- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ: "Мәңгілік...
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ: "Мәңгілік ел құруды мақсат тұтқан қазақ елінің уығын берік қаладық"
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құтты болсын, аға! Тәуелсіздік дегенде еліміздің ең үлкен жетістігі деп нені бағалайсыз? Тәуелсіздік арқылы қол жеткізген ең басты жетістігіміз қайсы?
– Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ, Тәуелсіздіктен асқан ұлы мұрат жоқ. Ендігі жерде сол Тәуелсіздіктің қадірін біліп, Тәуелсіздігіміздің мәңгі болуы үшін елімізге қызмет етуіміз керек. Мен бағалайтын басты жетістігіміз шекарамызды шегелеп, депортация жасап, бекітіп алуымыз. Және елімізді әлемге танытып, абыроймен дамытып келе жатқанымыз. ОБСЕ-ге жетекшілік еттік, Ислам қауымдастығы одағын басқардық. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен сөйледік. Осылайша әлем елдеріне мықты мемлекетіміз бар екенін таныттық. Ядролық қарусыз мемлекет құру идеямыз да әлемдегі мықты саясаткерлер тарапынан қолдау тапты. Осы кезеңде ұлттық интелегенциямызды қалыптастырдық. "Болашақ" мемлекеттік бағдарламасын ашып, талай жастарымызды әлемнің алдыңғы қатарлы елдеріндегі сапалы біліммен сусындаттық. 8000-нан астам жастарымыз уақыттың талабына сай, сұранысқа лайық мамандықтармен қамтылды. Қазір солардың алды Қазақстанның басқарушы орындарына келіп, шетелде алған білімін ел игілігіне қолдана бастады. Сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл Ассамблеяны басқаруға Елбасының өзі келуі, еліміздегі барлық халықты бірлікке үндеді деуге болады. Ассамблеяның бір топ мүшесі Парламент Мәжілісіне депутат болып келіп отыр. Бұл толеранттықты, ұлтаралық қатынастарды реттеуде үлкен саяси мектепке айналып отыр. Қазір әлемдегі үлкен мәселелер Қазақстан Президентінің қатысуымен шешілетін дәрежеге жетуі мемлекетімізді, Елбасымызды әлем елдерінің мойындағанын білдіреді. Елбасына мұндай құрмет көрсетілуі қазақ халқына көрсетілген құрмет деп санаймын. Тәуелсіздікке мұнан артық не керек?!
– Ал еліміздің мәдениет саласында соңғы жылдары көңіліңізден шыққан жетістіктер қандай?
– Елбасымыз "Тарих толқынында" деген кітап жазды. Ол жерде халқымыздың ежелгі тарихынан бастап, бүгінге дейінгі жеткенімізді сипаттап, оған ғылыми сараптама берді. Осының нәтижесінде "Мәдени мұра" деген бағдарлама жасалды. Осыған орай біздің Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты "Бабалар сөзі" деген 100 томдық шығарды. Шетелде қалған біздің тарихымызға, хандарымызға қатысты барлық құжаттар, дипломатиялық келісім-шарттар, мәдени мұраларымыз елімізге келіп, ғылыми айналымға енгізілді. Әлем мойындаған, өркениетті елдердің қатарына қосылуға ниеттенген, мәңгілік ел құруды мақсат тұтқан қазақ елінің уығын берік қаладық деп айта аламын.
– Жаңа өз сөзіңізде айтып өттіңіз ғой. "Болашақтың" алғашқы түлектері қазір ел басқарып жатыр деп. Солардың бірі бүгінде Алматы қаласының әкімі. Бауыржан Байбек мырзаның Алматы қаласын басқарғанына бір жылдан асты. Осы бір жылдың ішінде әкімнің ауыз толтырып айтарлықтай қай еңбегін жоғары бағалайсыз?
– Алматы қаласында жасалып жатқан өзгерістерден әкімнің іскерлігін, азаматтығын байқап жатырмыз. Қаланың әдеби, мәдени, рухани дәрежесі биіктей түсті. Қалалық дәрежеде өткен әрбір іс-шарадан әсем қала Алматының бүкіл қазаққа ортақ рухани, мәдени орта екенін байқауға болады. Қала әкімі барлық істерге өзі барып, өз бақылауына ала отырып мәселені ретімен өзі бітіруге тырысатынын байқап жүрміз. Әдебиет, мәдениет, өнер өкілдерімен жиі кездесулер өткізіп жатады. Қаладағы туындаған кез келген мәселені шешуде іскерлік қолтаңбасын байқаймыз. Жасыратыны жоқ, бір кездері қаладағы балабақшалардың төлем ақысы қымбаттап кеткен еді. Бауыржан Байбек мырза келе сала оның бағасын екі есе төмендетті. Бұл халық көңілінен шыққан бір іс болды. Жәрмеңкелерде, театрларда, концерттерде, төтенше жағдайларда әрқашан елден бұрын жетіп, өзі жүреді. Бұл әкімнің халыққа жақындығын білдіреді. Мен үшін ең басты ісі осы! Тұлғаларымыздың мерейтойларын да ұмытып жатқан жоқ, баяндама жасап, іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Осындай руханиятты жақсы білетін тұлғаның басқа салаларда да белсенділік танытуы қуантады. Осының барлығы жас қайраткердің саяси тұрғыдан ысылып, шаруашылықты басқару жағынан қалыптасқанын көрсетеді. Осындай азаматтар көп болған сайын біздің қоғам дами түседі. "Қоғамда неғұрлым ойлы, білімді адамдар көп болса, соғұрлым мемлекет мықты болады" деген Қытай халқында сөз бар. Осы шоғыр қазақ мемлекетінің ертеңін қалыптастырады деп айта аламын.
T. Кіршібаев