Жәнібек ханның ұлы Қасым хан

Жәнібек ханның ұлы Қасым хан
Фото: 550kazakhan.kz

Жәнібек хан  қазақ хандығының негізін қалаушы, Керей ханнан кейінгі қазақ еленің ханы. Қазақ хандығында ірілі-ұсақты 60-қа жуық хан болса, сол хандар ішіндегі бірі де, бірегейі. Жәнібек хан қазақ хандығын құруда аз тер төккен жоқ. Ол алдымен елінің мүддесін қорғау мақсатында көрші хандықтармен саяси қарым-қатынас жүргізді. Өз хандығын, яғни қазақ хандығын құру үшін Әбілқайыр хан біраз уақыт айқасқа түсті. Жалпы алғанда 1473-1480 жылдар аралығында билік еткен хан Жәнібек халқы үшін көптеген елдермен соғыс жүргізіп, хандықты сақтап қалу үшін орасан зор еңбек етті.

Жәнібектен 9 ұл туған: Жиренше, Махмұт, Қасым, Әдіп, Жаныш, Қамбар, Тыныш, Ұснақ, Жәдік. Аталған ұлдарының ішінде Қасымның орны ерекше. Қасым сұлтан – Жәнібек ханның бәйбішесі Жаған бикеден туған ұлы. Бұрындықтан кейінгі қазақ хандығының ұлы ханы. Ел билеу ісінде халық арасында ерекше құрметке ие болған. Сол себептен халық Қасым билік құрған кезеңді, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп бекер айтпаса керек. Қасым хан 1511-1518 жылдар аралығында билік жүргізген. Дәл осы Қасым тұсында қазақ халқының саны бір миллион болған деседі. Қасым хан Бұрындық ханның жүргізген ел басқарудағы іс-әрекетіне кері саясат ұстанады. Яғни Бұрындықтың негізгі ұстанған саясаты көрші елдерді жаулап алу арқылы өз хандығының іргесін нығайту болса, Қасымның ұстанған бағыты керісінше жаулап алудан гөрі, халықтың тыныш әрі бейбіт өмір сүруін негізгі ұстанымға алған. Егер халық өз жерін жаудан қорғай алатын болса, одан асқан мықты хандық жоқ деп білген. Ол өзі билік жүргізген кезеңде «Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдар жинағын да енгізген. Бұл заңдар жинағы қазақ халқының өмір сүру ережелерінің негізі болған. Жалпы алғанда қазақ хандығы тарихында Қасым ханның алар орны ерекше.  

Ж. Исакаев