Айғаным ханым

Айғаным ханым

Көкшетаудан Қызылжарды бетке алып шыққанда жолда Сырымбет ауылы кездеседі. Бұл өңірдің тарихы қазақ тарихы үшін аса маңызды. Төрелер тұқымы мекен етіп, өзіне орда еткен киелі жерде Айғаным ханымның қонысы бар. Бүгінгі күні осы қоныс өткен тарихымыздың куәсі болып, сыр шертеді.

Қоныс иесі Айғаным Абылай ханның қарақалпақтан алған әйелінен туған Уәли деген баласының төртінші әйелі. Тарихта Абылай дүниеден өткеннен кейін билікті Уәли алғаны белгілі. Айғаным Уәлидің ең жас тоқалы. Айғанымды алғанда Уәлидің жасы елуде болса керек. Айғанымның өзі Есіл бойын мекен етіп отырған атақты Мәлім қажының ұлы Сарғалдақтың қызы. Кейбір деректер оны Әзірет Әлінің 43-ші ұрпағы деп жазады. Төртінші атадан атақты жазушы Мұхтар Әуезов осы Айғаным ханыммен туысады. Айғанымның сұлулығын Уәли алғаш рет Есілдегі жер дауын шешуге Сарғалдақ қожаның үйіне барғанда көреді. Уәли егде тартса да Сарғалдақтың қызының ажарын көріп, көңілі ауады. Елге оралып, кейін айттыруға сенімді кісілерін аттандырады. Айттыруға келген кісілердің сөзін тыңдаған жас қыз Уәлиге талап қойып, сәлем айтып жібереді. Талап еткені, «егер Уәли шынымен маған үйленгісі келсе, онда билік ордасын Есіл өзеніне жақын көшірсін» деген еді. Айғанымның осындай талап қоюының басты себебі, Уәлидің одан бұрын алған, Көкшетауды мекен ететін үш әйелімен қатар қоныстанып отырмау болатын. Қулығын асырған жас қыз Уәлиге дегенін жасатып, билік ордасын Көкшетаудағы Қызылағаштан Есіл өзені бойындағы Сырымбетке көшіртеді. Бұл 1805 жылдар болатын.

Сырымбеттегі ордада 15 жылдай отасқаннан кейін Уәли 1819 жылы дүниеден өтеді. Ақылды ханым жесір қалғанына жасымай, билік үшін күресуге бел буады. Бұл нағыз қазақ жерін отарлауға реформалар жасалып, Сібірдегі генерал-губернаторлыққа М.М Сперанскийдің тағайындалған кезі еді. Жарғы күшіне еніп, Орта жүздің жері Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Баянауыл, Көкпекті секілді бес окургке бөлінеді. Округ басшысы болып аға сұлтандар сайланады. Уәли өлгеннен соң оның мұрагері болып  Ғұбайдолла қалған болатын. Ғұбайдолланың соңына шырақ алып түскен патшалық Ресей, оны Сібірге жер аудартып, соттатып тынады. Ғұбайдолла жер аударылып кетісімен, билікті Айғаным ханымның өзі қолға алады. Себебі, мұрагерлік бойынша алуы тиіс Шыңғыс әлі 10 жаста болатын.

Барынша күшін салып, биліктен айырылмаған, қазақтың қызына тән өр рухты көрсеткен Айғаным ханым туралы деректерге тоқталсақ, ол 1783 жылы дүниеге келген. Анасы өзбек қызы болған.  Әкесі Сарғалдақ көзі ашық адам болып, Айғанымның білім алуына жағдай жасайды. Ол араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін жетік меңгереді. Сол кездері орыс ақсүйектерінің сәніне айналған француз тілін де үйренеді. Шығыс тарихы мен фәлсафасын жатқа біледі. Сол білімімен ол Уәлидің әйелі ғана емес, кеңесшісі, ішкі және сыртқы мәселелерді шешудегі бас ақылшысына да айналған еді. Сондықтан, оны билікке тосыннан келді деуге болмайды. Уәлиге ақылшы бола білген Айғаным ханым осындай білімі мен табандылығы арқасында билікті өз күшінде сақтап тұра алды. Онысынан нәтиже де шығарды. 1823 жылы  І Александрдың атына хат жазып, 1824 жылы Сырымбеттен өзіне құны 5 мың рубльге тең қоныс салдыртады. Қонысты салуға осы мекенді Айғаным ханымның өзі таңдаған көрінеді. Таудың етегінде орналасқан, маңайы бұлақтың сыңғырына бөленген мекеннің көркі, шынында, керемет еді. Нағыз ақсүйектерге лайық мекен. Айғаным ханымның осы қонысты салдыртуы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласынан білім алып, көшпенді салттан отырықшылыққа біржола бетбұруы еді. Орыс шеберлерін шақыртып, қарағайдан он бөлмелі үй, ауласына мешіт, медресе, тұрмыстық сарай салдыртады. Салған медресесінде ханым аймақтағы бай-кедейіне қарамастан талапты балаларды жинап, діни пәндермен қатар орыс тілі, дүниетану, өнер пәндерін оқытады. Оқытуға атақты Құлмұхаммед молданы алдырған. Үйдің ішін батыстың сәулет үлгісіндегідей жасатып, терезеге жібек перделер ілгізіп, Қытайдан вазалар, шкафтар алдыртады. Қоныс маңында егіншілікпен айналысу үшін соқа, тырма секілді саймандарды Ресейден әкелген. (Бұл заттар Айыртау ауданындағы Сырымбет мұражайы, Айғаным қонысында сақтаулы. – Ред.).

