Қазақ халқы жылқы малына ерекше көңіл бөледі. Тұлпарды ердің қанатына теңейді. Тіпті, қасиетті түліктің түсіне де баса мән берген. Олай болса, жылқы түсіне байланысты атауларды біле жүріңіз.
Қара жылқы. Сырт түгі түбіне дейін шымқай қара, ұшы жылтыр қылшықты боп келуі.
Сары жылқы. Жылқының сыртқы түгі бірыңғай, сары болып келуі.
Жирен жылқы. Сыртқы қылшық түктері бірыңғай сарғыш қызыл болып келуі.
Торы жылқы. Түк бітістері тобылғы түстес, жал, құйрық, сирақтары қара қошқыл болып келгені.
Көк жылқы. Жылқының түктері шымқай көк болмай, көкшіл қылшықты келуі.
Қара көк жылқы. Жылқының сыртқы түктері қара қошқыл болып келгені.
Қызыл көк жылқы. Көк түсті жылқының қылшықтарының ұшы қызыл түстес келгені.
Құла жылқы. Басы мен денесі жылтыр сары, немесе құрым сары реңде болып, аяқтары мен жал құйрықтары қара, арқасынан құйрығына дейін созылған жіңішке қара жолағы бар жылқы.
Ақжал жылқы. Түр-түстері құланға ұқсас болып келетін, бірақ сирақтары мен жал-құйрығы бозғылт немесе боз болып келген жылқы.
Сұр жылқы. Жылқының дене түк бітісі ақ көкшілдеу болып, бас-сирақтары, жал-құйрығы қара келіп, шоқтығынан құйрығына дейін арқасында қара жолағы бар және жауырыны, тірсегі, сирағы кейде көлденең жолақты тарғыл болып тұрады.
Қаракер жылқы. Жылқының жалпы түсі қара болып, тұмсығы мен шабы күңгірт тартып келгені.
Шабдар жылқы. Сырт түгі ақшыл сары болып, жалы бурыл, ақ қыл мен қара қылдың араласып келгені. Бірақ ашық шабдар торыға жақын келгенімен, жал-құйрығы бурыл болады.
Ала жылқы. Жылқының негізгі түгінің арасында ақ жүнді үлкен-кішілі дағы бары.
Шұбар жылқы. Денесінің қылшығы ақ келіп, арасында майда теңбілі (қара, торы, жирен, тағы басқа) бар, не қылшығының басқа түсте болып, арасында ақ теңбілді келген жылқы.
Бурыл жылқы. Жылқының негізгі дене түгінің (қылшығының) арасында жирен, қараторы, біртегіс ақ қылшық араласып келіп, ақ қылшық басы мен аяғында болмайды
Шаңқан (боз) жылқы. Түсі шымқай өте ақ болып келген жылқы.
Баран жылқы. Торы жылқыны айтады. Мұның денесі мен басы шие түстес қызғылт боп келіп, құйрық, жалы, сирақтары қара болады.
Қылаң жылқы. Боз, ақ боз жылқыны осылай деп атайды.