- Негізгі бет
- Мәңгілік ел
- Туризм – табыс...
Туризм – табыс әкелетін сала
Қазақстан Республикасының Президенті Ұлт жоспары – 100 нақты қадам ұсынды. 57-қадамда туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тартуды тапсырды.
Халықаралық тәжірибелерге қарасақ, туристік саланы дамытуға, нормативтік құқықтық базаны жасауға, инвесторларды тартуға және туристік қызмет үшін жағымды орта қалыптастыруға бағыттала жасалған жұмыстардың нәтижелері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор әсер етеді. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, олар туристік саланы дамытуға қомақты қаражат жұмсаған.
Туризмнің дүниежүзілік ІЖӨ-дегі үлесі – 10 %-ды, әлемдік инвестициядағы үлесі – 7 %-ды, дүниежүзілік қызмет түрлері экспортындағы үлесі – 30 %-ды, барлық салық түсімдеріндегі үлесі 5%-ды құрайды. Әлем бойынша әрбір 10 жұмыс орнының біреуі осы салаға тиесілі. Осы мәліметтерден, туризмнің ел үшін қаншалықты маңызды екендігін көруге болады.
Туристік саланың дамуы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартумен қатар, көлік жүйесін жақсартуға, қоғамдық тағамдану жүйесін дамытуға және ақпараттық инфрақұрылымды дамытуға әкеледі. Сол себепті де, Нұрсұлтан Назарбаев туристік саланы дамытудың маңызын айтып, осыған орай жобалар ұсынып келеді.
Туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту тапсырмасы орындалуда. Бұл 4 зәкірлік жобадан тұрады:
1. "Ақбұлақ" халықаралық туристік орталығы, инвестор – "SteppeCapital" АҚ. 500 жұмыс орнының ашылуы көзделіп отыр.
2. Щучинск-Бурабай курорт аймағындағы "BurabayCountryClub" коттедж қалашығы, инвесторлар - "Бурабай Кантри Клаб" ЖШС, "Верный капитал" АҚ және "BI Group" АҚ. 50 жұмыс орнының ашылуы көзделіп отыр.
3. Маңғыстаудағы "Кендірлі" курорт аймағы, ChironGmbh неміс инвесторымен келіссөз жүріп жатыр.
4. "Көк Жайлау" тау шаңғысы курорты және Алматы қаласындағы "MountSinai" медицина орталығы жобалары бар Алматы тау кластері, "CapitalPartners" АҚ инвесторы жоспарлап отыр.
Бұдан басқа, жергілікті деңгейде туризм саласын дамыту үшін жаңа нысандар іске қосылды.
Туристік саланы дамыту мақсатында арнайы тұжырымдама қаралды. Ол екі кезеңнен тұрады: 2018-2020 жылдары және 2021-2023 жылдары жүзеге асырылуы тиіс шаралар.
Осы бойынша 6 мәдени-туристік кластер құру жоспарланып отыр:
- "Астана – Еуразия жүрегі";
- "Алматы – Қазақстаннның еркін мәдени аймағы";
- "Алтай інжу маржаны";
- "Ұлы жібек жолын жандандыру";
- "Каспий қақпасы";
- "Табиғат пен көшпелі мәдениеттің біртұтастығы".
Туристік саланы дамытумен айналысатын "Kazakh Tourism" ұйымы құрылды. Бұл ұйым маркетингке көбірек көңіл бөліп, аймақ ерекшеліктерін айқындап, туристік бағыт бойынша жұмыстар істейді. Туристік салаға инфестиция тарту, саланы цифрландыру және басқа да ірі жобаларды іске асыру осы ұйымның мақсатына кіреді.
2017 жылы "Kazakh Tourism" мемлекеттің тапсырмасы бойынша 14 шара және өз бастамасы бойынша 10 шара өткізді. 2017 жылдың желтоқсан айында "Қазақстандағы туристік өнім: қалыптастыру мен ілгерілету мәселелері" атты конференцияда "Kazakh Tourism" компаниясы таныстырылған болатын. Конференцияға 200-ден астам туристік қоғамдастықтың, мемлекеттік органдардың және бизнестің өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Қазақстанға шетелдік туристерді тарту мақсатында Euronews каналында жарнамалық бейнеролик көрсетіліп жүр. Бұл роликтің мақсаты – Қазақстанның көптеген мүмкіндіктерін көрсету және ерекше туристік қашықтықтарын таныстыру. Роликте еліміздің туристік жерлеріміздің бөлігі ғана көрсетілген. Сондықтан ол жалғасын табатындығы айтылды. "Kazakh Tourism" ұйымының айтуынша, Euronews NBC әлемнің 166 елінің 430 миллион иеліктегі үйлердің аудиториясын қамтиды.
Туризм – елге табыс әкелетін саланың бірі. Елімізде сырттан келген қонақтарға көрсететін керемет жерлер көп. Жоғарыда аталған шаралардың орындалудың, туристік кластерлерді өз деңгейінде дамытудың арқасында жақын болашақта экологиямыз, экономикамыз және технологиямыздың да дамуы әбден мүмкін.
А. Жапатова