Айғаным ханымның бұл қонысында атақты қазақ болыстары, серілері мен ақын-жыраулары жиі болған. Атақты Құнанбайдың өзі қонысқа табан тіреген. Құнанбай ел ішіндегі дауға байланысты Омбыға тергеуге шақырылғанда, осы Айғаным Шоқанды ортаға салып, аман алып қалған екен. Қоныстағы шаңырақтан дәм татқандардың қатарында Орынбай, Арыстанбай, Шөже, Жанақ секілді өз дәуірінің дүлдүлдері бар еді. Орыстың зерттеуші-ғалымдары да бұл жерге жиі тоқтайтын. А.Сотников, А.Гейне, П.Семенов-Тянь-Шаньский, Ф.Усов секілді орыс зиялылары атбасын бұрып, қонақ болып кететін.

Шоқан осы жерде атақты Жанақ ақыннан тәрбие алып, қазақтың лирикалық эпосы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» небәрі алты жасында жаттап алғаны тарихтан белгілі. Шоқанның алғашқы прозалары мен «Едіге», «Еркөкше» дастандары туралы жазбалары осы Сырымбетте жазылған. Тіпті, кейбір деректерде Шоқанды Құсмұрында емес, осы Сырымбетте туған деп айтылып жүр. Шоқан өмірге келді деп жүрген Құсмұрын бекінісі 1845 жылы салынған. Шоқан 1835 жылы туса, бекініс одан кейін он жылдан кейін салынса, демек, тарихта әлі де біраз сыр жатқаны анық. Мұны қазір, тарихшылар көтеріп, зерттеу үстінде. Себебі, 1835 жылы Құсмұрында туғаны туралы да деректерді ғалымдар дәлелдей түсуде.

Шоқан он төрт жасқа келгенде Айғаным ханым оны Омбыға, кадет корпусына оқуға жібереді. Ал Шоқанның ол жерден қандай білім алып, қазақ тарихында өшпес із қалдырғаны өз алдына бір тақырып. Шоқанды әжесі Айғаным сурет салуға, мүсін жасауға да баулыған. Шоқан салған бір суретте Сырымбеттің тауы бейнеленгенін білеміз. Кейіннен сурет салуды өзінің үйреншікті ісіне айналдырады. Немересіне ақсүйектік тәрбие беріп, білім нәрімен қандырып, оның саяси қайраткер болуын қалаған Айғаным Шоқанның нағыз азамат болып қалыптасқан шағын көре алмады. 1853 жылы, Шоқан он сегіз жасқа толғанда, Айғаным ханым дүниеден өтеді. Артына сол кездегі қазақ қоғамы мен келешек тарихы үшін өлшеусіз мол мұра қалдырады.

Бүгінгі күні Шоқанның барлық қолжазбалары мен заттары осы Айғаным қонысындағы мұражайда сақтаулы. Сырымбет мұражайының директоры Уәлихан Қайроллаұлының айтуынша, мұражайда 8 мыңға тарта жәдігер бар. Олардың қатарында ханымның қолданған самауырындары, ат әбзелдері, ыдыс-аяқтарымен қатар, иленген аю терісі, сандықтар, Шоқанның үстелі, қаламдары секілді қайталанбас құнды жәдігерлері сақталған. Өкінішке қарай, қонысты 1930 жылдары Кеңес үкіметі өртетіп, біраз бөлігін жойған. Бөренелерін алып құрылысқа пайдаланған. Тек Елбасы Н.Ә Назарбаевтың бастамасымен Айғаным ханым қонысы 1993 жылы қайтадан қалпына келтірілген. Қазір мыңдаған адамдар келіп, қызықтайтын, тарихқа саяхат жасайтын қасиетті орынға айналған бұл жерге жерлестерімізбен қатар, Түркия, АҚШ, Ресей, Германия елінен арнайы қызықтап келушілер де бар.

Қоныстың маңайында Айғаным ханым мен Уәлидің мәңгілік мекені бар. Олардың басына құлпытас та орнатылған. Тарихи қоныста сәнімен салтанат құрған Айғаным ханым қазақ тарихында өз бетінше билікке қол жеткізе алған, еуропаша білім алған, бірнеше тіл меңгерген, саяси-қоғам қайраткері ретінде  із қалдырды.

akjunis.kz

А. Оралқызы