Ақсақ Темірдің сүйіктісі - Әлфия - 9

Ақсақ Темірдің сүйіктісі - Әлфия - 9
Фото: Мақсат Адам

Тау қиясын бөктерлеп бір топ салт атты келе жатты. Бейсауат жұмбақ жүріс. Топ алдында екі аттылы қатар келеді. Бірі қара сақалды, орта жастан асқан сымбатты, батыр тұлғалы. Бірі әлі балаң жас жігіт. Екеуі терезесі тең адамша үзеңгі қағысып, қатар келеді. Бұл екеуінің әкелі-балалы екенін сырт көздің өзі жазбай танитындай еді.

Жаз өтіп, күзге қарағанда, бұл қарақшылар жайлы басқа аңыз тарады. «Ойбай, не дегенің, тонаушы бар болғаны жиырма адам екен. Кез келген керуенді тонамайды екен. Алдымен керуенді тексеріп шығатын көрінеді. Онда сұлу келіншек, немесе қыз болса тимейді екен. Олардың аямай тонайтыны Шыңғысхан ұрпақтарына сый-сияпат, тарту-таралғы апара жатқан немесе ішінде төре, сұлтан, шора тұқымдарының өздері бар керуендер көрінеді. Жай халықтың мұндайдан ұғатыны сол: бұл кім болса да Шыңғысхан ұрпақтарын жек көретін, оларда ескі кегі бар біреу болды.

Мұны кімнен болса да тәуір білетін Әлфия. Ол, тіпті, жанға, өзінің қосылған жары жас саудагерге, боса-болмаса, бұл жайында бір ауыз сөз айтқан емес. Өз құпиясын жасыруға келгенде, әйелден асатын ешкім жоқ. Ал мұндайды жақсы білсе де, ештеңе білмегендей боп жүре беретін еркек тағы көп. Қалай болғанда, Алай мен Қазығұртты мекен еткен ат төбеліндей аз адам, бір топ қарақшы жайындағы ел арасындағы әңгімеде шет те, шек те жоқ. Осымен тонаушылар атағы жер жарып шыға бастады. Көптеген керуендер өздерімен бірге сұлу қыз-келіншектер алып жүретін болған. Сол кездің өзінде атақ-даңқы жер жарып тұрған Шыңғысхан ұрпақтарының өзі немесе солардың атын жамылып жүретін мансапшы, табыскерлер, енді оны жасыратын да әдет шығара бастады. Ал, Әлфия ше, Әлфия. Бұл кейде ғана емес, әрдайым-ақ кеше ғана құшағында жатқан аңқау алаңғасар жас жігітті, тау тағыларына саят жасайтын жай адамды әп-сәтте, көзді ашып-жұмғанша дегендей, баукеспе ұры, қансыз қарақшы, аты үрейлі тонаушы етіп жібергеніне өзінен-өзі отырып аң-таң, таң-тамаша қалатын. «Тауды-тасты жел бұзады, азаматты сөз бұзады». Әлфия сөзі, оның соңғы тілегі оны осындай жолға салды. Бұл қандай жол, қайда апаратын жол дегенде Әлфия түгіл, Темірдің өзі де жауап беретін халде емес. Кілең табыс, жаппай жеңіс, тосым-тоқтауы жоқ талау мұны есірткен. Мұнда, осы шақта, өзіңнің не істеп жүргеніне есеп берерлік жай жоқ. Басқалар мұның атақ-даңқынан үрей, өлім, олжа-талауды естісе, бұл өзінен қорқатын қауымды құйындатып, жотаға шыға шауып шыға келгенде, көздері алақтап, шытыр жеген түйедей алдында аунап жататындарды көргенде қуанатын. Осы да қуанатын, көңілге медеу етерлік іс пе дегенді ойға алатын шақта емес еді бұл. Өйткені, дітке алғаны үлкен жол үстінде жеңіс пен олжа бола берген соң, жан қинайтын сары сағым ойға, бұл қалай деуге мұрша да жоқ еді.  

Авторы: Сәуірбек Бақбергенов

Қ. Бүйенбай