бар, бұл мөлшерлемелерді өзгертей-ақ, салықтық түсімдерді 30-40 пайызғаға ұлғайтады», - дейді Қуандық Бишімбаев. Төртінші - мұнай бағасының төмен деңгейде сақталуы жағдайында келешек ұрпақ үшін Ұлттық қордың сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте Үкімет болжамына сәйкес, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің жыл сайынғы көлемі түсімдерді   2017 жылы 1,4 трлн теңгеге және 2018 - 2019 жылдары 1,0 трлн теңгеге көтеретін болады. Нәтижесінде, Ұлттық қор актвитерінің көлемін 2015 жылғы 63,4 млрд доллардан 2019 жылы 50,7 млрд долларға дейін қысқартуға алып келуі мүмкін. Осыған байланысты Үкімет Ұлттық қордан қосымша қаражат тартуға шектеу қоюды жоспарлайды. Осынң есесіне экономиканың жеке инвестициялар мен кәсіпкерлікті дамытуға негізделген ішкі мүмкіндіктерін пайдалануға барынша мән беріледі.

Түйіндей айтсақ, Мемлекет басшысы Үкіметке «Нұрлы жол», Индустрияландыру бағдарламаларын, Агроөнеркәсіптік кешенді, жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шараларды жандандыруды қатаң тапсырды. Бұның арқасында жаңа бағыттар жанданып, банктік сектордың инвестициялық белсенділігі қалпына келтіріледі, жеке инвестициялар тартуға жол ашылып, салық жүйесін реформалауды тиімді іске асыру арқасында жыл сайын орта мерзімді перспективада экономиканың 3,5-4% деңгейінде өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні болжанады.

Қанат Мәметқазыұлы

Дереккөз: inform.kz