ҚР ІІМ басшысы Қалмұхамбет Қасымов үкімет отырысы кезінде әлемдік тәжірибеде мемлекеттік қызмет көрсету үшін тұрғылықты жері бойынша тіркелу міндетті екенін атап өтті. Ол Ресей, Грузия, Молдова, Латвия, Литва және Эстония елдері тұрғындарына бірыңғай тіркеу жүргізіліп жатқанын мысал етті. Оның айтуынша, мұндай процедуралар Еуроодақта да бар. Тұрғылықты жер бойынша тіркелу және уақытында тіркелмегені үшін салынатын айыппұлдың көлемі әлем елдерінде қандай екенін анықтап көрді, - деп хабарлайды kaz.tengrinws.kz сайты.
Ақпарат ашық мәлімет көздерінен алынды. Айта кетейік, Қазақстанда тұрғылықты және уақытша тұрып жатқан жерінде тіркелмегені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабы "Қазақстан Республикасында тіркеусіз немесе тұлғасын куәләндыратын құжатысыз тұру" бойынша айыппұл салынады. Бұл шара ескерту беруден басталып, 13 АЕК (29 497 теңге) көлеміндегі айыппұлға дейін жетеді. Тұрып жатқан адамдарды тіркемеген үй иесіне де жауапкершілік қарастырылған - 10 АЕК-тен (22 690 теңге) бастап, 20 АЕК-ке (45 380 теңге) дейін айыппұл салынады.
Германияның Лейпциг қаласының ресми сайтындағы ақпарат бойынша, барлық тұрғын қалаға келгеннен бастап екі апта ішінде билікке мекенжайды ауыстырғаны туралы хабарлау керек. Мұнда негізгі және екінші деңгейлі баспана түсінігі бар (residence). Осылайша, уақыты жағынан ұзағырақ тұрып жатқан баспанаңыз негізгі болып саналады. Германиядағы кез келген басқа баспана екінші дәрежелі болып саналады. "Екінші тұрғылықты жер негізді түрде тіркелген жағдайда Лейпциг қаласы екінші резиденция үшін 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық салады", - делінген сайтта. Тіркелу тегін және кез келген жергілікті тіркеу кеңсесінде жүргізіледі. Егер отбасы қалада болмаса, ересек адам барлық отбасын тіркей алады. Тіркеуге тұру үшін әрбір адамның жеке куәлігі болуы керек және ол арнайы форманы толтыруы қажет. Адамдарды үйіне кіргізген баспана иесі де құжат беруі керек. Бұл - иесінің атынан жазылған арнайы формадағы келісім. Immowelt.de порталында көрсетілген мәлімет бойынша, тұрып жатқандар мен баспананы жалға берушілерге тіркеу уақытынан асып кеткен жағдайда салынатын айыппұл көлемі 1 000 еуроға дейін жетеді.
Ал Амстердам (Голландия) қаласының ресми порталындағы ақпарат бойынша, қала немесе Голландия аумағында кез келген мекенжай ауыстыру жағдайы көшіп келгеннен кейін бес жұмыс күні өтпей тұрып билікке хабарлануы керек. Онлайн-режимде тіркелуге болады. Тіркеу уақыты асып кеткен жағдайда дұрыс тіркелмеген және тіркелу кезінде құжаттардың барлығын ұсынбағандарға 325 еуроға дейін айыппұл салынады.
Сингапурда елдің көші-қон үкіметінің ресми сайтындағы ақпарат бойынша, тұрғылықты жерін ауыстырғаны туралы 28 күн ішінде хабарламаған немесе мекенжай ауыстырғаны жайында жалған ақпарат бергендер 5000 долларға жуық айыппұл төлейді, не 5 жылдан аспайтындай мерзімге бас бостандығынан айырылады, не екі жазаға қатар қолданылуы мүмкін. Ағылшын тіліндегі дереккөздерден мұндай айыппұлдың салынғанын мысал ететін ақпарат табылмағанын айта кетейік.
Данияның Копенгаген қаласының ресми сайтындағы ақпарат бойынша, қала ішінде болсын көшіп жатсаңыз, бұл туралы үкіметті бес күн ішінде хабардар етуіңіз керек. Уақытынан кешіккен жағдайда айыппұл қарастырылған. Бірқатар елдерде азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұруға міндеттейтін басқа да шаралар бар екен. Мысалы Австралияда федералды деңгейдегі сайлауда дауыс бермесеңіз 20 доллар көлемінде айыппұл арқалайсыз. Сайлауда дауыс беру үшін тіркелген болуыңыз қажет.
Ал АҚШ пен Ұлыбританияда тұрғылықты жерін ауыстырғаны туралы хабарламаған көлік иелері үшін айыппұл қарастырылған. Мысалы Нью-Йоркте тіркелу үшін он күн беріледі. Rosenblum Law firm ақпараты бойынша, Көлік құралдары департаментін хабарландырмаған көлік иелеріне 170 доллар айыппұл салынады. Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, жергілікті көлік иелері тұрғылықты жерін ауыстырғанын үкіметке хабарламағаны үшін 1 200 доллар айыппұл арқалайды.
Айта кетейік, Ресей тұрғындары да көшкен жағдайда тіркелуі керек. Consultant.ru порталындағы ақпарат бойынша, тұрғылықты жерін ауыстырған адам жаңа баспанаға көшіп келген күннен бастап бір апта ішінде кешікпей тіркелуі керек. Ресейде уақытша тұру орны деген түсінік те бар. Өзінің баспанасы болып келмейтін жерге 90 күннен аса уақытқа келген адам тіркеуге тұруы міндет. Заңды бұзған адамға 2 мың рубль (11 мың теңге) түрінде айыппұл салынады.
Segodnya.ua порталындағы ақпарат бойынша, Украинада тікелудің жаңа ережелері 2016 жылдың сәуірінен бастап өзгерген. Өз үйінен 30 күннен аса уақытқа кеткен (жұмысқа, оқуға және тағы сол сияқты) адам жаңа орында тіркелуі керек. Бұл талапты орындамағандарға да айыппұл қарастырылған. Тіркеуге тұру үшін үй иесі мен тіркелушінің төлқұжаттары керек. Сонымен қатар, үйге ие болу құқы, әскери билет және әскери міндеттелгендердің тіркелу куәлігі және көшірмелері де қажет болады. Тіркелген жерінде 30 күннен аса уақыт тұрмағандарға (саяжайда тұрғандар мен іссапарға кеткендерге қатысты емес) айыппұл құны 51 гривен (596 теңге).